Айдос Сарым: Жаңа әліпбиге өту – ұлттық нартәуекел

Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланып, қоғамда талқыланып жатқанына үш айдан астам уақыт өтті. Бұл ретте Елбасының мақаласында атап көрсетілген бағыттарға қатысты қоғамда ұлттық консенсус толық қалыптасты десек, латын қарпіне өту туралы мәселеде әлі де болса қобалжу бар сияқты. Осыған орай баспасөзде, Интернет пен әлеуметтік желілерде айтылған сыни пікірлерге, нақты сұрақтарға, жұрт ішіндегі күдік пен күмәнге нақты жауап беріп, латын қарпіне көшуді қолдайтын қауым атынан нақты пікір айтатын кез келді деп ойлаймын.

«Кирилл қарпінен бас тартуға болмайды, себебі ол да тарихи мұра болып табылады»

Кирилл әліпбиі де қазақтың төл әліпбиі болып табылмайды. Жалпы алғанда, кирилл әліпбиі қазақ халқына 1940 жылдан бері қызмет етіп келді десек те, оны қазақ ұлтының саналы таңдауы деуге болмайды. Кеңес заманында кирилл әліпбиі негізінен қазақ халқын одан бетер отарландырудың, ашығын айтқанда орыстандырудың басты құралдарының бірі болды. Кирилл қарпі таңдалған мұра емес, күшпен, зорлықпен таңылған мұра!

Кейбір азаматтарымыздың «ортақ кирилл қарпі орыс-түрік мұрасы» деген сөздерінің астарында ешқандай ғылыми негіз жоқ. Бұны тек саяси-публицистикалық аргумент, риторикалық айла десек әбден болады. Кирилл қарпі кезінде православ шіркеуі әулие деп тапқан Кирилл мен Мефодий атты монахтардың славян халықтары арасында христиан дінін насихаттау, оны славян елдеріне түсінікті қылу үшін ойлап тапқан жазуы еді. Бүгінгі күні славян халықтары арасында кирилл қарпін тек православ дінін тұтынатын орыс, украин, белорус, болгар, македон, сербтер ғана тұтынады. Қалған славян халықтары негізінен діни себептерге қатысты латын қарпіне өтіп кеткен болатын. Оның ішінде поляк, чех, словак, словен, хорват т.б. халықтар бар. Яғни о баста кирилл қарпі, әліпбиі славяндарды католик шіркеуінің ықпалынан сақтап қалу, оқшаулау құралы болды.

1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін православ дінінен бас тартқан большевиктік партия қатарында халық комиссары Луначарский бастаған ірі топ орыс тілінің өзін латын қарпіне көшіру қажет деген бастама көтеріп, ізденген еді. Орыс тілінің латын қарпіндегі жобалары, заңдары бекітіліп те қойылған болатын. Бұл большевиктердің 1917 жылы басталған тілдік реформасының басы болуы керек-тұғын. Ондағы мақсаты – большевиктер арасында кең тараған «әлемдік революция» идеяларын насихаттау, барша әлемге танымал, түсінікті қылу. Бұны о баста Ленин де қолдаған көрінеді.

Алайда, Лениннің, артынан Луначарскийлердің көз жұмуы, билікке Сталин бастаған топтың келуі бұл үдерістерді тоқтатып тастады. Есесіне осы арада империядағы түркі халықтары, басқа да бұратана этностардың барлығы дерлік латын қарпіне өтіп кеткен болатын. Бұның сол кеңес империализмінің мақсаты мен мүддесіне қайшы келетінін большевиктер жақсы түсінді. Сондықтан да латынға ауысып кеткен барша республикаларды, мұхтариаттарды, этностарды жаңадан кириллге көшіру керек деген саясат жүзеге асырылды. Ондағы түпкілікті мақсаты Кеңес одағы халықтарын бір әліпбиге өткізу, отаршылдық саясатты жаңа тұрғыда, әлдеқайда белсендірек жүргізу болатын. Оның үстіне кирилл қарпі тек қана православ славяндарын ғана емес, түркі, фин-угор халықтарын Батыстың ықпалынан сақтау, жақындатпау, оларды саяси-ғылыми оқшаулаудың құралы болды. Бұған әрбір түркі тілін күрделендіру, әрбір түркі этносына бөлек-бөлек әліпби, тіл заңдарын жасау саясатын қосу керек. Осының негізінде жиырмасыншы ғасырдың басында бір-бірін еркін түсініп, тілдесе білген түркі халықтары араға 60-70 жыл салып, бір-бірін мүлдем ұқпайтын, ұғынбайтын, араласу үшін лингва-франканы, ұлтаралық қатынастар тілі болып табылатын орыс тілін пайдалануға мәжбүр болды. Бүгінге дейін сондай күй кешудеміз.

«Латын қарпіне көшуге болмайды, себебі оған Ахмет Байтұрсынов қарсы болған»

Бұған мынадай уәж айтуға болады. 1929 жылғы латын қарпіне өту қазақ тарапынан, қазақтың бетке ұстар элитасы тарапынан қарсылық көрген үрдіс болатын. Большевиктер қазақты неге латын қарпіне көшірді деген сұраққа жауап ізделікші. 1926 жылы Қазақстанға басшы болып келген Голощекин бұл жерде ешқандай өзгеріс болмаған, қазақтар әлі де жаңа режимді қабылдап жатқан жоқ, сондықтан «кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген ұран тастағанын баршамыз жақсы білеміз. Себебі діліне, тіліне, дініне берік қазақ халқы қанқұйлы большевиктік эксперимент ұсынған тәсілдер мен әдістерді қабылдай алмады. Ұлттың иммунитеті, жатқа қарсыласу, қарсы тұру тетіктері мықты болатын. Оны құрту үшін қазақты рухынан, ділінен, дінінен айыру қажет еді. Латын қарпіне көшу, айналып келгенде, қазақты діні мен ділінен айырудың құралы ғана болатын. Бұл – қазақтар өзіне дейін бабалары жүрегімен қабылдап, санасына сіңірген дінінен айырылсын деген саясат. Бірінші кезеңде қолына қалам ұстаған зиялыны, қазақтың байларын, молдаларын қудалап, атып-асып, итжеккенге айдады. Екінші кезенінде барша халықты «ескі» сауаттан айырып, жаңа «сауатқа» көшірді. Сол үшін де латын қарпін енгізді. Ұлт көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов атамыздың қарсы болғаны да осыдан! Алайда саяси шешім қабылданғаннан кейін Ахаңдар жаңа латын әліпбиінің ұлт мұраты мен міндетіне қызмет етуі үшін көп еңбектенгені де анық.

«Латын қарпіне өтіп жатқан жоқпыз, оралып жатырмыз»

Бұл аса принципті мәселе емес, алайда қоғам арасында айтылып жүрген уәждердің бірі.

Шындап келер болсақ, бүгінгі таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Яғни басты мәселе тарихи контекстіге қатысты болмақ. Оралатынымыз отар жағдайы, отарлық күй емес! Керісінше, бүгінгі латынға көшу отарлық қалыптан шығу, отарсыздану үшін қолға алынып жатыр. Ұлтымызға жасалған қастандық кезіндегі латын қарпіне өту мен қазіргі күні жаңа заманға, жаңа дәулетке деген ұмтылыстан, серпілістен туындаған латын қарпіне көшудің жөн-жосығы да, табиғаты да, тәсіл-тәмсілі де бөлек. Біріншісі – ұлтты өлтіру үшін жасалған қандықол эксперимент болса, екіншісі – ұлтты өлтіріп алмау үшін, кезінде істелген қиянаттан құтқару үшін жасалып жатқан ем-дом, күрделі хирургиялық ота.

Мынадай бір мысал келтірейін. Адам ағзасы жаман ауруға, яғни рак ауруына шалдықса дәрігерлер аса қиын, аса күрделі ем-дом жасауға мәжбүр болады. Химиялық терапия, сәулелік терапия деген сияқты. Адам ағзасы, жаны әбден титықтап, қиналады. Бірақ нәтижесінде сауығып шығып жатады. Біздің де ұлт ретіндегі жайымыз осы. Біз отарлық «жаман ауруға» шалдыққан ұлт екенімізді еш ұмытпалық. Істеп жатқанымыз ерінгеннің не еріккеннің шаруасы емес. Егер ауруымызды жасырмай, оған дұрыс диагноз қойғанымыз рас болса, онда жанымыз бен ағзамызды қинауға тура келеді. Жаңа әліпби қиындық тудырады, талай адамның қытығына тиеді, жылдар бойы қалыптасқан қалам ұстау, қағаз оқу әдеті мен мәдениетін бұзады. Бұл психологиямызға да үлкен жүк. Жаңа әліпбиге көз үйретіп, ет пен сүйекке дарытқанға дейін талай қиналады замандастарымыз. Әңгіме де, реніш те, шаршау да болады. Бірақ осыған шыдап, осыны дұрыс санап, көніп, төзіп, барша қажетті «ем-домды» уақытында жасайтын болсақ, түбі емделіп шығамыз, қан жаңартамыз.

«Кирилл әліпбиі қазақ тілінің барша мәселесін шешті, жаңалық ойлап табудың еш қажеті жоқ»

Осы орайда мына жайт туралы айта кету керек. Кеңес заманында қазақ әліпбиі үш рет ауысты деп жатамыз. Әліпбиіміз шын мәнінде айналасы 30 жылдың ішінде үш рет ауысқанын ұғып-білуіміз қажет сияқты. 1920 жылдардың аяғында араб қарпінен латын қарпіне, ал 1939-40 жылдары латын қарпінен кирилл қарпіне өттік. Соның өзінде қазақ тілі күшінен, бөтен ықпалға қарсы төтеп бере алар иммунитетінен айрылмаған еді. Кірме сөздер, атаулар, терминдер қазақ тілінің табиғаты мен құрылымын бұзбаған болатын. Сол кездердегі газеттер мен кітаптарды оқыған азаматтардың барлығы бұған куә.

Алайда, 1950 жылдары қазақ тілі мен тіл ғылымына екінші бір үлкен қиянат жасалды. 1950 жылы 20 ақпанда И.Сталиннің «Марксизм және тілтану мәселелері» атты мақаласы жарық көріп, соңынан бөлек кітапша болып шықты. Осы мақаладан кейін бұрынғы Кеңес одағының барлық республикасында тілдік жағдай мен саясатты «сталиндік жолға» салу саясаты басталып кетті. Осының нәтижесінде елімізде тағы бір тілдік реформа жүзеге асып, қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты жаңа заңдылықтар қабылданып, күшіне ене бастады. Тілімізге жаңа әріптер еніп, «орыс тіліндегі сөздер мен атаулар орыс тілінде қалай оқылып-жазылса, қазақ тілінде де солай оқылып-жазылуы керек» деген қағидаттар қабылданды. Осы кезден бері қазақ тілінің жағдайы, оның табиғи қарсыласу механизмдері, ағзасы әлсіреп, сыр бере бастады десек артық айтпаймыз. Егер ашығын айтсақ, осы кезден бастап біздің әліпбиді «қазақ әліпбиі» емес, «орыс-қазақ әліпбиі» дегеніміз қай тұрғыдан да шындыққа саяды. Сталиндік репрессиялардың нәтижесінде бетке ұстар марқасқалары мен майталмандарының атылып кетуі, қоғамда қуғын-сүргіннің екінші толқынының басталуы қазақ тілі мен ғылымына қатты соққы болды. Содан, шыны керек, әлі де оңала алмай келеміз.

Жаңа тілдік реформалардың басты мақсаты – қазақ тілінің әлеуетін арттыру, оның иммунитетін күшейту, қалпына келтіру, осы заманға бейімдеу. Бұл мәселелерді сол тілді құртуға, құл етуге негізделген тілдік орта мен заңдылықтар негізінде шешу мүлдем мүмкін емес. Жаңа әліпбиге көшу үлкен жұмыстың басы ғана, қыруар міндеттің әрі кеткенде 5-10 пайызы ғана. Осыдан кейін қазақтың жаңа орфография, орфоэпиясын жаңа заманға лайықтап, қайта жасақтап шығу міндеті тұр.

«Латын қарпіне өту – Түркияға еліктеу, пантүркизмнің көрінісі»

Бұл уәж шындыққа жанаспайды. Әрине большевиктердің тілдік инновациялық әдістемесін жаңаруға, жаңғыруға аяқ басқан Түркия мен оның көсемі Ататүрік те жақсы түсініп, пайдалана білді. Күні кеше ғана мұсылман әлемін араб қарпі арқылы билеп келген Осман империясының латынға көшуі де оңай болмады. Ататүрік те қулыққа салды, неше түрлі уәж ойлап табуға мәжбүр болды. Соның бірі – Советстандағы түркі дәулеттері мен халықтарынан қол үзіп алмайық, бір рухани-символикалық ортада болайық деген уәж.

Шындап келгенде латын қарпіне көшу идеясын бастаған түріктер емес, әзербайжандар болатын. Түркі тілдерін латынға көшіру туралы алғашқы жобаны 1860-шы жылдары Әзербайжанның ұлы ағартушысы Мырза Фатали Ахундов бастаған. Ол өзінің жобасын османдық Ыстамбұлға апарып, таныстырған да еді. Алайда оның идеясын ол кезде ешкім ұғына да алмаған. Сол Әзербайжан латынға 1922-23 жылдары көшіп кеткен. Ал қалған түркі елдері мен халықтары осы ағайындардың ізін басып, солардан тәлім алған болатын. Түркияның өзі латын қарпіне тек 1928 жылы көшті.

Латын қарпіне өту Түркияға еліктеу де, Түркияға жақындау да емес. Бұл қазақ халқының, тәуелсіз қазақ мемлекетінің мүддесінен туындаған үрдіс.

«Латын қарпіне өту Ресеймен қарым-қатынастарға теріс әсерін тигізеді. Латын қарпіне көшу түркі халықтарының бірлігіне нұқсан келтіреді»

Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшуі – тәуелсіз, егемен мемлекет пен қазақ қоғамының жеке-дара ісі мен таңдауы. Латын қарпіне өту туралы әңгіме бүгін туындаған жоқ. Бұл туралы әңгімені қазақ ғалымдары, зиялы қауым өкілдері 1990-шы жылдардың басынан үздіксіз айтып жүр. Саяси дискурсқа бұл мәселе 2000 жылдан бері еніп, өзінің орнын тапты. Осы арада жүздеген мақала жазылып, көптеген кітап та шықты. Қоғамда біраз әңгіме айтылып, талай талқылар өтті. Қазақ қоғамы бұған іштей дайын отыр. Мәселе тек осы үрдістің философиясы мен идеологиясын анықтауға, әдістемесі мен іске асыру жолдарына тіреліп тұр. Қалай болғанда да мынаны ұғынып алғанымыз дұрыс. Жаңа әліпбиге өту – үлкен ұлттық нартәуекел. Жаңа әліпбиге көшу – ұлы өркениеттік таңдау, бәлкім тәуелсіздігіміздің алғашқы елу жылының ең тағдырлы, ең ғаламат саяси-символикалық таңдауы шығар. Бұнымыз өзінің тереңдігі мен астары тұрғысынан пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға көшкеніндей хижрасы іспеттес дүние. Ұлтымыздың отарсыздану жолындағы Рубиконы. Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау, ұлттық модернизацияның, жаңғырудың мызғымас бөлігі.

Қазақ латын қарпіне біреуден қашу немесе біреуге жақындау үшін көшіп жатқан жоқ. Бұл –  ең алдымен ұлттық мүддеден туындап отырған орасан зор маңызы бар қадам!

Отарлық, отарлаушылық санадан ажырай алмаған топтар үшін бұндай қадам күтпеген шаруа. Ондай алыпқашпа пікірлер мен әңгімелер алғашқы кезде айтылды да. Алайда, мынаны да ұғынған дұрыс сияқты. Ресейдің негізгі саяси күштері, ресми билік органдары қазақ таңдауы туралы теріс пікір айтқан жоқ. Қазақ елінің шынайы жаңғыруы көрші елдердің ұзақ мерзімді мүддесіне қайшы келмейді.

Түркі халықтарының бірлігі мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанның латын қарпіне өтуі түркі бірлігіне қайшы емес. Керісінше, түркі халықтарының бірлігіне жұмыс істейтін, мемлекеттер мен халықтардың арасын жақындастыратын үрдіс. Мысалы, бүгінгі күні әлемде 6 тәуелсіз түркі мемлекеті бар: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан. Осы алты мемлекеттің төртеуі – Әзербайжан (1992), Өзбекстан (1993), Түркия (1928), Түрікменстан (1993) латын қарпіне өтіп кеткен. Кирилл қарпінде қалған екі-ақ мемлекет бар: Қазақстан мен Қырғызстан.

Демек, түркі халықтарының 75-80 пайызы, яғни басым көпшілігі латын қарпінде. Оның үстіне түркі халықтарының ара-қатынасы бүгінде тілдік негізде емес, мәдени, тарихи, саяси, экономикалық негіздерде жүзеге асып жатыр. Түркі халықтарына ортақ, бәріне бірдей түсінікті тілдің де, әліпбидің де жоқтығы айқын сезіліп отыр. Өзара қарым-қатынаста түркілер я түрік, я орыс, я ағылшын тілдеріне жүгінуге мәжбүр екені де баршаға аян. Олай болатын болса, Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі түркі бірлігіне қайшы деген пікірді жаңсақ, қате деп айтуға болады.

«Латын қарпіне көшу қазақ диаспорасына зиянын тигізіп, қазақ ұлтына жік салады»

Қазақ этносы – бөлінген этнос. Діліміз, тіліміз, дініміз бір десек те, арамызды мемлекеттік шекаралар мен шектеулер бөліп тұрған жай бар. Бұл ретте, матрицалық, ядролық қазақ алдағы уақытта латын қарпіне өтейін деп жатыр. Осы жағдайдың өзі диаспорамен белсенді жұмысты талап етеді. Ертең қазақ мемлекеті жаңа әліпбиге өткен кезде диаспора аңырап қалмауы міндет. Диаспора ішінде де қажетті жұмыс жүргізіліп, шеттегі қазақтар іштегі қазақтың жаңалығынан ажырап қалмағаны керек бізге. Қазақ мектебі бар, қазақ мәдениетінің ошақтары сақталған барша жерге жаңа әліпбидегі кітап, газет, журналдарды жеткізу, ақпараттық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету осы үлкен жұмыстың мызғымас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл туралы жақында өткен Дүниежүзілік қазақ құрылтайында да айтылды. Қазақ диаспорасы қазақ елінің латын қарпіне өтуіне еш қарсы емес екендігін айқын көріп, сезіндік. Енді осыған орай табанды, жүйелі жұмыс қажет.

«Латын қарпіне Қазақстандағы барша этностарға қатысты болмаса оған өтудің қажеті жоқ»

Латын қарпіне өту тек қана қазақ тіліне, Қазақстанның мемлекеттік тіліне ғана қатысты дүние. Оның елімізде тұрып жатқан өзге этнос пен ұлыс өкілдерінің тіліне еш қатысы жоқ. Мысалы, біздер елімізде тұрып жатқан орыс, неміс, күрд немесе корей этностарының ұлттық әліпбилерін еш өзгерте алмаймыз, оның ешқандай практикалық қажеті де жоқ. Біз тек өзімізге тиесілі қазақ тілінің әліпбиін ғана өзгерте аламыз. Қазақстанда тұрып, өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған кез-келген этнос өкілі мемлекеттік тілді білуді, үйренуді борыш және міндет санауы тиіс деп ойлаймыз. Бұл азаматтар мемлекеттік тілді латын қарпімен үйреніп, барша ұлтпен бірге жаңа әліпбиде оқып, жазып-сызатын болады.

«Жаңа әліпбиге көшу керек болса, онда араб қарпіне немесе түркілік рунаға көшу керек»

Латын қарпіне көшу қазақты оқшаулау үшін емес, керісінше, қазақтың әлемге ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр. Араб қарпіне немесе тіпті, көне түркі руналарына көшу – қазақты оқшаулау, оның нарығын тарылту болмақ. Латын қарпіне көшудің басты себептерінің бірі – заманауи ғылым мен білім көшіне ілесу, тілімізді барынша техника және интернет тіліне жақындастыру.

Көне түркі руналарына келетін болсақ, бұл әліпбиде соңғы бірнеше ғасыр ішінде ешбір қазақ мәтін жазып көрген емес. Бірен-саран тілтанушылар мен ғалымдарды есептемегенде ешбір қазақ өз атын руна жазуымен жаза да алмайды. Руна жазулары менталды тұрғыда дүйім қазақтың жаны мен жүрегінде еш орын алып отырған жоқ. Тарихи шындық осы.

Араб қарпінің жағдайы бөлек, әрине. Біз мұсылман әлемінің бір бөлігіміз. Ата дініміз – ислам діні. Қасиетті кітабымыз – Құран кәрім. Діни сенімі берік, ұстанымы мықты азаматтардың біразы араб әліпбиін біледі. Оның үстіне Алтын Орда заманынан бері жазылған рухани мұрамыздың барлығы да араб қарпімен жазылып келді. Алайда, ұлт үшін, оның болашағы үшін қазаққа дәл осы латын қарпі тиімді болады. Себебі, қалай десек те бүгінгі араб әлемі техниканың, білім мен ғылымның қайнар көзі емес, араб мемлекеттері де Батыс елдері өндіріп отырған инновацияларды тұтынушы ғана. Біздің мақсат солардың көзіне дәнекер мәдениетсіз, дәнекер әліпбисіз тікелей шығу керек болып отыр. Сондықтан да араб қарпіне өту жолымызды ұзартып, дамуымызды одан да бетер қиындатып жібереді.

«Мемлекеттік тілдің жағдайын түбегейлі реттеп алмай латын қарпіне көшуге болмайды»

Бүгінгі күні, шынын айту керек, мемлекеттік тілдің жағдайы мен мәртбесі жайлы мәселе көп екені анық. Қазақ ұлтының, елінің, тілінің тағдырына шын жаны ашыған азаматтардың үнемі айтып, жазып жүрген уәждерін мойындау қажет. Егер мемлекеттік тілдің жағдайы мен мәртебесі еш өзгермесе, болашақта қазақтың жаңа әліпбиге өткенінен не пайда деп жүрген азаматтардың күдігі мен күмәні де орынды екенін айту керек.

Дей тұрғанмен мынандай жайттарды да ескергеніміз дұрыс сияқты.

Бірінші. Толыққанды рухани және саяси тәуелсіздікке жету бір күннің жұмысы емес. Бұл жолмен көптеген постотарлық елдер де жүріп өтті, біздер де бұдан тыс қала алмаймыз. Біздегі саяси-әлеуметтік үдерістердің біразы, анығын айту қажет, елдегі этнодемографиялық үдерістерге тікелей байланысты болды. Тәуелсіздігін жариялаған кезде қазақ этносының өз елінде, мемлекетінде ұлттық азшылық жағдайында болғанын де еш айналып өте алмаймыз. Сондықтан да көптеген үдерістер көпшілік күткендей бола алмады, кешеуілдеп келді. Бірақ ең бастысы келе жатыр, келеді де. Бұған елдегі этнодемографиялық үдерістер куә бола алады. Қазақ этносы – жас этнос. Елдегі қазақтың орта жасы – 26-27 жас. Елдегі, тіпті Кедендік одақтағы халық өсімінің бәрі тек қазақтың өсімі арқылы жүзеге асып жатыр. Жыл сайын елдегі қазақ саны 1-1,5 пайызға артып келеді. Есесіне, елдегі еуропалық этностардың орта жасы 46-47 жас болса, олардың қатары жыл сайын жаңағы 1-1,5 пайызға кеміп отыр. Осы жылы орта мектепке баратындардың ішіндегі қазақ балаларының үлесі 80 пайыздан асатын сыңайы бар. Бара-бара Қазақстан бірегейленіп, түркі-мұсылман мемлекетінің біріне айналатынын ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Заман мен замана қазақтікі болмақ.

Екінші. Қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің көптеген мәселесі ағымдағы саясатқа ғана тіреліп тұрған жоқ. Біраз мәселе рухани-менталды, таным-пайымдық, философиялық, тіпті психологиялық мәселелерге барып тіреледі. Яғни, қазақ қоғамының этнодемографиялық, басқа да мәселелерінің табиғи түрде шешілуі тілдік мәселелерді бірден оңтайлы шешіп, автоматты түрде қамтамасыз ете алмайды. Теориялық тұрғыдан еліміздегі халықтың барлығы дерлік жүз пайыз қазақ болған күннің өзінде де тілдік мәселелер, олардың артында тұрған отарлық сана, заманға бейімділік, білім-ғылымды қабылдау мәселелері өзімен-өзі шешіле салмайды. Тек қана қазақтардан құрылған ортада әлемдік, заманауи үрдістерді, күрделі ғылым-білім мәселелерін талқылаған кезде белгілі бір уақыттан кейін я орыс, я ағылшын тіліне жүгінуге мәжбүр болатынымыз да содан. Бұған ақпараттық ортаны, елдегі тілдік жағдайды қоссақ, қазақ тілінің ұтылатын тұстары да аз емес. Қазақ тілі – бай тіл, терең тіл. Оны сөзсіз мойындаймыз. Алайда, оның ғылым мен бизнес тіліне айнала алмай келе жатқаны жалпыұлттық, баршаға ортақ мәселе екені хақ! Бізге шын мәніндегі мәдени жаңғыру ауадай қажет. Оған латын қарпіне өту, символикалық ортаның түбегейлі өзгеруі түрткі, мықты серпін береді деп сенеміз. Символикалық ортаның күрт өзгеруі, жаңалануы қалыптасқан сана инерциясын жеңуге, тілдік реформаларды нартәуекелдеп бастап, жүргізіп кетуге түрткі болғаны керек. Бұл – еліміздегі барша зиялы қауым өкілдеріне, барша интеллектуал топтарға, жекелеген азаматтарға жүктелетін орасан зор міндет, ұрпақтық парыз, борыш, жауапкершілік. Бұл тек билікке немесе тек тіл мамандарына сеніп тапсырылатын шаруа емес. Тілдік салада қордаланған көптеген мәселені бүгінге дейін қалыптасқан ақпараттық, мәдени ортаның заңдылықтары мен координаттар жүйесінде жеңіп шығу мүмкін болмай қалды. Басты міндеттің бірі – бір жағынан тілдік-ақпараттық орта қалыптастырған менталды шеңберді жарып шығу, болашақ ұрпақ өкілдерін жаңа ортаға шығару арқылы соларды посткеңестік, постотарлық форматтан, қалыптан шығара беру болса, екінші жағынан – жаңа заманға, жағдайға сай тілдік реформаларды жүзеге асыру болмақ.

«Латын қарпіне өту Қазақстанға келіп жатқан ақпараттар ағынын шектеуі ықтимал»

Латын қарпіне өту Қазақстанға келіп жатқан ақпараттың ауқымын, көлемін еш шектемейді. Шынын айту қажет, бүгінгі күні қазақ аудиториясының басым көпшілігі өзіне қажетті ақпаратты орыс тілі арқылы алып, тұтынып келеді. Есесіне орыс әлемінің өзі көптеген жағдайда ағылшын тілінде жасақталып жатқан ақпараттың тұтынушысы. Латын қарпіне өту қазақ балаларын ағылшын, жалпы еуропалық тілдерді үйренуге, түсініп-түйсінуге жетелейді, сол тілдерді үйренуін жеңілдетеді деп санаймыз. Яғни, қолға алынып жатқан реформалардың басты мақсатының бірі – Қазақстанға келіп жатқан ақпараттар ағынын әртараптандыру, тікелей ағылшын тілінен келетін ақпаратты түсінетін, тұтынатын азаматтардың санын арттыру болады. Есесіне Қазақстандағы орыс тіліне де ешкім тыйым салайын деп жатқан жоқ. Бізге ұнасын-ұнамасын, бірақ орыс тілі әлемдік дәрежедегі тілдің бірі. Және де мынаны да айқын түсінуіміз қажет: Ресей орыс тілінің жеке-дара меншік иесі емес. Орыс тілі – әлемдік өркениеттің бір бөлшегі, әлем мәдениеті мен руханиятының құрамдас бір бөлігі.

«Латын қарпіне өткенде қазіргі ағылшын әліпбиінің аясында бар әріптерден аспау қажет»

Латын әліпбиіне көшуге қатысты үлкен мәселенің бірі әліпби нұсқасын таңдауға қатысты болып отыр. Байқауымызша бүгінгі қоғамда екіұдай пікір қалыптасып келеді. Бір топ – егер латынға көшсек тек ағылшын тілінде бар әріптер аясынан шықпағанымыз абзал, егер олай болмаса осы реформалардың қажеті жоқ деген пікірді ұстануда. Бұл топта негізінен жастар жағы, технократтар, интернет-технологияларды жақсы меңгерген мамандар басым. Екінші топ – реформалар қазақ тілінің табиғаты мен болмысын бұзбауы керек, әрбір әріп пен дыбыс әліпбиде бөлек таңбалануы қажет деген пікірде. Бұл топта негізінен тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері басым. Екі жақтың да қисынды пікірлері, пайымдары жеткілікті.

Алайда мынаны ұмытпағанымыз дұрыс. Қазақ тілі ағылшын тіліне ауысып жатқан жоқ. Тіліміз қазақ тілі болып қала бермек. Ал оны таңбалауға келетін болсақ, оның техникалық тетіктерін жасақтауға келсек, бұл жерде үлкен ұлттық мәміле қажет екені анық. Қалай болғанда да таңдау осы екі үрдіс арасында жүзеге асады. Екі жақтың да радикализміне, волюнтаризміне жол беруге болмайтын сияқты. Себебі тіл – тек әріп пен дыбысты таңбалау, теру ғана емес, оны оқып бірден қабылдау, оқығанды бірден сезініп, тереңінен түсініп-түйсіну.

Оқырмандар мен жазармандардың ортақ консенсусын табу міндет. Себебі латын қарпіне өту интернет-технологияларды жасақтау немесе игеру үшін, интернет-бағдарламаларды жазуды жеңілдету үшін ғана жасалып жатқан жоқ. Бұл шаруамен, айналып келгенде халықтың 1-2 пайызы ғана тікелей айналысады, есесіне қалған 98-99 пайыз халық сол өнімді тұтынушы болып табылады. Ағылшын тілі латын қарпін үздік пайдаланып, кәдесіне жарата білген, көптеген салада монополиялы үстемдік жүргізіп келе жатқан тіл. Алайда біз ағылшын бола алмаймыз, өз ұстынымызды, табиғатымызды, ұлттық ерекшеліктерімізді барынша сақтап, қорғай білуіміз ұрпақ алдындағы міндет. Жаһандану заманындағы кез-келген ұлттың, әсіресе қазақ сияқты шағын ұлттың бәсекеге қабілеттілігі тек шеттен келіп жатқан ықпалды, жаңалықтарды сол күйі қабылдай беруге емес, соларға қарсыласа алатын иммунитетінің бар болуына тікелей байланысты. Бұл ұлт ретінде жойылып кетпеудің алғышарттарының бірі. Кез-келген ұлттың мықтылығы осы керағар дихотомиялық трендтерді өз ағзасы мен руханиятында табыстыра білуінде.

Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Осы себепті де мемлекеттік комиссия мен жұмыс тобына аса үлкен маңызы бар миссия жүктеліп жатыр. Латын қарпіне өту біржолата жасалатын ұлттық нартәуекел. Таңдау жасаған соң ұзақ уақытқа дейін сол жолмен жүріп өту қажет. Күні ертең жасайтын таңдауымыз ұзақ мерзімді, фундаменталды таңдау болғаны керек. Егер болашақта таңдауымызды қайта-қайта қарастырып, жамай беретін болсақ, реформаның берекесін қашырамыз, халықтың сенімін, ықыласын азайтамыз.

«Осындай қиын қыстау-кезеңде латын қарпіне өтудің не қажеті бар? Экономикалық жағдайды түзеп барып көшу қажет»

Тарихқа үңілетін болсақ, ешбір елде, ешбір мемлекетте тағдырлы шешімдер мен реформалар жайбарақат, мамыражай жағдайда жүзеге асып көрген емес. Керісінше, реформалар көбіне-көп өткір қажеттіліктен, шарасыздықтан туындайды. Мысалы, түркі халықтары латын қарпіне ең қиын, ең ауыр кезеңде өтіп кеткен болатын. Оның өз қисыны да бар. Себебі тілдік реформалар басқа да күрделі үдерістермен,  экономикалық немесе басқа да қиыншылықтармен бірге жүріп отырды.

Жалпы, егер әлемдегі модернизация үдерістеріне мықтап назар аударсақ, тереңіне барсақ, іске асқан модернизациялық жобалардың барлығы да өз жолын символикалық ортадан бастаған. Кеңестер үкіметі де осыны іске асырған. Патша заманында қалыптасқан, жасақталған жазу жүйесін өзгерткен. Патшалық Ресейде «ять», «ижица», «фита», «ер» деген әріптер болған. Большевиктер билікке келген бойда қолға алған реформаларының бірі тілдік реформа болғаны да осыдан. Соғыста жеңу, қираған экономиканы орнына келтіру, қоғамдық сананы өзгерту аса қиын ғана емес, аса ұзақ шаруа. Бұл үшін ұзақ уақыт еңбек ету қажет еді. Сонымен қатар «жаңа заман адамын» дүниеге әкелу қажет болды. Ескі дәстүрден ажырау қажет болды. «Біз бұрынғы Ресей емеспіз, біз жаңа, жаңарған Ресейміз, бөлек елміз!» деген қағидатты қалай болғанда да қоғамға, әлемге жеткізу қажет болды. Ал оны қалай жасауға болады? Ең озығы – тілдік, әліпбилік реформа.

Байқасаңыздар, 1917 жылдан кейін большевиктер орыс тілін мүлдем түрлендіріп жіберді, тіпті жаңа орыс тілін жасап шығарды деп айтсақ, артық кетпейміз. Оған барша мәтіндердің жаңарған әліпбимен жазылып, оқытылғанын қоссаңыз, бірнеше жылдың ішінде, бас-аяғы 6-7 жылдың ішінде бір символикалық қоғамның орнына екінші бір, мүлдем бөлек қоғам орнады.

«Латын қарпіне көшу қыруар қаржыны талап етеді, сондай-ақ жемқорлық пен малшашпаққа апаруы ықтимал»

Бұл да күрделі мәселенің бірі. Қазақ әліпбиі өзгереді деген әңгіме шыққалы бері негізінен орыстілді баспасөзде көптеген алыпқашпа, кереғар мақалалар басыла бастады. Латын қарпіне қарсылық тудыру мақсатында ол мақалаларда «бұл қыруар қаржыны қажет етеді», тіпті «30-40 миллиард долларды құрауы ықтимал» дегенге дейінгі жантүршілгерлік пікірлер айтыла бастады. Шыны солай ма? Жоқ, әрине. Мысалы, Қазақстанның жылдық бюджеті шамамен сол 30 миллиард долларды құрайды. Ондай ақшаның латын қарпіне өтуге бөлінуі мүлдем мүмкін емес дүние!

Латынға көшудің экономикасы жайындағы шынайы, шындыққа жанасатын экономикалық зерттеулер енді ғана жасалып жатыр. Егер ұлтымыздың тәні мен жанын, болмысын өзгертеміз дегеніміз шын болатын болса, бұл шығындар өзінің нәтижесін, жемісін беретін шығындар деп түсінеміз. Бұл, айналып келгенде, елде жүзеге асқан кейбір шаралар мен ғимараттарды салуға кеткен шығыннан аз шығын.

Біз латынға амалсыздықтан, шарасыздықтан көшіп отырмыз. Бір қалыптан екінші қалыпқа өткіміз келсе, отарлық қалыптан шыққымыз келсе, біз осыны атқаруға міндеттіміз. Басқа лажымыз жоқ. Және де бұл үрдіс өзінің нақты нәтижесін бүгін емес, ертең ғана береді. Біз бұны өзіміз үшін жасап жатқан жоқпыз, келешек ұрпақ үшін жасап жатырмыз. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған баладан «өл-тал, ай сайын мың доллар айлық әкел!» деп талап етпейміз ғой! Жаңа ғана егілген ағаштан «Маған жыл сайын он қап жеміс бер!» деп талап ете алмайсың. Айлықты да, жемісті де көру үшін, зейнетін көру үшін әрқайсымыз әлі талай-талай еңбек етіп, аянбай тер төгуіміз қажет. Сол сияқты да латын графикасына көшу өз жемісін болашақта бере бастайды. Отарсыздану дегеніміз, айналып келгенде, ұйықтап тұру немесе тойып тамақ ішу емес. Бұл – аса күрделі үдеріс. Ұзақ мерзімді жұмысты талап ететін үдеріс. Латын қарпіне көшу, ауысу, өту – осы отарсыздану үдерісінің алтын тәжі. Ұлт жүріп өтуге тиісті үлкен жолдың символикалық белесі, нышаны.

Ал жемқорлық мәселесіне келетін болсақ, бұл да тікелей қоғамның белсенділігі мен сапасына қатысты әңгіме. Әрине, үлкен қаражат жүрген жерде оны жымқырудың айласын, жолын іздейтін азаматтар табылатыны анық. Бұл біздің ғана елге тән дүние емес, барша елге дерлік қатысты әңгіме. Бірақ талабымыз оң болса, белсенділігіміз жоғары болса, әрбір мәселенің байыбына барып, тереңіне үңілсек, латын қарпіне қатысты шығындарды қоғамдық бақылауда ұстасақ, осы теріс үдерістің бетін қайтарып, жеңе аламыз. Басқа жолы жоқ. Ал егер барша істеліп жатқан шаруаға тарихи пессимизм тұрғысынан қарап, ұлттық нигилизм таныта беретін болсақ, онда мүлдем ештеңе істемей отыра беруге де болатын шығар. Бірақ осы арада алтыннан да қымбат тарихи уақытымызды сарп етеміз. Ал біздің барлығын кезек-кезек, рет-ретімен жасауға тарихи уақытымыздың жоқ екені баршаға аян.

«Латын қарпіне өту үшін ұзақ уақыт бойы мыңдаған мамандар дайындау қажет»

Латын қарпіне өту – басқа тілді, басқа ғылымды не мамандықты меңгеру емес. Қазақ тілі – қазақ тілі болып қала береді. Тек соны таңбалау тәртібі өзгереді. Белгілі бір уақыт ішінде барша ұлт, барша мемлекеттік тілдің тұтынушылары партаға отыруға міндетті болатыны анық. Алайда бұл үшін арнайылап, бес жыл бойы университетте маман дайындаудың қажеті жоқ.

Осы жылдың ішінде латын қарпінің нұсқасы бекітілуі тиіс деп көрсетілген. Егер сол нұсқа қабылданса, оны жүзеге асырудың мемлекеттік жоспары жасалып, оны қаржыландыру көздері бекітіледі. Осы аралықта тіл ғалымдары қазақ тілінің жаңа заңдылықтарын, орфография мен орфоэпия сөздіктерін, емле ережелерін жасақтайды. Бұл да оңай жұмыс емес, біраз уақыт алады. Бұны дайындық кезеңі деп ұққанымыз дұрыс болар. Бұл арада үкімет барлық қажеттілікті есептеп, латын қарпіне өтудің бюджетін анықтап, қаржыландыру жолдарын, тетіктерін жасап шығаруы тиіс. Бұны іске асыру үшін республикалық дәрежеде және барлық аймақта мемлекеттік штабтармен қатар латын қарпін енгізу жөніндегі жалпыұлттық қоғамдық қозғалыс құрылғаны абзал. Осы ұйымдар бірлесе отырып латын қарпін халыққа ұғындыру, түсіндіру, үйрету жұмыстарының жоспарын жасап, асқан белсенділік танытуы тиіс. Олар осынау орасан жұмысты жүргізетін, үйлестіретін, әдістемелік басқаруды қолына алатын белсенділер мен волонтерлер легін, корпусын қалыптастырып, әр аймаққа қажетті үйлестірушілер мен комиссарлар қатары мен санатын анықтауы тиіс. Бұл жұмыс, әрі кеткенде, екі-үш жылға созылып, қоғамның басым көпшілігі жазып-сызып кеткенге дейін жалғасуы ықтимал. Көптеген мәселе бюджеттің қаражатын емес, қоғамның ерікті, жанкешті белсенділігін қажет ететіні анық. Егер осылай жұмыла білсек,  жұмыстың барлығы 2024-2025 жылдарға дейін толық аяқталады деуге болады.

«Латын қарпіне өту кирилл әліпбиінде жасақталған рухани мұрадан айырады»

Латын қарпіне көшуге күмән білдіретіндердің біразының айтатын уәжі – жаңа әліпбиге өту болашақ ұрпақты кеңес заманы кезінде жасақталған мәдени, тарихи, әдеби мұрадан айырады, ажыратады дегенге саяды.

Бұған жауап беру үшін ең алдымен қай ғасырда, қай заманда ғұмыр кешіп жатқанымызды еске алу қажет шығар. Бүгінгі латын қарпіне көші осыдан бір ғасыр бұрынғы латын қарпіне көшуден мүлдем ерекше, басқаша. Біз ақпараттық заманда өмір кешіп жатырмыз. Әдеби-тарихи мұраның сандық технологияларға көшіріліп, жаңа тұрғыдан таңбаланып затқан кезеңінде жүрміз. Осы кезге дейін кирилл қарпінде шығарылған, жарияланған мұрадан айрылып қалмаудың бірден-бір жолы – оларды цифрлау, сандық технологияға көшіру. Егер кітапханаларымыз, басылымдарымыз жақсы форматта интернеттен орын алса, олардың латын қарпіне көшірілуі пернетақтадағы бір шүріппені басу арқылы шешіледі. Мысалы, бүгінгінің өзінде кирилл қарпінде жазылып жатқан ақпараттарды бірден төтеге немесе латын қарпіне аударатын техникалық бағдарламалар баршылық. Қазақ руханиятын сканерден өткізіп, компьютер немесе смартофондар арқылы оқуға, тұтынуға лайықтап жатқан ұйымдар да жоқ емес. Егер латынға көшу жұмыстары аясында арнайы шешімдер қабылданып, тиісті қаржы көздері анықталса, осы жұмысты өндірістік сипатқа айналдырып, бірнеше жылдың ішінде атқарып тастауға болады. Сонда Кеңес дәуірі кезінде қалыптасып, жасақталған әдебиеттердің бірде-бірі жоғалмайды деп айтуға әбден болады.

Мәселенің екінші жағы да бар. Кеңес заманында жасаған, жазылған барша ақпарат пен мәтіндерді көпшілік жұрт тұтынады деу де қиянат. Мысалы, бүгінгінің өзінде араб қарпінде, латын қарпінде жасақталған мәтіндер корпусын тұтынушылар саны қанша? Біз білсек, бүгінгінің өзінде кеңес заманының газеттері мен кітаптарын ғалымдар мен мамандар ғана тұтынып, зерттеп жүр. Олардың саны жүзге жетсе жақсы. Егер жұмыстар дұрыс бағытта атқарылар болса, Кеңес заманының мәтіндері жойылып, жоғалып кетпейді, керісінше, айналымға түсіп,оларға жан бітеді деп болжауға болады.

Сонымен қатар латын қарпіне көшу жаңа талғамды, ұлттық руханиятты сыни көзбен қайта қарап, ревизиялауды талап ететінін баса айта кету қажет. Себебі жаңа әліпбиге көшу белгілі бір әдебиеттер легін қалыптастырып, оларды үлкен таралыммен жаңа қаріппен басуды талап етеді. Олай болатын болса, әрбір қазақтың үйінде жаңа қаріппен басылған қандай кітаптар тұруы керек деген заңды сұрақ туындайды. Бұл, өз кезегінде, барша зиялы қауымның асқан белсенділігін талап ететін үлкен рухани жұмыс. Осы кезден бастап қоғамда «Қазақ оқуға міндетті 100, 200 кітап», «Әрбір мектеп оқушысы оқуға міндетті 100, 200 кітап», «Әрбір қазақтың кітапханасында тұруға міндетті 100, 200 кітап» деген сияқты талқылар қызуы қажет. Бұл рейтингтерді тек мемлекеттік органдар ғана емес, кәсіби одақтар, баспасөз құралдары, кітапсүйер азаматтар мен белсенділер жасақтауы тиіс. Осындай рейтингтердің саны ондап, жүздеп жасала беруі абзал. Осының негізінде болашақта арнайы мемлекеттік тапсырыс жасалып, аталмыш кітаптар аса үлкен таралыммен басылуын қамтамасыз ететін боламыз. Бұның барлығы да руханият, мәдениет саласына қыруар инвестиция алып келеді. Бұған президенттің бағдарламалық мақаласынан кейін қолға алынған аударма ісін қоса айту міндет. Бұның өзі үлкен науқанға, кітап-әдебиетке деген жаңа ынта-ықыласты қалыптастыруы керек.

«Бүгінгі күні Қазақстан латын қарпіне өтуге техникалық тұрғыдан дайын емес»

Бұл жаңсақ пікір. Бүгінде латынға көшуді қамтамасыз ететін барлық сала мен өндіріс көздері жасақталған. Бір ғана латын қарпіне өту науқаны барша графикалық дизайн, көркемдеу саласына көптеген инвестиция тартатын болады. Себебі үй мен ғимараттағы маңдайшадан бастап, баспа, жарнама, ақпарат саласына орасан өзгеріс алып келеді. Осы саланың мамандарына деген сұраныс артады. Қалаларымыз бен ауылдарымыздағы кирилл қарпінде жазылған дүниелерді жүйелі түрде жаңа әліпбиге көшіру түбі бірнеше жылға созылады. Бұл өз кезегінде, мемлекет пен бизнестің өзара ынтымағын, ауызбіршілігін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қажет ететін күрделі үрдіс.

«Латын қарпіне өткен кезде аға буын өкілдері рухани ортадан тыс қалады»

Бұндай қауіп бар. Бірақ, мынаны да түсіну керек. Жаңа әліпбиге көшу аса күрделі үдеріс және баршаға бірдей үлкен психологиялық, танымдық салмақ. Әрбір күрделі үдерісте жеңетіндер мен жеңілетіндер болуы заңды. Әрбір шынайы, үлкен өзгерістің құны мен бағасы бар. Егер қарттарымыздың белгілі бір бөлігі заман көшіне ілесе алмайды десек, бұл да осы тың өзгерістерді жүзеге асыру үшін төленетін құн.

Ең бастысы, тағы да қайталап өтейік, қазақ тілі өзгеріссіз қалады. Радио, теледидар қазақ тіліндегі жұмысын жүргізе береді. Алғашқы кезде газет-журналдар қоғамды үйрету үшін қос графикада қатар жасалып, бірте-бірте толықтай латын қарпіне көшуі де ықтимал. Алайда бұл үрдістер қарттарымызды мүлдем оқшаулап, изоляцияға апарады дегеніміз қисынға келмейді. Біздің латын қарпімен оқыған ата-әжелеріміз кирилл қарпін толықтай меңгермесе де қалаға келіп адасып кеткен емес. Қарым-қатынас, коммуникация құралдары дамып, өркендеген интернет заманында жаңа графикаға, жаңа символикалық ортаға бейімделу әлдеқайда тез, ауыртпалықсыз жүреді деп ойлаймыз.

egemen.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған