Тараз туристерді қарсы алуға тас-түйін дайын

Ел тарихындағы айтулы оқиға «ЭКСПО» көрмесінің ашылғанына бір айға жуықтады. Қазір жер-жерден ағылған туристер Астана қаласын аралап, көрме таңғажайыптарын тамашалауда. Бұдан бөлек, сырттан келген қонақтар өңірлерге де келеді деп жоспарланған болатын. Осы орайда, есепті мерзімде облысқа қанша турис келгенін және оларды қарсы алуда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын жауапты мекемеден білген едік.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-нновациялық дамыту басқармасының туризм бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін өңірге 18 турист келген екен. Оларды күтіп-шығарып салуға белгіленген турфирмалар өңірдің көрнекті жерлерін көрсетіп, көне шаһардың тарихынан сыр шерттіріпті.

-Көрмеге орай «Тараз-Туризм» ақпараттық орталығы құрылып, Елордаға облыс тұрғындарын жеткізу,келген қонақтарды қарсы алу және турфирмалармен жұмыс жүргізуді қолға алды. Қазір осы орталық арқылы туристерге ұсынылатын тарихи орындар, буклеттер, деректі фильмдер, кәдесыйлар дайындалып, өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары, тарихи қойылымдар, қолөнер және суретшілер көрмелерінің тізбегі жасалып, туристік компанияларға ұсынылды. Міне, осы келісім-шарт негізінде және туристік маршрут бойынша турфирмалар жұмыс жасауда. Алғашқы келген қонақтар легі бүгінде Қарахан мен Айша бибі, Бабаджа хатун мен Тектұрмас кесенелері, Көне Тараз тарихи-мәдени орталығын және Төтркүл керуен сарайын аралап көрді. Әзірге туристеріміз қалада бірер күн ғана аялдап, кері қайтуда. Сондықтан ауқымды шаралар ұйымдастырылмауда. Десе де, біз туристердің дені шілде айында ағылады деп күтіп отырмыз. Және тамызда өтетін «Silk Way» және Қытай туроператорларына арналған ақпараттық тур сырттан келетін қонақтардың көшін түзейді деп күтеміз.

Олардың келуіне жоғарыда аталған нысандардан бөлек, «Ақыртас», «Таусамалы» туристік кешендерін, Қали Жүніс моншасы, Баласағұн қалашығы, Қазақ хандығы, «Мәңгілік Ел» монументі мен бірқатар саябақтарымыз бен скверлерімізді әзірлеп отырмыз. Сонымен қатар, қонақтарға облыстық тарихи-өлкетану музейін, қазақ драма театрын, «Баласағұн» орталық концерт залын, Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасын, К.И.Скрябин үй музейін және «Руханият» орталығын аралап шығу ұсынылады. Осылайша өңіріміздің тарихи және мәдени орындарын танытуға басымдық берілуде, -дейді туризм бөлімінің бас маманы Салтанат Төлекова.

Туристердің толқынын Тараз теміржол бекеті де қарсы алуға сақадай сай дайын. Оны біз көзбен көріп, көңіл толып қайтты. Қазір бекеттегі қызметкерлер бірыңғай киім үлгісіне көшіп, анықтама бөлімі күн-түн демей жұмыс жасауда. Сондай-ақ, бірінші маусымнан бастап іске қосылған «Тараз-Астана-Тараз» жолаушылар пойызы жоспар бойынша қатынауда. Одан бөлек, облыс бекеттері арқылы өтіп жатқан пойыздарға қосымша үш тіркеме вагондары жалғанып, келіп-кетушілерге қолайлы жағдай жасалған.

«Әулие-Ата» халықаралық әуежайы да қонақтарды қарсы алуға мықтап кіріскен. Мұнда қазір аптасына он ұшақ «Тараз-Астана-Тараз» бағыты бойынша қатынаса, «Скат» аваикомпаниясы 118 орындық 7 рейс, «АirАстана»90 орындық 3 рейс ұсынуда. Сондай-ақ, қайта жаңғыртудан өткен әуежайда анықтама, тынығу бөлмелерінен бастап, асхана қызметіне дейін заманауи талаптарға сай келтірілген.

Бұдан бөлек, қонақтарды қалаішілік және «Астана-Тараз» бағыты бойынша алып жүру үшін «Dim Dimich & Company» және «Профсоюз турист» ЖШС, сондай-ақ «Марвентур» туристік ұйымы өз қызметтерін көрсетпек.

Ал Елордаға жол тарқан жамбылдықтарға тоқталсақ, қазіргі таңға дейін 8695 өңір тұрғыны «ЭКСПО» көрмесіне барған. Және жуық арада 11 535 Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен барлық топтағы мүгедектерді Астанаға апарып қыдырту көзделуде. Бұдан бөлек, аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері сынды әлеуметтік топтағы және білім, спорт саласының үздіктеріне де жеңілдетілген билеттер қарастырылып отыр. Жалпы үш айдың ішінде 1 00 000 жамбылдық халықаралық көрмені көзбен көреді деген жоспарлануда.

Міне, осылайша көне шаһар «ЭКСПО» көрмесіне барынша атсалысып, қонақтарға құшағын кең ашып отыр. Енді тек тарихи-мәдени орындарда сервистік қызметті жақсартып, туроператорларымыздың тірлігін түзесек болғаны. Сонда ғана Жамбыл облысын жаһанға, көне Таразды төрткүл әлемге танытамыз.

Саятхан Сатылғанов