«Азаматтарға арналған үкіметке» жұмысқа орналасуға ниеттілер  тестілеу орталығына жүгінуі тиіс

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бос лауазымдарға орналасушыларды жұмысқа қабылдау ретін өзгертті. Енді бос жұмыс орындарынан үмітті азаматтар алдымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметтерді тестілеу орталығына жүгінуі керек.

Бұдан бұрын конкурсқа қатысушы азаматтар екідеңгейлі іріктеуден өтіп, тестілеуді корпорацияның өзінде тапсыратын. Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспановтың айтуынша, бұл өзгеріс қызметкерлерді қабылдауда ашықтықты қамтамасыз етіп, қандайда бір сыбайластық фатілерінің алдын алады. «Корпорациямызда 20 мыңға жуық қызметкер еңбектенеді. Бізде жер кадастры, жылжымайтын мүлік департаменттері, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі, агрохимиялық топырақ зерттеу және кешенді іздестіру жұмысымен айналысатын филиалдар бар, оған қоса 300-ден аса халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда білімі мен біліктілігі жоғары қызметкерлер жұмыс істесе дейміз. Сондықтан болашақ жұмысшыларды іріктеу барынша ашық өткенін қалаймыз», – дейді басқарма төрағасы.

Бос жұмыс орындары туралы ақпарат корпорацияның gov4с.kz және enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланады. Тестілеу орталығында үміткерлердің Қазақстан Республикасының заңдары бойынша білімі тексеріліп, тиісті деңгейден өткен жағдайда сертификат беріледі. Екінші кезеңде олардың жеке іскерлік қабілеті бағаланады.

Үміткерлер хабарландыру шыққан уақыттан бастап 7 күн ішінде жеке басы мен еңбек өтілін растайтын құжаттарын және тестілеуден өткені жөніндегі сертификатты тапсыруы тиіс. Бос лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына үміткерлер сай келген жағдайда «Азаматтарға арналған үкіметтің» конкурстық комиссиясымен әңгімелесуге шақырылады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша білім деңгейін растайтын тестілеу орталығының сертификаты 1 жылға жарамды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған