Азаматтық істерді татуластыру рәсімдері арқылы да шешуге болады

Ағымдағы жылдың 01 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген   Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік Кодексінің 17 тарауына бұрын болмаған татуластыру рәсімдері енгізілді.

         Бұл тарауда тараптарды татуластыру мәселелеріне аса маңызды назар аударылған. Татуластыру рәсімдері  бөлек тарауында татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін жасау сияқты тараптардың татуласу әдістері нақты реттелген. Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап  тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігін де реттей алады.

         Өткен ғасырларды елімізде Азаматтық процестік кодексі институты болмаған кезде сол уақыттың соттары, яғни билердің негізгі міндеті дауласушыларды дауластыру емес татуластыру болғандығын тарих мәлімдейді.

Осындай дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу жөніндегі тарихпен салынған жолдар жаңа Азаматтық процестік Кодекстің жаңа тарауы дайындаушылар, қабылдаушы институты жағынан зерттеле отырып қабылданған.

         Татуластыру рәсімдері жаңа Кодекстің 174-182 баптарымен қамтылған.

Кодекстің нақты талаптарына тоқталатын болсақ: сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе,  жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез -келген ісі бойынша берілуі мүмкін. Татуласу келісімін сот бекітеді.

        Сонымен қатар, татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және заңға қайшы келмеуге тиіс.
       Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қоя алады.
      Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.

       Осы тарауда көзделген тағы бір жағдай татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды, егер орындалмаған  татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

         Дауды сот шешімінсіз татуластыру рәсімдері арқылы шешудің тағы бір түрі – дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу.

Азаматтық істер бойынша дауды медиация арқылы реттеу қолданыстағы «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және  Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексінің  176177 баптарының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

        Мұндай реттеуді кәсіби медиатор немесе тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін. Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.

      Жоғарыда аталған азаматтық іс бойынша дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге тоқталсақ,  тараптар   сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы. Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

       Тараптар татуласу келісімін жасасса немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасап, оны сот бекіткеннен кейін, қозғалған  iс бойынша іс жүргізу  тоқтатылады (қысқартылады).

Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаудың тараптарға тиімділігі, олардың талап беру кезінде мемлекеттік бюджетке төлеген  мемлекеттік  баж сомалары қайтарылады.       

Статистикалық мәліметке жүгінетін болсақ, 2016 жылдың қаңтарында Ақтау қаласы № 2 сотында 8 709 іс қаралып, аяқталды, оның ішінде 195 азаматтық іс бойынша дау медиация тәртібімен, 79 іс бойынша дау татуласу келісімімен шешілген.

              Мысалы, Ақтау қаласы №2 сотында И.- деген азаматтың Е.- және Б. – деген азаматтарға берген жол-көлік оқиғасы бойынша автокөлігіне келтірілген шығынды өндіру туралы дау медиация тәртібімен шешілді.

              Талапкер талап арызында өзіне келген 188 050 теңге шығынды өндіруді сұрап, ол жөнінде тиісті дәлелдемелерді сотқа ұсынды. Алайда, сот мәжілісінде тараптар дау медиация тәртібімен реттеу барысында талапкер өзіне келген 188 050 теңге шығын көлемін 150 000 теңгеге дейін азайтып, ол соманы 3 айдың ішінде бөліп төлеуге жауапкерлерге мүмкіндік берді.

 Екінші мысал, М.-деген азаматша         Н.-деген азаматқа берген ортақ меншіктегі пәтердің ¼ үлесін өндіру туралы талап арыз  істі сот талқылауына әзірлеу жүргізу барысында медиация тәртібімен шешілді.

Талапкер сотқа жүгінген талап арызында,  ортақ меншіктегі Ақтау қаласы, 27-53-43 пәтердің ¼ үлесін 7 019 250 теңге өндіруді сұраған. 

              Алайда, сот мәжілісінде тараптар дау медиация тәртібімен реттеу барысында талапкер  талабының мөлшерін 3 500 000 теңгеге азайтып, ол соманы  28 қаңтар 2017 жылға дейін төлеуге мүмкіндік берді. 

              Көрсетілген жағдайлардан дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу кезінде тараптарға өздеріне тиімді және ыңғайлы жағдайларды бір -бірімен келісуге мүмкіндік болатындығы көрінеді.

         Азаматтық істер бойынша дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу  мәселесі Ақтау қаласы №2 сотының ұжымында үнемі талқыланып, басты назарда болады және азаматтар, кәсіби медиаторлар, адвокаттар алқасы, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдерінің қатыуларымен семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп отырады.

          Қазіргі таңда Еліміздің мақсаты – еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам құру. Бұл жағдайда жеке және заңды тұлғалардың арасында туындаған даулар бітімгершілікпен, немесе медиация, партисипативтік тәртібімен келісім арқылы шешіліп жатса, дауласқан тараптардың ұтпаса, ұтылмасы анық, сондай-ақ алдағы уақытта араларындағы сыйластықтың нығайуына бірден – бір септігін тигізеді. 

 Қ.Қ.Бозшагулов, 

   Ақтау қаласы №2 сотының судьясы      

                                                          

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған