Айына 40 мың теңге жинап, пәтер алуға мүмкіндігіңіз бар

Азаматтардың айына 40 мың теңге жинап, пәтер алуға мүмкіндігі бар. Бірақ олар не пәтерді, не көңіл көтерудің бірін таңдау керек. Бұл туралы Үкімет баспасөз орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасына арналған брифингтен кейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлады Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. Журналист Ләззат Ибрагимоваға «қарапайым тұрғын Астанада пәтер алу үшін қанша табыс табуы қажет?», – деп сауалын жолдады.

«Менің ойымша, азаматқа 150 мың табыс табу жеткілікті. Себебі, бір депозитке ай сайын ең жоғары сома 40 мың теңге салса, ол 12 айда 480 мың теңге жинайды. Ол мемлекеттік сыйақының үстіне қосымша 96 мың теңге алады. Біз мемлекеттік сыйақыны әр жылдың 1 қаңтарында бөлеміз. Сонымен қатар оған 2%-ды банк береді. Жалпы ол барлығын қосқанда бір жылда 600 мыңға жуық теңге жинайды. Ал ол 3 үш жылда 1 млн 800 теңге болады. Қазіргі таңда Астанада қолданыста болған үйлер нарығы стагнациядан өтуде. Біз пәтерлерді 240 мың теңгеден қаржыландырудамыз. Бұл мемлекеттік бағдарламасыз. 5 жылдың ішінде азамат алғашқы жинаған жарнасын ала алады. Яғни «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алу үшін алғашқы жарна 30%, ал жалпы («Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» – автор) бағдарлама бойынша алғашқы жарна 50% болуы керек», – деді төрайым.

Сонымен қатар Ләззат Ибрагимоваға елордадан пәтер алғысы келетін азаматтар таңдау жасауға тура келетінін айтты.

«Менің ойымша, азаматқа 140-150 мың теңге жалақы жеткілікті. Оның 40 мың теңгесін үйге салып отыру керек. Әрине барлығын үнемдеуге тура келеді. Ол мейрамханаға, кафеге және көңіл көтеруді ұмытады. Пәтер немесе көңіл көтеру, осы екеуінің біреуін таңдау керек», – деді ол.

Сондай-ақ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Астана мен Алматы қалаларымен салыстырғанда өңірлерде үй алу жеңілдеу екендігін алға тартты.

«Тағы да атап өтейін, Астана мен Алматы қалаларынан үй алуға конкус үлкен. Ал өңірлерде: Тараз, Қызылорда, Орал қалаларында әкімдіктер ұсынған көп тұрғын үй бар. Ол жаққа дайын бастапқы жарнамен келе аласыздар», – деді Ләззат Ибрагимова.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған