Ажал мен тажал. Оны жасайтын адамның өзі. Сонда қалай?

Әңгімемді бірден мысалдан бастайын. Бір ағамыз бақуатты өмір сүреді. Бір үйір жылқысы, жүздеген қойы, жиырмадан аса сиыры және басқа да қосымша тіршіліктері болды. Шүкір, балалары да өсіп, қыздары бойжетіп, ұлдары ержетіп келе жатты. Тек зайыбынан ерте айырылып қалды. Үйленуге мүмкіндігі болса да, үйленбеді. Қаймана жұрт бұл жөнінде әрқилы әңгіме, өсек өрбітті. Біреулер сараңдығынан деді. «Ертең мына байлықты ол әйел иемденіп кетеді деп қорыққан-мыс» десе, енді біреулер «балаларына зияны тиіп кетер деген қорқынышы болған-мыс» деді. Қалай болғанда да ағамыз ауылдағы ең беделді, ең бай адамдардың бірі еді. Күндердің күнінде ол кісінің бауыры ауырғанды шығарады. Сыздап мазасын кетірген бауырға дәрі ішіп қана қоятын. Аздап басылғандай болғанмен, қайта ауыратын. «Күнде ертеңмен» уақыт өте береді. Жаны ашыған базбір ағайын: «Дәрігерге барсайшы. Әйтпесе бұрынғыдай емес, түрің бозарып барады. Жүдеусің», — деп ескертті. Онда да елең қылмады. Бір жағынан, жалқаулық, екінші жағынан, шынын айтсақ, өзіне-өзі сараңдық жасады. Ота жасаса, пәлен мың ақша төлейтінін есептеп қойды. Кейде көз алды бұлдырап, құлауға таяса да дәрігерге бармады. Бір күні той үстінде машинасының ішінде есінен танып қалды да, дәрігерге жете алмай жолда қайтыс болып кетті. Аллам сақтансаң ғана сақтаймын дейді. Ал сақтанбасаң, ажалың мен тажалыңды өзің жасайсың.

Бұл мысалды ғибрат алсын деп айтып отырмын. Енді тағы бір мысалға құлақ түріңіз. Бір бауырымыздың біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, өз тіршілігі болды. Құрылыста жұмыс істеді. Ақша деген жетеді. Үй іші де риза. Бірақ оның басты кемшілігі —  ішпей-ішпей жүріп, аяқ астынан күні-түні арақ-шарапқа салынып кететін. Кейде он күн, кейде онан да көп жатып тұрып ішеді. Арақты әкелетін кім? Әрине, әйелі. Әкелмесе, сабап тастайды. Әбден шаршаған, қажыған әйелі қолды бір сілтейтін. Соңғы ту-талапай ішіс оның өмірін жалмады. Жарты ай әдемі үлкен үйінің алдындағы шағын сарайға кіріп алып, әйдә кеп сілтеді. Ақыры сол сарайдан өлігі шықты. Оған тажал болып келген бөтелкелер сарайда үйіліп жатты. Бұған ұқсас мысалдар жетерлік. Дегенмен біреуін қысқаша айта кетейін. Бір ініміз де осы қара жолды таңдады. Ауылдағы әп-әдемі үйін сатып, Алматыға келді. Бірақ ол ақшаны араққа салды. Арақ-тажал әп-әдемі отбасының шаңырағын күйретті. Әйелі бір жақта, балалары әр туысын сағалады. Бұл жігіттің қолынан бәрі келетін. Өкінішке орай, арақты «дос» тұтқан қайран жігітіміз қазір ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Я өлі емес, я тірілердің санатында емес…

Жоғарыдағы сөз еткен мәселелер жөнінде бұрын да жазылып айтылып жүр. Қазақты құртып, тұздай жойып жатқан да осы жалқаулық, бойкүйездік. Әсіресе қазекең қашан ауру жанына қатты батқанда ғана дәрігерге барады. Ісік ауруы —  (рак) емдеуге болмайтын ауру. Бірақ оның өзін енді басталып келе жатқанда емдетсең, көп жылдар өмір сүруге болады екен. Басқа аурулар да солай. Алдын ала емдел. Уақытында спортпен айналыс. Ауру сонда тажалға айналмайды.

Қазақ қоғамы да қазақтың өзінен аумайды. Арақтың тажал екенін әу бастан білдік. Алайда бұрынғыдай емес, жаппай ішіс тыйылды. Халал тойлар көбейді. Бұл — жетістігіміз. Ендігі бір зор қауіп — есірткі. Бұған әу баста мән бермедік. Елімізге аяқ басқан кезде оны әкелушілерді қатаң жазалап, жолатпауымыз қажет еді. Қазір ол тажалға айналды. Қалың қазақтың ішіне арамшөп тәрізді тамыр жайды. Онымен бірге СПИД деген жазылмас ауру тажал келіп, қазақты жалмап жұтып жатыр. Жезөкшелік те сондай. Қыздарымызды еркіндікке жібердік. Бабамыздың «қызды қырық үйден тыю» деген ескертпесін ескермедік. Енді не болды? Қыздарымыз көзіміздің күйігіне, тажалға айналды. Өздері ауырғанымен қоймай, иманы әлсіз жігіттерімізді небір жыныстық ауруларға ұшыратып, баудай түсіріп жатыр. Сол қыздарымыз кім көрінгеннің жетегінде кетіп, бізді тірідей өлтіріп, қазақтың емес, өзгенің санын көбейтті. Сол қыздарымыз жартылай жалаңаштанып, ұлтымыздың иманы мен дәстүрін таптап жатқанын көріп, күнде «өлеміз». Сол қыздарымыз көлденең көк аттыдан жүкті болып, түсік тастатып, өз сәбиінен жеріп, жетімдер қатарын көбейтіп жатыр. Бұларды қалай тажал демейсің?..

Дін туралы заң шығардық. Елімізге сол заңды жамылып, жат секталар қаптады. Қазақ баласының көбісі оңы мен солын айыра алмаған күйі сол секталардың бодауында кетті. Олар өз ұлтына қарсы шықты. Сирияға аттанып, өзгенің жерін қорғады. Адамдарға өмір емес, өлім сыйлады. Шіркін, сіз болып, біз болып секталарды ауыздықтап, адасқан балаларымызды дер кезінде дұрыс жолға салғанымызда, мұндай қасіретке ұшырамас едік. Қазір сан мыңдаған балаларымыздан тірідей айырылып отырмыз. Олардың өз қазағына тажал болып, қауіп төндіріп жатқанын кеш сезіндік.

Біздің елімізде жемқорлар мен парақорлар көп. Олар қайдан пайда болды? Оларды мемлекет те, халық та, қоғам да жек көреді. Басқа — басқа, олардың дені мемлекеттік қызметкерлер. Әу баста олардың қатары аз болатын. Сол кезде көңіл аудармадық. Олар алдымен өз ауылдарын, ауылдастарын тонады. Үндемедік. Ресейден тамыр үзген зауыттар мен фабриктерді тонады, үндемедік. Қасиетті жерімізді бөліске салды. Үндемедік. Араны ашылды. Қорқуды қойды. Себебі заң қызметкерлерінің көпшілігін осы ауру дендеді. Бас уәзірге дейін уланды. Олар ел байлығының тажалына айналды. Енді оларды тоқтататын күш бар ма?

Қайдам, қайдам?.. Айта берсең, бізде тажалдар жетеді. Тажалдардың тажалдары Ресей мен Қытайдың қаупі де күн өткен сайын күшейіп келеді. «Ауруын жасырған өледі» демекші, біз жаманшылықтарымыздың, кемшіліктеріміздің бәрін жасырғымыз келеді. Жақсылықтар жоқ емес, бар. Жетістіктеріміз де жетерлік. Ал кемшіліксіз адам, қоғам мемлекет болмайды. Оларды дер кезінде түзеуді жолға қойсақ, қазақ жұрты бұдан да зор мемлекетке айналар еді. Елбасымыздың рухани жаңғыруы дегеніміз алдымен жан дүниеміздегі, қоғамымыздағы кемшіліктерді түзеп, ауруларымызды емдеп, тажалдарымызды тезге салу деп білемін. Сөз түзелді, ендеше, біз де түзелуге тырысайықшы, ағайын! Ауруымызды алдын ала емделік.

 

Ертай Айғалиұлы 

“ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN” газетінің бас редакторы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған