Азат Перуашев: ҚР Азаматтығын алғысы келетіндер мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс

Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Қазақстан азаматтығын алу үшін Қазақстан тарихын, мәдениетін және мемлекеттік тілінен емтихан тапсыру қажеттігін енгізу туралы ұсыныс айтты. Оны әркім әртүрлі қабылдады. Дегенмен, бүгінгі әлемдік үдеріске қарап тұрып, бұл туралы ойланатын уақыттың таянғаны байқалады. Осы ретте мәжіліс депутатына бірнеше сауал қоюға тура келді.

— Азат Тұрлыбекұлы, сіз мінберден билік тізгінін ұстаған басшыларға Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін тіл мен Конституцияны білуіне емтихан енгізуді ұсындыңыз. Осы жайлы айтыңызшы.

— Елбасының бейбіт саясаты мен экономикалық реформалары арқасында Қазақстан жағдайы нашар елдер үшін тұрақтылық мекені болып тұр. Осыны есепке алып, көші-қон жағдайын тұралатпай, керісінше оны реттеу мен ұлттық бірлікті сақтау шараларын дайындау керек деп ойлаймын. Ең алдымен «Азаматтық туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, азаматтық алғысы келетіндер үшін Қазақстан Республикасының Конституциясын, мәдениеті мен тарихын, тілдік саясатын білу бойынша емтихан нормаларын жасау керек. Бұл — уақыт талабы.

— Сіздің бұл ұсынысыңызды басқаша түсініп қалатындар болуы мүмкін ғой. Оларға не айтар едіңіз?

— Менің сөзімнен қандай да бір кемсітушілік көріп тұрсың ба? Әлде ұлтшылдық байқала ма? Алла Тағала «сақтансаң ғана сақтаймын» деген. Егер менің ұсынысым ескерілсе, 10-бапқа сәйкес Республика азаматтығының дәрежесі артады ғой. Сосын терроризм және ұлттық мүддеге зиян келтіргендер азаматтықтан айырылады. Өздеріңіз де білесіздер, Еуропадағы бүгінгі жағдай тым қиын. Соғыс өрті тұтанған елдерден қашқан-пысқандар көші-қонның артуына әкеп соқтыруда. Қабылдаушы елдер бюджеттен артық шығын шығарып, қарызға белшеден батуда. Ол елдердегі денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға салмақ түсіп, жұмыссыздық артып, қылмыстық жағдай ушығып тұр. Біз олардан сабақ алуымыз керек.

— Өзге жұрттың адамдарының біздің елдің азаматтығына өтуінің тағы қандай кері әсері бар деп ойлайсыз?

— Жасырмай-ақ қоялық, тілі мен діні бөлек мигранттардың елімізге көптеп келуі ұлттық бірлікті сақтауға зиянын тигізеді. Сүттей ұйып отырған елімізге бұдан асқан қандай қасірет болмақ емес. Сол үшін де емтиханнан өткізіп, қазақ елі туралы білсін деп отырмыз ғой.

— Азаматтық алу үшін емтихан тапсыру әлемдік тәжірибеде бар ма?

— Азаматтық алу оңай болмауға тиіс. Мен білетін дамыған елдерде азаматтық алу үшін емтихан тапсыру — бұлжымас заң. Оның үстіне олар ақылы болғандықтан, бюджетке шығын келтірмейді. Керісінше кіріс болады. Тіпті кей елдерде мұндай емтихандарды азаматтық алғысы келетіндер ғана емес, еңбек мигранттары да тапсырады. Бір қызығы, бұл тіл мен дәстүр білмей, жергілікті тұрғындармен қақтығыс болмау үшін де жасалады екен.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Р.S. Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің Қазақстан азаматтығын алу үшін емтихан тапсыру туралы ұсынысына ҚР Әділет министрлігі жауап берді. «Бұл — өте қызық ұсыныс. Көп елдің тәжірибесінде бар. Бірақ бізге бұл мәселені түбегейлі талқылап, артық-кем тұстарын таразылау керек. Қазірше Әділет министрлігінің бұл ұсынысқа қатысты ойы мен ұстанымы туралы айту ертерек», — деді ОКҚ-да өткен брифингте ведомство өкілі Олжас Рамазанов.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған