Айза Иманбек: Мен тек қазақ музыкасына билеймін

Мұз үстінде мәнерлеп сырғанау эстетикалық тұрғыдан алсақ та, сырттай тамашаласаң да, спорттың ең әдемі әрі ең күрделісінің бірі екендігі дау туғызбайды. Өйткені алға қойған мақсат биігінен көріну үшін бірнеше жыл бойы шүмектетіп тер төгіп, көп уақытты шеберлік деңгейін шыңдауға сарп етуге тура келеді. Десе де, мәнерлеп сырғанаудың қиындығына қарамай, оны өзінің спорттық мансабында айналысатын басты спорт түрі ретінде таңдап алып, сол жолда ерінбей, талмай еңбектеніп жүрген ұл-қыздарымыз, Құдайға шүкір, баршылық. Солардың арасында әлемдік ареналарда қазақ жұртының мерейін үстем етіп, жатжұрттар аспанында еліміздің көк байрағын желбіретсем деген үкілі үмітін жанына жалау етіп жүрген бір жас бар, ол — 4 жасынан аяғына коньки байлаған, бүгіндері мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері деген атағы бар, халықаралық гран-при жүлдесінің бірнеше дүркін иегері, қайсар мінезді қазақ қызы Айза Иманбек. Осыдан біраз уақыт бұрын ол алдағы универсиадаға дайындығын СанкПетербург қаласында пысықтап, елге оралды. Ал күні кеше мәреге жеткен ел біріншілігінде ұлттық құраманың көшбасшысы Элизабет Тұрсынбаевадан кейінгі екінші жеңіс тұғырын еншілеп, күміс медальға қол жеткізді.

Таңдап алған спорт түрі жайлы Айзаның өзі: «Негізінде мәнерлеп сырғанау сырт көзге ең әдемі болып көрінгенімен, шын мәнінде өте қиын спорт түріне жатады. Сондықтан бұл спортта аянбай тер төгіп, шеберлігіңді күн сайын шыңдап, үздіксіз жаттығу жасау арқылы ғана жақсы нәтижеге қол соза аласың. Тағы бір айтып өтер мәселе — біз сияқты жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету пәрменді болса, яғни оқу-жаттығу жиындарын көбірек өткізіп тұрсақ. Өйткені шетелдерге көбірек шығып, басты қарсыластармен жиі сайысқа түссек, шеберлік деңгейіміз де өсіп, кез келген өзіміз қатысқан бәсекелерде жеңіс тұғырына қол созу мүмкіндігі де молая түсер еді әрі әр спортшының өзіне деген сенімі артып, көрсетер нәтижелері де жоғарылай түсері кәміл дер едім. Өзіме келсем, менімен үш бірдей бапкер жұмыс істейді, олар: елімізге еңбек сіңірген бапкерлер — Айгүл Қуанышева мен Құралай Узурова және хореограф Елена Сухеска. Олар менің мұз айдыны үстіндегі әрбір қимылымды қалт жібермей жіті бақылап, жіберген қателіктерімді егежей-тегжейлі талдап, маған өздерінің ақыл-кеңестерін беріп отырады. Менің басқа мәнерлеп сырғанаушылардан басты ерекшелігім — өз бағдарламамның еркін жаттығу түрінде тек қазақ музыкасына ғана билеймін. Себебі маған өз ұлтымның сазына сырғанау анағұрлым жеңілірек түсетіндей сезіледі. Шетелдерге шыққанда да қазақ музыкасының ондағыларға ұнайтынын байқап қалып жүрмін. Бұл менің таңдауымның дұрыстығына көз жеткізсе керек. Қазіргі таңда алдағы уақытта Алматы қаласында өтетін Универсиадаға қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Әлемдік дода жалауын көтергенше қаңтар айында Әбу-Дабиде өтетін ересектер арасындағы жарысқа алғаш рет қатысып, бағымды сынамақпын. Бәрі ойдағыдай өтсе, арманға жетуге де қол созымдай жер қалары кәміл. Жалған патриоттыққа бармай-ақ, адами тұрғыдан өзімнің басты арманым не екенін ашып айтсам, ол — Универсиада сынды байрақты бәсекеде топ жарып, чемпион атану. «Генерал болуды армандамайтын сарбаз болмайды», — деген қанатты сөз бар ғой, соны ескерсек, менің арманымда да еш сөкеттік жоқ деп ойлаймын. Тәңірі ауру-сырқау мен жарақат алудан сақтап, дүбірлі дода кезінде аламан бәйгеден маңдайымыз жарқырап топ жаруға жазсын деп тілейік. Сол жарыста сіздер сияқты қалың көрермендер қолдауы да біздерге қанат бітірері сөзсіз. Сондықтан жеңісті күндерде жүздесуге жазсын», — дейді ағынан жарылып.

Мамандар алдағы универсиадаға аталған спорт түрі бойынша еліміздің намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген маңдайалды спортшыларымыз Элизабет Тұрсынбаева, Регина Глазман және Айза Иманбек тәжірибесі толыққан спортшылар қорғайды деп сенсе, білікті мамандар алдағы 28-і Универсиада еліміздегі мәнерлеп сырғанау спортының дамуына орасан ықпал етеді деген пікірге ден қойған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған