Айбек Нұғымаров: Мен ешқашан қарсыласымнан қашқан емеспін

Елордада өткен Халықаралық «ЭКСПО — 2017» мамандандырылған көрмесі аясында спорттық шаралар аз болмады. Соның бірегейі қазақ күресінен өткен «Әлем Барысы  — 2017» абсолютті чемпионаты десек, артық айтқанымыз емес. Әлемнің апайтөс балуандары «Барыс-Аренаның» бозкілеміне шыққанда бес бірдей бауырымызға жанкүйер болмаған адам кемде-кем.

«Әлем Барысының» салтанатты ашылуына дейін іріктеу кезеңінің өткенін айта кеткен жөн. Финалдық кезеңде өнер көрсетуі тиіс мықты 32 балуанның қатарына Айбек Нұғымаров, Дәурен Нұралиев пен Айбат Сейтен тікелей жолдама алса, биылғы жаңа әрі жас «Қазақстан Барысы» Еламан Ерғалиев аталмыш жарысқа бес күн қалғанда 38 жасқа толған камерундық Долассем Диюдонды, тәжірибелі балуан Ержан Шынкеев Иран Ислам Республикасынан келген Музами Фар Вахидті айқын жеңіп, мықтылар сапына қосылды. Сөйтіп, ресми түрде турнирдің жалауы желбіреп, қазақ күресін серік еткен апайтөс балуандардың бәсекесі басталып та кетті. Финалдық кезеңнің алғашқы айналымы Дәурен Нұралиев үшін ғана сәтсіз болды. Ол өзінен төрт жасқа үлкен, алайда салмағы он келіге аз, өте тәжірибелі спортшы өзбекстандық Мухсин Хисомиддиновке есе жіберсе, Айбек Нұғымаров поляк балуаны Петр Томаш Талачты, Айбат Сейтен аргентиналық Лучиано дел Рионы 3 минут ішінде тізе бүктіріп кетті. Ал Еламан Ерғалиев пен 34 жастағы Оңтүстік Корея балуаны Бионгва Лидің күресі олардың таныстыруларынан әлдеқайда тез бітті. «Баста!» деген төреші бұйрығынан кейін Еламан кәріс ұлтының өкілін бірден алып жықты. Жауырыны жер иіскеген Ли де, оның бапкері де, жанкүйерлер де 8 секундқа созылған «айқастың» басталмай жатып біткеніне таң қалысты. Сондай-ақ, жарысқа үкілеп қосқан бесінші балуанымыз Е.Шынкеев те білгенінен жаңылмай, эстониялық Дмитрий Леппті шүбәсіз жеңді. Айтпақшы, жарысқа қатысушы ең алып балуан, салмағы 175 келі тартатын Жаңа Зеландиядан келген Чико Реремоана латвиялық жас күресші Никита Бондарспен белдескен болатын. Бойының да, салмағының да, тіпті, жасының да кішілігіне қарамастан, Никита Чиконы бас-аяғы 2,5 минутта қапыда қалдырды. Сумо спортына машықтанған Чикодай алыпты алып жығарын жақсы білген латвиялық өрен айлаға көшті. Итере бергенге үйреніп қалған сумошыны кезекті бір «қозғалысында» аяғынан шалған Никита айқын жеңіске жетті.

1/8 финал Айбек Нұғымаров пен өзбек Мухсин Хисомиддинов жекпе-жегімен басталды. Екеуі де «ежелден табан аңдысқан» балуандар екенін мамандар қанша мойындаса да, жеребенің көзі соқыр болды дейді. Бір-бірін басқадан артық танитын қос балуан ақырғы сәтке дейін әдіс жасай алмай шаршаған-ды. Ұпай санымен сан соқтырып кеткен Айбекке жеңістің берілуі әділетсіз деп тапқандар аз болмады. Бұдан кейін турнирді тәп-тәуір бастаған украин Антон Рудниктің жолын Еламан кесті. Қонақты бір минутта таза жеңген Еламан ширек финалда Айбек Нұғымаровқа қарсылас атанды. Турнирдегі ұзаққа созылған жекпе-жек Айбат Сейтен мен грек балуаны Тенторе Масманидис арасында өтіп, шын мықтыны анықтау оңайға соқпады. Соңында төрешілер қоян-қолтық белдесуге балуандарды қайта шақырып, кездесу тағдырын шешті. Бұл жолы Тенторе тізгінді бірден қолына алып, Айбатты қапыда қалдырып кетті. Сондай-ақ, осы айналымда Ержан Шынкеев турнирде «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болған сириялық Гассан Хебаны тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алды.

Әрине, үш бірдей балуанымызды жеңімпаздар тұғырынан көргіміз келгені рас.

Дегенмен, ширек финалда Айбек пен Еламанның жолы түйісіп, биылғы «Қазақстан Барысы» төрешілердің шешімімен «Қазақстан барысы» жеңіліс тапты. Сөйтіп, А.Нұғымаров жартылай финалға шығып, моңғолиялық қандасымыз Серік Бердімұратқа қарсылас атанса, Е.Шынкеев армян балуаны Акоб Аркеляннан айласын асырып, дзюдодан Еуропаның жаңа чемпионы грузин Гурам Тушишвилимен финалға жолдаманы сарапқа салатын болды. «Әлем Барысындағы» үздік төрт балуанның есімі белгілі болғаннан кейін түрлі болжамдар айтылғаны рас. Дегенмен, жүлдегерлердің есімін балуандардың бәсекесі анықтап берді. Мәселен, Айбек пен Серік жекпе-жегі шиеленіске толы болып, Моңғолия спортшысының ұтылуы көпшілікке көзбояушылық ретінде көрінгені жасырын емес. Тіпті, Серік Бердімұрат төрешілермен келіспей ұзақ жүріп алды. Бірақ Айбек қарсыласын таза жеңбесе де, жарыстан кейін бас төреші Шалқар Жоламанов айтқандай, «ережеге сай жеңімпаз атанды». Сонымен қатар, екінші жартылай финал жекпе-жегінде Ержан Шынкеев Гурам Тушишвилиді жеңе алмады. Жуырда ғана дзюдодан өткен әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтқан Ержан «Әлем Барысында» чемпион болуды көздеген еді. Алайда грузин балуаны өзінің тегіннен-тегін Еуропа чемпионы болмағанын дәлелдеп, бір жағынан жарыста алған жарақатымен жүрген Ержанды алып ұрды. Десе де, қола жүлде үшін өткен белдесуде көңіл күйі тым төмендеп кеткен Серіктің Ержанды жеңуге шамасы жетпеді. Қазақстандық балуан таза жеңіске жетпесе де, С.Бердімұратты ұпай санымен ұтып, жүлдесіз қалдырды.

Ал финалда Айбек Нұғымаров еш күмән тудырмастан қарсыласын таза жеңді. Бірер минуттай аңдысқан қос балуан, екі минуттан кейін ашық шабуылға көшкен. Кезекті қадамында Айбек Гурамды уысында ұстаған күйі жамбасқа салып, екі аяғын аспаннан келтірді. Сөйтіп, «Әлем Барысының» алтын белбеуі мен 15 миллион теңге Айбекке бұйырса, грузин балуаны күміс белбеу мен 5 миллион теңгені, Ержан Шынкеев қола белбеу мен 3 миллион теңгені еншіледі. Сондай-ақ, үздік ондыққа кірген балуандар да қаржылай марапатқа ие болғанын айта кетейік.

Ел-жұрт болып балуандарды марапаттағаннан кейін, әдеттегідей жеңімпаздар тұғырынан көрінген спортшылармен баспасөз мәслихаты өтті. Бәріміздің де білгіміз келгені жартылай финалдағы Айбек пен Серік арасындағы белдесу болатын. Ол туралы міндетті түрде сұралатынын жақсы білетін жарыстың бас төрешісі Шалқар Жоламанов былайша үн қатты:

Қазақ күресінің ережесі бойынша қамшы тастаған тараптың қарсылығы қанағаттандырылмаса, қарсыласына бір ұпай беріледі. Жекпе-жектің соңына қарай Серіктің бапкері ортаға қамшы тастап, уәжін жеткізген болатын. Бірақ оның айтқаны негізсіз болғандықтан, Айбекке бір ұпай бердік. Бұл бұрыннан түсіндіріліп келе жатыр. Бәріміз куә болғандай, Серік өзінің наразылығын білдірді. Бірақ кейін бапкерлерімен бірге ымыраға келіп, кешірім сұрады.

Ал «Әлем Барысының» финалына екінші рет шығып, бұрынғы қателігіне түзету енгізген Айбек Нұғымаров:

Жеребе алдын ала тартылса да, маған бұйырған қарсыластар оңай болған жоқ. Оны өздеріңіз де байқадыңыздар. Жарысқа дейін он бес күн осында тыңғылықты дайындалдым, шама келгенше күрестім. Өтірік уақыт өткізіп, қарсыластан қашып, төрешілердің маған жақтасқан жері жоқ. Қазақ күресін серік еткеніме 15 жыл болса, осы уақыттан бері қарсыласымнан ешқашан қашып күрескен емеспін, күреспеймін де! деп қысқа қайырды.

Еске салайық, қазанның 27-сі Астанада қазақ күресінен кезекті әлем чемпионаты өтеді. Аталмыш турнирді төрт рет жеңіп, екі рет финалында ғана сүрінген Айбек Нұғымаров бұл жолы да ел намысы үшін барымды саламын деп бекініп отыр.

Ермұрат Назарұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған