Қабірде ауысқан мəйіттер

Мына бір әңгімені бізге Қостанай ауданы Затобол кентінің тұрғыны Мариям есімді апайдың аузынан облыстық мешіттің наиб-имамы Бақытжан қажы Икрамұлы жеткізіп отыр.

Ұлты татар болса да, қазақ тіліне судай кейуана өткен ғасырда Колчак әскербасыларының тілмашы болған Абдолла есімді тақуа кісінің қызы екен. Менің әкем жастайынан медреседе оқыған, молданың алдын көрген тақуа кісі болды. Ол кісі Қостанайға баяғыда Колчак заманында келген. Көп әскер қызылдардан қашып, шекара (Қытай) асып кетеміз дегенде, әкем баруды қаламай, Қостанайда тығылып қалып қойыпты. Бұл кісіні арнайы қызметтің адамдары көп іздеп, таба алмады. Біраз бой тасалай жүріп, осы жақтың татар қызына үйленіпті. Бес қызды болады. Әкемнің тақуа болғаны сол, аштық кезінде көмусіз қалған, басқа да жақындары жоқ дүниеден өткен жалғызбасты адамдарды жуындырып, кебіндеп, жаназасын шығарып, Қостанайдың орталығындағы зиратқа апарып, арулап жерлейтін болған. Жерді де өзі қазған. Өлгендердің көбі қазақтар еді. Әйел адам өлсе, шешеме жуғызады.

Осындай тақуа адамның өтірік айтуы мүмкін емес. Кезінде Татарстандағы менің әкем тұрған ауыл сондай діндар, көбі құран аударатын тақуа болған екен. Әкемнің медреседе бірге оқыған ауылдас екі досы болыпты. Олар балташы, ұста екен. Бірде жаздың уақытында екеуі Ресейдің ішкі губернияларына жалданып жұмыс thumb_20150731035259090істеуге кетеді. Орманды, ағашты бір орыстың ауылына барады. Ауылдағы ең бай адам сол елдің дінбасы (поп) екен. Екеуі әлгі попқа келіп, жұмыс сұрайды. Іздегенге — сұраған, дінбасы бұларға сырықтан басын байлап отырып жаңадан үй салып беріңдер дейді. Екеуі жұмысқа кіріседі. Алдымен орманға келіп, ағаштардың түзу өскен жерінен сырық дайындай бастайды. Қабықтарын сыпырып, біркелкі кесе береді. Бір жағынан намаздарын оқып, Аллаға құлшылығын өтеп жүріпті. Әлгі ауылда дінбасының жалғыз қызы болыпты. Бірде жаңағы қыз орман жақта серуендеп жүріп, татар жігіттерінің намаз оқып отырған сәтін көреді. Құлшылық уақыты аяқталып, аналар орындарынан тұрып жатқанда қыз келіп: «Жаңа не істедіңдер?» — деп сұрайды. «Біз құлшылық жасап, намаз оқыдық», — депті екеуі. «Алдарыңда икона жоқ қой, құдайларың қайда, крестерің қайда?» — дейді қыз. Содан татар азаматтар оған ислам дінінде құдай бейнесін суреттемейтінін, құлшылық жасаудың ерекшелігі жайында көп дүниелер айтып береді. Қалай болғанда да, христиан дінінен хабары бар емес пе, қыз ойланып қалады. Өз діні мен мұсылман дінін салыстыра отырып, ислам хақ дін екен деген байламға тоқтап: «Мен сіздердің діндеріңізді қабылдағым келеді», — дейді.

Ол кезде орыстың қыздары да ұзын көйлек киіп, басына орамал тартқан. Не керек, әлгі қыз кәлима-шаһадат айтып, исламды қабылдайды. Ақырындап жігіттерден намаз үйрене бастайды. Ешкімнің көзіне түспей, орманға келіп, намаз оқып жүреді. Күндердің күнінде қыз екі жігітке былай депті: «Мен бала кезден науқаспын. Денсаулығым нашар. Көп ұзамай дүние салатынымды сезіп жүрмін. Кезінде әкем осы менің денсаулығыма қарайлап, ағаш-орманы бар жерге көшіп келіп еді. Алланың қалауымен сіздерге жолықтым. Хақ исламды қабылдадым. Біздің христиан дінінде өлген адамды бар алтын әшекей бұйымдарымен, үстіне көйлек кигізіп, табытқа салып, үш күн азалы әндерін оқиды. Содан кейін барып жерлейді. Ал мен ертең о дүниелік болсам, бұлар мені кебіндеп аруламайды ғой. Енді сіздерге ауыр да болса, мына бір өсиетімді аманат етсем деп едім. Бұлар мені жерлейді. Содан кейін екі-үш күн бойы арақ ішуге кетеді. Сол кезде екеуіңіз келіп, менің қабірімді қазып, сүйегімді алып, кебіндеп, жаназамды шығарып, қайтадан сол жерге мұсылманша жерлеңіздер. Үстімдегі қымбат бұйымдарымды өздеріңізге алыңыздар, бір қажеттеріңізге жарап қалар». Арада аз уақыт өтпей әлгі қыз жан тәсілім етеді.

Жоғарыда айтылғандай, ел-жұрт оны христиан дінінің ғұрыптарына сай жерлейді. Жерлеу аяқталып, барлығы арақ ішуге кетеді. Әлгі екі жігіт зират басына келіп, қыздың аманатын орындау үшін қабірді қаза бастайды. Топырағын аршып, табытты ашып келіп қалса… о, Құдірет! Екеуінің жүрегі қарс айырыла жаздайды: табыт ішінде жаңа жерленген қыз емес, өздерінің ауылдасы татар шалы жатыр екен. Бұл қария кім дейсіз ғой? Ол өмір бойы мұсылмандар арасында тұрса да, ислам дінін жамандап, мұсылмандарды кемсітіп, христиандарды мақтап өткен жан. Құдіретті қараңыз, мұсылман ауылында тұратын шалдың да ажалы мына жақта крест тағушылар елінде тұратын қыздың өлімімен тұспа-тұс келген. Ештеңені түсінбеген балташылар тез табыт қақпағын жауып, бейітті қайтадан ешкім білмейтіндей етіп топырағын толтырады.

Көп ұзамай олар дінбасының үйін салып бітіріп, ақысын есептесіп, елдеріне кетеді. Ауылға жеткеннен кейін бұлардың алдынан менің әкем Абдолла жолығады. Амандықсаулық сұрасып жатқанда, әкем бәленше деген ақсақал қайтыс болды дейді. «Ол шалды қалай жерлеп едіңдер?» — деп сұрайды жігіттер. Әкем болса, кәдімгідей өзіміздің мұсылман салтына сай жерлегенін айтады. Содан жаңағы екеуі әкемді ертіп, мешіт имамына — өздерінің ұстазына барады. Жоғарыдағы орыс ауылында болған оқиғаны түгел айтып береді. Сонда молда былай депті: — Алла Тағаланың құдіреті шексіз ғой. Әркімнің ниетіне, қалауына қарай жасағанын қарашы. Тіпті, қабірдегі мәйіттердің орны ауысып жатыр. Өмір бойы христиандықты аңсап жүрген шал солардың зиратына барды. Ал Алла ниеті түзу қыздың мәйітін мұсылман бейітіне ауыстырған екен.

Қыдырбек Қиысханұлы