«Адалдық қазығы – қанағат!»

Бейберекет жүрістен бір әйелге не еркекке деген адалдық әлдеқайда бағалы. Махаббат – маусым сайын гүл ашпайды. Махаббат гүлі өсіп шығуы үшін жылдар кетеді. Сол гүл өскен сайын адамның тән сұранысынан биіктей береді. Рухани жақындық сезіледі. Көп еркекпен, не көп әйелмен кездесе берген адам махаббат гүлінің бетін ғана көреді. Ішіне үңіле алмайды. Мүмкін жас кезінде қызық көрінер, бірақ бұл да уақытша құбылыс. Үстірт әрекет. Бір қарағанға махаббат бар сияқты, адам санасы қозғалыста болатындай көрінеді. Дегенмен, бұл қозғалыс еш пайда әкелмейді. Рухани жетілдірмейді.
Оған қарағанда бір адамға деген адалдық екеуара түсіністікті дамытып, күн өткен сайын бір-бірінің тереңіне үңілуге, ырық пен ынтасын байқауға жетелейді. Бұл адалдықтың ғажабы мол.
Екі адамның арасындағы қарым-қатынас айна іспетті. Әйел сіздің бойыңызға қарайды да өзінің қайсарлығын табады; еркек әйеліне қарап өзінің нәзіктігін сезеді. Әйеліңді біле түскен сайын – бөгде әлемді тани бересің. Таныған сайын екеуара бүтінделіп, біріге түсесің. Іштегі бас көтерген еркек пен әйел жойылып, бір-біріне сіңіп кеткенде, бір-бірінен ажырамастай болғанда, бүтінделгенде, адам болмысы түгенделеді. Көп жүрістен адам жетілмей, өзін тану айдынының бетінде ғана қала бермек. Өспей қалады. Ал, адам үшін ақыр соңында маңызды болатын дүние – тек рухани жетілу. Бүтіндік, өзін тану жолы әр адамның жүрегінде бар. Маза бермейді. Осы таным жолын түгесу үшін өзіңнің жартыңды тануың керек. Бір-біріңді тануға, іздеуге құлшыну керек. Бір-біріңді сүюдің жаңа жолын, бірге қалудың жаңа себебін, амалын қарастырған абзал. Себебі, әр адам ұшы-қиыры көрінбес, түбі жоқ, тереңін көрсетпейтін құпия әлем. «Мен оны танып болдым» деп ешқашан ешкімге айта алмайсыз. «Тануға тырыстым, бірақ құпия құпия күйінде қалды» дегеннен асырып ештеңе дей алмайтыныңыз тағы анық.
Шын мәнінде білген сайын ол адам сіз үшін құпия бола түседі. Яғни, махаббат деген мән іздеу. Өзгенің бойында жасырынған болмысты тануға ұмтылыңыз. Адамдарды үстірт бағаламаңыз. Әр адам – жұмбақ. Сол жұмбақ әлемге сүңгіген сайын тереңдей бересіз. Бірақ түбін таппайсыз. Себебі, өзгенің әлемі – түпсіз шыңырау.

Бхагван Шри Раджниш

Аударған Шынар Әбілдә

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған