АЙДОС САРЫМ. «СЕН АТ, МЕН БҰҒАЙЫН» ДЕГЕНДЕРДЕН ПАЙДА БАР МА?

 Өткен аптаның бір жаңалығы сенат сайлауы болды. Әр облыстан, Астана және Алматы қалаларынан бір депутаттан – барлығы 16 депутат сайланды. «Сайлау», «сайланды» дегеніміз артық та болар. Шындығында, «тағайындау» өтіп, сенаторларымыз «тағайындалды». Сенаторлыққа үміткерлер, жергілікті әкімдіктер мен мәслихат депутаттарынан басқа ешкім алаңдамаған үйреншікті, «дәстүрлі» саяси үдеріс бұл. Елімізде тұрып жатқан 18 миллион адамның тағдырын биліктің айтағымен жүретін 3-4 мың адам ғана шешуге құқылы ма? Осы турасында әңгіме қозғап көрейік.

Жалпы алғанда, кез келген сайлаудың, егер ол шын сайлау болса, интригасы, белгісіздігі, жаңалығы болуы шарт. Сайлауға түсіп жатқандар да, сайлауда дауыс берушілер де ойланып, толғанып, тиісті таңдау жасар алдында аз да болса алаңдап отырғаны абзал. «Елімнің ертеңі не болады?» деген сұрақ туындамаған сайлау сайлау емес, мазақ, саясатты жоққа шығару, демократиялық институтты қорлау болып табылатыны баршаға мәлім. Ал біздегі 28 маусым күнгі сенат сайлауы қалай өтті?

9 маусым күні мен өзімнің фейсбук желісіндегі парақшамда «Кім сенатор болады?» деген жазба қалдырған болатынмын. Сексеннен астам үміткердің «биографиясы мен географиясын», басқасын зерттей келе, 28 маусымда осылар депутат болатын шығар деп болжаған едім. Дейтұрғанмен мен де өз болжамыма онша сеніңкіремей, «әрине, белгілі бір интрига болуы ықтимал, кейбір үміткері көп аймақтарда тосын жағдайлар орын алуы да мүмкін» деп топшыладым. Бұл кішігірім зерттеу, әрі кеткенде, менің 20-25 минут уақытымды алды. Артынан үш апта өтіп, сайлау қорытындысы жарияланды – менің болжамым 100 пайыз орындалды. Бірақ оған қуанған жоқпын, әрине. Менің түсінгенім мынау:

1. Біздің билік бәсекелестік пен баламадан өлердей қорқады екен.

Кім не десе о десін, біздегі сенат сайлауы ешқашан да тартысты, баламалы түрде өтіп көрген емес. Президент әкімшілігі, жергілікті әкімдіктер келісе отырып, өсуі керек не кетуі керек адамдарды анықтап, соларды қайткенде де құлағынан сүйреп шығатыны баршаға аян дүние. Басынан аяғына дейін бір сценариймен өтетін сайлаудан биліктің өзі неге қорқады екен?

Кез келген сайлау – жеңетіндердің ғана мәресі емес, соған қатысатындардың да додасы. Кейбір адамдар үшін сайлауға түсу бақ сынау, әлеуметтік лифт болса, кейбіреулер үшін «мен бармын, менің амбициям бар» деп айту үшін таптырмайтын мүмкіндік. Мәселе – олардың жеңу-жеңбеуінде емес, сол мүмкіндіктің өзінің болуында, соған кез келген ойы, мінезі, саяси амбициясы бар адамның қатыса алуында. Ал бізде ше? Алдында 100-ден астам адам өздерін сайлауға ұсынды. Бастапқы кезде додаға 89 адам қатысса, сайлауға екі апта қалғанда олардың 59-ы ғана қалды. Ал сайлау бюллетеньдеріне Орталық сайлау комиссиясы небары 38 кандидатты енгізді. Басқаша айтқанда, республика бойынша 3242 таңдаушыға, яғни мәслихат депутаттарына әр облыста шамамен екі адамның ішінен ғана таңдау жасау «бақыты» бұйырыпты. Керемет бәсеке, ғажап балама демеске бола ма мұны?!

Біз білетін тағы бір шындық бар. Еліміздегі мәслихаттарды да атқарушы билік жасақтаған. Жаңағы 3000-нан астам депутаттың ішінде тосыннан жеңіп, өз ойы мен пікірін ашық айтып жүрген 100 депутат табылса, еліміз үшін шексіз қуанар едік. Алайда, шыны керек, олардың басым көпшілігі билік партиясының азаматтары, жергілікті әкімдердің адал жақтастары. Олардан билік қандай қауіп күтті? Егер таңдаушылар кемі 4-5 адамның ішінен таңдау жасайтын болғанда билікке қарсы дауыс берер ме еді? Кейбір аймақтарда дауыстар бөлініп, екінші тур болып жатса оның несі айып? Қайта әрбір үміткер белсенділік танытып, әрбір мәслихат депутатын айналшықтап, ақпараттық белсенділігін арттырса, одан кім ұтылар еді? Сайлауға деген сенім мен сенатқа деген құрметтің арта түсері айқын емес пе еді? Жоқ, барлығын да ойыншыққа айналдырып, биліктің ішінде жүрген азаматтардың өзін билікке жау қылып, 100-ге жуық адамның жолы мен үмітін кескен баламасыз, бәсекесіз сайлау өткізілді.

2. Балама мен бәсекенің жоқтығы саясат пен мемлекет мүддесіне қарсы жұмыс жасап жатыр.

Жұмысым саясат атаулыны зерттеуге тікелей байланысты болғандықтан, аталмыш сайлаусымаққа қатысқан үміткерлердің саяси тұғырнамалары мен сайлауалды бағдарламаларын қарап шығуға мәжбүр болдым. Бәрін біріктіретін тек қана құр көпірме сөз. Көптеген үміткердің бағдарламасында бірде-бір цифр, бірде-бір нақты дерек жоқ. Сонда олар сайлауға түсіп, сенатқа не үшін бармақ? Қандай заң қабылдамақ? Жергілікті жұртшылық алдында өздеріне қандай міндеттеме алмақ? Мәслихат депутаттары, яғни олардың таңдаушылары оларға не үшін дауыс бермек? Тіпті біраз бағдарлама бір бөлмеде жазылып, бір принтерден басылғандай әсер тудыратын жайттар да жоқ емес. Сонда саяси доданың мақсаты не? Жай ғана билік түсінігіндегі «жақсы адамды» тағайындай салу ма? Олай болатын болса, аудан-ауданнан депутаттарды алып келіп, олардың жанын қинаудың не қажеті бар еді деген де сұрақтар туындайды. Бұл саясат атаулыны келемеждеу болмағанда, не сонда?

Мұның сыртында мемлекеттік, конституциялық институттардың да қадірі кетіп бара жатқанын айта кету керек сияқты. Бүгінгі күні қоғамда «бізге сенаттың қажеті жоқ, унитарлы мемлекетке бір палаталы парламент жеткілікті» деген әңгіме көп айтылып жүр. Бұл әңгімелер мен күңкілдің туындауына себеп – жаңағыдай сайқымазақ, нәтижесі алдын ала белгілі сайлау. Осындай сайлау, айналып келгенде, Конституцияны, мемлекетімізді мазақтау болып табылады, мемлекет атынан шығып жатқан заңдарымыздың пәрменділігі мен заңдылығын біршама төмендетеді. Ең сорақысы, мұндай сайлау азаматтардың мемлекетке, заңға, заң шығарушы органға деген сенімін, құрметін азайтады. Бұл, шындап келгенде, аса қауіпті құбылыс.

3. Сайқымазақ сайлау сенаттың әлеуетін арттырып отырған жоқ.

Айналып келгенде, көптеген мәселе адам факторына барып тірелетіні анық. Ал осы «тағайындау» нәтижесінде парламентке білікті, мінезді тұлғалар келді деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Сенатқа кімдер келді өзі? Ортсайлаукомның деректеріне сүйенсек, су жаңа депутаттардың жетеуін мәслихаттар ұсынса, тоғыз тұлға өзін-өзі ұсынғандар. Парламент сенатының депутаттығына кандидаттардың орташа жасы 56,7 жас екен. «Ең көп дауыс жинаған кандидаттардың арасында іс басындағы төрт сенатор, екі облыс әкімінің бірінші орынбасары, үш облыс әкімінің орынбасары, бір облыс орталығының әкімі, бір облыстық мәслихаттың хатшысы, бір жоғары оқу орнының ректоры, саяси партиялардың екі өкілі, бір жеке сектор өкілі және бір арнайы мемлекеттік органның өкілі бар», – деді ОСК өкілі Петров. Қысқасы, «сен тұр, мен атайын» деген емес, «сен ат, мен бұғайын» дейтіндер.

Яғни жұрт күткендей сенат жасарған жоқ, Сенатқа халықтың, аймақтардың мәселесін ашық, айқын айтатын азаматтар келді деп мүлдем айта алмаймыз. Сенатқа кімнің, ненің арқасында келгенін жақсы білетін, түсініп-түйсінетін адамдардан асқан батылдық, принципшіл ұстаным күтудің өзі қиянат. Ертең бюджет мәселесі қаралғанда, биліктің былықтарын талқылап, сынау қажет болған кезде осы сенаторлардың белсенділік танытуы екіталай. Олай болса, жаңа депутаттарға «Салық төлеушілердің есебінен ашылған сенаторийге қош келдіңіздер! Алтыжылдық демалыстарыңыз құтты болсын!» дегеннен басқа не айта аламыз?

Ал енді «бұған не істеу керек?» деген мәселе туындайды.

Менің ойымша, бұл мәселені дұрыс жолға қою үшін жаңа конституциялық өзгерістер ауадай қажет-ақ. Мейлі, сенат жоғарғы палата ретінде өз қызметін атқара берсін. Көптеген унитарлы мемлекетте осындай институттар өз жұмысын әп-әдемі орындап-ақ жатыр. Бірақ сенат депутаттарын сайлау тәртібі мен бағытын мүлдем өзгерту қажет секілді.

Мысалы, бүгінгі күні мәжіліс заңға сай партиялық тізімдер бойынша ұсынылған депутаттардан құралды. Негізі, бұл да әлемдік тәжірибе. Оның ел тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз ету үшін озық та, пайдалы да тұстары бар. Ал еш партияда жоқ, бірақ саяси белсенділігі бар азаматтарды қайтеміз? Аймақтардағы саясаттың айналасындағы азаматтарға қайтсек жаңа әлеуметтік және саяси лифт жасай аламыз? Жалпы, аймақтардың шынайы дауысын заң шығарушы органнан қалай ести аламыз?

Ол үшін, менің ойымша, сенаттағы аймақтардан түсетін 32 адамның сайлауына тың өзгеріс жасау қажет. Мысалы, 32-нің 16-сы тіркелген саяси партиялардың ұсынысымен тікелей жергілікті халықтың таңдауы арқылы сайлануы тиіс. Аймақта сегіз партия тіркелсе, сегіз адамның аты бюллетеньге еніп, соларды жергілікті халық тікелей сайлағаны абзал. Сонда ғана сенатқа жан бітіп, оның қоғамдағы беделі мен әлеуеті арта түседі. Есесіне қалған 16 депутаттың алты жыл сайын мәслихат депутаттарының елегінен өтіп, жергілікті элиталардың мүддесін айтушы, жоғарыға жеткізуші дәнекер болып қалуына болады.

Осы арада тағы бір жайтты айта кету керек. Бізде қоғамның наразылығын тудырып отырған конституциялық-парламенттік ұйым бар. Ол – Қазақстан халқы ассамблеясынан түсіп отырған депутаттар. Оларды атқарушы биліктің өзі тағайындайды. Олардың қалай, не себеппен, қандай еңбегі үшін парламентте отырғанын көп адам біле бермейді де.

Өз басым еліміздегі ұлттық азшылықтардың парламентте отыруына еш қарсы емеспін. Бірақ осыны басқаша жолмен де қамтамасыз етуге болады ғой. Мәселен, көршілес Қырғызстанда бұл партиялық тізімдер арқылы реттеліп отырады. Саяси партиялар өз тізімдерінің алғашқы бестігіне бір жастар өкілін және бір ұлттық азшылық өкілін қосуға міндетті. Онда да тек қоғамға беделді, көзқарасын ашық айтып жүрген, ұлттық саясатқа қарсы шықпайтын, мемлекеттік мүддені құрмет тұтатын, көзге түскен азаматтар ғана қатысады. Бұл да бір саяси мектеп пен саяси елек емес пе?!

Сондай-ақ этномәдени орталықтардың, басқа да қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан қандай айырмашылығы, артықшылығы бар деген сұрақ туындайды. Мысалы, елімізде саны мен сапасы жағынан әлдеқайда беделді, мықты қоғамдық ұйымдар бар. Мәселен, 800 мүшесі бар Жазушылар одағының дәл сондай мүшесі бар этномәдени орталықтан қай жері кем? Осыны ескерер болсақ, болашақта Қазақстан халқы ассамблеясы мен үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдардың барлығын дерлік қамтыған Қазақстанның азаматтық альянсы бірігуі керек. Сонда халықтық ассамблея аталуына жол ашылады. Белгілі бір этностың ғана өкілі болу арқылы депутат болып тағайындалу, меніңше, артықтау. Депутат болу – ең алдымен беделді миссия, жұрт үмітін, сайлаушылар аманатын арқалау. Ұлттық азшылық өкілі болсаң да, міндетің – бір ғана этностың жайын күйттеу емес, ұлт мүддесін, мемлекет мүддесін айту, ұлттық дәрежедегі мәселе көтеру. Олай болса, президенттің тағайындауымен ассамблея арқылы еліміздегі беделді қоғамдық ұйымдардың өкілдері де сайлануы тиіс. Оларды, бәлкім, екі-үш жыл сайын ауыстырып отыруға да болатын шығар. Мұның барлығы болашақтағы талқының мәселесі дер едім.

Осындай шаруаларды жақын арада қолға алмасақ, келешекте сенат деген заң шығарушы органның қоғамда бестиындық қадірі қалмайтыны анық. Конституция – Құран емес. Оны жазатын да, жасайтын да – қоғам. Олай болса, заман талабына сай, этнодемографиялық үдерістерге сай заңнама да, Конституция да өзгеріске түсіп отырғаны шарт.

Айдос САРЫМ, 

саясаттанушы

“Жас Алаш” газеті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған