Азғындық рухани жұтаңдықтан туады

немесе сенатор келтірген жан түршігерлік деректер бойынша Үкімет қандай шараларды қолға алуы тиіс.

Азғындық көбейді. Қазақ қазақ болғалы бесіктен белі щықпаған балаларды азғындату деген болмаған нәрсе. Қайдан келді? Адамдардың құлқы неге осынша өзгерді. Екі жылда балалар мен жасөспірімдерге қатысты 8439 қылмыстық тәртіп бұзушылықтардың орын алуы, оның 2820-сы балаға жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс болуы дабыл қағуды, шұғыл шара қолдануды қажет ететін төтенше мәселе. Осының бәрі құндылықтарымыздан айырылып қалғандығымыздың кесірі. Ешбір адамгершілік құндылықтарын бойға сіңірмейтін сериалдар қаптады. Бала түгілі, сол идеологиялық экспансия үлкендердің өзін азғындатты. Қызына қырық үйден тыйым қоятын қазақы тәрбие ескілік саналды. Ажырасу мен көше бойлаған жезөкшелік қалыпты нәрсеге айналды. Ғасырлар бойы ұлтты ұйытып келген тәрбие мен ұлттық менталитеттен мән кетті. Осының кесірінен өрімдей жастарға қатысты қылмыс көбейді. Дабыл қаға отырып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған сенатор С. Айтпаева келтірілген деректерден жан түршігеді.

«Ресми деректер бойынша, биыл жыл басынан бері кәмелетке толмаған жастарға қатысты 267 қылмыстық тәртіп бұзушылық тіркелген. Олардың 71-і ауыр және 21-і ерекше ауыр қылмыс. 3 бала қаза болды. 24 жағдайда денсаулығына ауыр және орташа зиян келді.
12 зорлау, жыныстық сипаттағы 7 зорлық, 16 жасқа толмағандармен 57 жыныстық қатынас, балаларды азғындатудың 17 оқиғасы, жезөкшелікке тартудың 2 дерегі тіркелді. Қарақшылық, тонау, жәбірлеу, қауіпте қалдыру, тәрбиелеу және оларды бағып-қағуға қаржы төлемі жөніндегі міндеттерін орындамау да бар. 14 бала өлімге бас тікті, 100-ден астамы заңды бұзды.
Біздің елімізде 2015-2017 жылдары балалар мен жасөспірімдерге қатысты 8439 қылмыстық тәртіп бұзушылықтар орын алды, оның ішінде 2820 бала жыныстық сипаттағы қылмыстарға душар болды.
Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлау сипатындағы қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдардың саны көбейді (2015 ж. – 182, 2016 ж. -267, 2017 ж. – 395). Тәрбиелеп түзету мекемелеріндегі адамдардың елеулі бөлігі мейірімділік, аяушылық, пәктік, кішіпейілдік, адалдық, жауапкершілік ұғымдарының мән-маңызын түсінбейді. Кәмелетке толмағандарға қатысты еш себепсіз қылмыстар туралы да мәліметтер бар. Онда бір сәттік сезімге бөлену үшін, яғни, азғындық әрекет арқылы рухани жұтаңдық пен адамгершілік тұрғыда азғындау көріністері белең алды. Бұл жағдайлар назар аударуды талап етеді және алдын алу әрекетін жасауға ықпал етуі тиіс.

Осы ұрпақ 2020-30 жылдары Қазақстанды қалыптастыратын болады. Бұл біздің адами капиталымыз, әлемнің келешегі, әлеуметтік жаңғырудың бірінші кезектегі шынайы ахуалы. Статистика комитетінің болжамы бойынша, 2016 жылдан 2026 жыл аралығында жыл сайынғы халықтың өсімі бірте-бірте төмендей бастайды, өйткені, дүниеге бала әкелудің көш басына өткен жүз жылдықтағы 90-шы жылдардың ортасында дүниеге келген саны аз ұрпақ келеді. Қазақстандағы бала туудың бәрін қосқандағы коэфифиценті 2014 жылғы 2,74 көрсеткішінен 2050 жылы 2,1 көрсеткішіне дейін төмендейді. Балаларды есірткіден, ерте және оңды-солды жыныстық қатынастан шектеу адамгершілік, денсаулық, өмірлік мәселелер ғана емес, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне де айналып отыр.
Қазіргі кезде елімізде 5 миллион бала бар, біздің балаларымыз дарындылығы (білім, зердесі) бойынша әлемнің 100 еліндегі құрдастары арасында 12 орын алады. Олар дені сау әрі бақытты болғысы келеді, армандары да сол. Мемлекеттің, қоғамдық институттардың және жергілікті атқарушы органдардың қатысуынсыз олардың мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес.
Біз балалардың қауіпсіздігі мен олардың қорғалуы туралы көптеген істердің атқарылғаны туралы айтып жүрміз. Ана мен балалардың өлімін азайту жөніндегі мыңжылдық мақсаттарына қол жеткіздік. Балалар әлеуметтік қорғау нысаны ретінде заң жүзінде бекітілді.
Соңғы жылдарда Қылмыстық кодекске, Қылмыстық-процестік кодекске қолданыстағы ережелерді жақсартатын елеулі өзгерістер енгіздік. Қылмыстық кодекске сәйкес, балаларға қатысты зорлау немесе жәбірлеуге өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза беруге болады. Әрекетіне өкінуіне, татуласуына байланысты шартты түрде соттауға, рақымшылық жасауға, шартты-мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Отбасындағы кәмелетке толмағандардың тәртіп бұзуының алдын алуымен тікелей айналысатын жергілікті полиция қызметінің мәселелері бойынша арнайы заң қабылданды. Дағдарыс орталықтары, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары, сенім телефондары жұмыс істейді. Бас прокуратурада кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмысы үшін сотталған адамдардың мәліметтер базасы жасалды. Бостандықта жүрген ондай адамдар туралы ақпарат мұндай қылмыстар қайталанбау үшін баршаға қол жетімді ресурстарға салынып қойылды.
Дегенмен, уәкілетті органдар қабылдаған шаралар жеткілікті болмай отыр. Мұның бәрі өткір мәселенің себептерімен емес, салдарымен күресті ғана еске салады. Өзін жәбірлеушілермен бірге тұратын жасөспірімдер күн сайын жыныстық сипаттағы қылмыстық тәртіп бұзушылықтарға душар болып отыр. Ол қылмыс туыстары немесе сенімге кірген адамдар тарапынан жасалуда. Балаларға қатысты болғандықтан көптеген қылмыстар жабулы күйінде қалып келеді, немесе отбасындағы ішкі жағдай ретінде ешкім араласпағандықтан еш жерде тіркелмейді.
Мәселен, еліміздегі жаңалықтар желісінде 35 жастағы әйел өзінің шешесі 7 жасынан жезөкшелікке итермелегені туралы ауыр тағдыры туралы айтып берді.
Соның кесірінен, қазір де, ана-анасының, қоғамның, Отанының алдындағы міндеттері емес, бала құқықтарына баса назар аударғанда да балаларды қорлау, баланы өз ата-анасының өлтіруі секілді аса ауыр мәліметтер бар. Бұл ретте адамның, тұлғаның адамгершілігі, ішкі жан дүниесі, іңкәрлік пен аяныш сезімдері жойылып кетпей ме?».
Сенат депутаттары С. Айтпаева, Д.Құсдәулетов, Р.Әбдікеров, В.Волков, М. Тағымов, Р.Түсіпбеков қоғамды қобалжытып отырған түйткілді мәселені Үкімет башысының назарына сала отырып, шұғыл шаралар қолдануды талап етті. Нақтырақ айтқанда:
Бірінші, министрліктер мен мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық институттардың балалар өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру және ұйымдастыру-басқару шараларын күшейтуді;
Екінші, кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулық сапасын арттыруды негіз ретінде экономикалық, әлеуметтік мәселелердің, рухани-адамгершілік дамудың тепе-теңдігіне қол жеткізудің кешенді және жүйелі әдістері ретінде жаңа бағдарламалық құжаттарға сәйкес заңдарды және заңнан кейінгі нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруді;
Үшінші, балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне орай интернеттегі теріс ақпараттық ықпалдан қорғауға ерекше назар аударуды талап етті.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жергілікті жерлерде олардың бас уақытын тиімді өткізуді дұрыс ұйымдастырмаудан болып отыр. Ауылды жерде жастарды әртүрлі спорттық , мәдени, басқа да үйірмелерге тарту жоққа тән. Спорттық немесе сауықтыру кешендері бар болса, ақылы. Ондай жерге жұмыс істемейтін, ақшасы жоқ жастар бара алмайды. Жиналып арақ ішеді, әртүрлі қылымыстық әрекеттер жасайды. Әр аауылдың, ауданның әкімі үздіксіз спорттық басқа да жарыстар өткізіп тұрса, жастарды тартса, олардың қылмытық әрекеттерге уақыты да болмас еді.
Әрине, Үкімет бұл мәселені қолға алар. Жасөспірімдер мен балаларға жасалатын қылмысты болдырмау, алдын алу мақсатында қандай шаралар жасалатыны туралы жауабын да берер. Басты мәселе – тек Үкімет атқаратын шараларда ғана емес. Бұл зұлматтың алдын алуға әр адам, ата-ана, бүкіл қоғам атсалысуға тиіс. Азғындаудан арылудың бір жолы ұлттық тәрбие құндылықтарын қайта тірілту болмақ.

Әділбек ҚАБА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған