Айқын Қоңыров: Үкімет кедейліктің шынайы деңгейін көрсетсе…

Айқын Ойратұлы бас болып, Халықтық Коммунистік партия фракциясы мүшелері қостап, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Ә. Сағынтаевқа өзекті депутаттық сауал жолдаған-ды. Сауалда өрге бастырмайтын өтірікке сүйенген биліктегі кей басшылар сын тезіне алыныпты, «бізде бәрі керемет» деп жалған статистикаға сүйенетіндердің көп екені ашық айтылыпты. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқаты жайлы тұшымды ойлар бар. Әсіресе кедейшілік шегі күнкөріс минимумына теңестірілуі керек деген талаптары өте орынды. Осы сауалға орай депутат Айқын Ойратұлымен сұхбаттасқан едік.

— Құрметті Айқын Ойратұлы, Үкіметке дат айтуға сіздерді не мәжбүрледі?

— 2016 жылғы талдау халықтың шынайы табысы 4,5 пайызға қысқарғанын көрсетті. Бұл соңғы 16 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып тұр. Қазіргі кезде Қазақстандағы орташа айлық 136 777 теңгені (416 долларды) құрайды және 2007 жылдан бері төмендеп келеді. Жалдамалы жұмысшылардың басым бөлігінің табысын айқындайтын нақты көрсеткішке ие медианалық жалақы бұдан екі есе төмен, бірақ бұл туралы ешкім айтпайды. Біз бағыт алған ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) мемлекеттерін қарастырмағанда, дамушы елдердің қатарында да қазақстандық жалақы көңіл көншітпейді. Табыс деңгейі бойынша біз Иран, Қытай, Мексика мен Таиландтың соңындамыз. Бірақ, ресми мәлімет бойынша, 2007 жылдан бастап, ең төмен күнкөріс деңгейі жоғарылаған. Яғни бізде кедейлік деңгейі АҚШ пен Еуропаға қарағанда төмен-мыс. Бұл өтірік, тіпті ақиқатқа жанаспайтын дүние.

— Мұншалықты құлдырауға не себеп болды екен?

— Талдауға сүйенсек, соңғы екі жылда көтерме сауда минусқа кеткен (2014 жылдан бері құлдырауы 11 млрд. АҚШ долларын құраған), бұдан сауда мен қызмет саласындағы адамдар ғана емес, өндірістер де зардап шегуде. Отандық шикізат емес өнімнің басым бөлігі экспортқа шықпайтынын ескерсек, өнім өткізудің жалғыз мүмкіндігі ішкі нарық болып табылады. Төлемге жарамсыз сұраныстың азаюынан біздің кәсіпорындар өндірісті төмендетуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде жалақының азаюына әкеліп соқтырады. Осылайша Қазақстан «төмен табыстар қақпанына» түсуде.

— Мұндай күйге түсуімізге қоғамдағы жұмыссыздықтың белең алуы әсер етіп жатқан болар?

— Қазіргі кезде кедейлік тек қана жұмыссыздықпен байланысты болып тұрған жоқ. Ашып айтсақ, төмен табыстың салдарынан болып тұр. Бұған дейін «орта топқа» жатқандар қазір кедейлер қатарына өтіп жатыр. Сондықтан кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймыз. Бұл бағдарламаны отандық тауарларға деген тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен біріктіру қажет. Бұл міндетті түрде экономиканың нақты секторын дамытуға мультипликативті әсер береді. Тағы бір айтар мәселе: төмен жалақы мен кедейлік қалыпты тамақтану, ем алу, балаларға білім беру мүмкіндіктерін шектеу адамдардың өмір сүру деңгейін төмендететіндігі баршамызға аян. Бұл қазіргі кезде өткір экономикалық мәселеге айналып бара жатыр. Қазіргі табыспен адамдар қаржысын үнемдеуге мәжбүр, сөйтіп тұтыну азаяды. Бұрын тұтыну деңгейіне тұтынушы несиелер демеу болса, қазіргі кезде бұл ресурс өз-өзін тауысты.

— Сонда күнкөріс деңгейіне қатысты мәліметтер бұрмаланған ба?

— Жасырып-жабары жоқ, қазіргі әлеуметтік индикаторлар жүйесі — тұтынушы себеті, өмір сүрудің ең төменгі деңгейі, ең төмен жалақы — барлығы да жалған мәліметке толы. Халықтың тұрмысын жақсартудың орнына, Үкімет мәліметтерді жасырумен жүр. Сол себептен коммунистер әлеуметтік саясатқа қатысты бірқатар шаралар ұсынған болатын және олар мемлекет басшысының Жолдауында көрініс тапты. Елбасы Жолдауында өмір сүрудің ең төменгі деңгейі қазақстандықтардың шынайы тұтыну шығындарына сай болуы тиіс делінген. Бұл 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш миллион адам үшін базалық зейнетақы, мүгедектердің, асыраушысынан айырылған отбасылар үшін және адрестік көмек пен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандардың жәрдемақы көлемінің көбеюіне мүмкіндік береді. Президент 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік адрестік көмек көрсетудің шегін өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің көлеміне қарай 40-тан 50 пайызға дейін көтеруді және оның жаңа форматын енгізуді тапсырды. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейін санаудың ескі әдісін қайта қарастыру жоспарланып отыр. Оның көлемі шынайы тауар бағасы мен тұтыну нормасына жауап беруі тиіс.

— Белсенділік танытып отырған коммунистер Үкіметтен нені талап етеді? Басқа да ұсыныс-тілектер бар ма?

— Біздің фракция Үкіметтен есептеу барысында кедейліктің шегі өмір сүрудің ең төменгі деңгейіне тең болуы тиіс екендігін назарда ұстаса дейді. Осы жерде айта кетейін, аталмыш стандарттарды құрастыру жұмысына шақырса, қатысуға дайынбыз. Сондай-ақ, Үкімет, еліміздегі кедейліктің шынайы деңгейін қайта санауға батыл барса деген тілек бар. Онда көп нәрсенің беті ашылар еді. Сосын Үкімет біз көтеріп отырған жағдайды өткір әлеуметтік мәселе деп мойындаса жетіп жатыр.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған