Алакөлге әлем назарын қалай аудартамыз?

Алакөлге жыл сайын болмаса да, жыл аралатып барып, демалып тұрамын. Осыдан алты-жеті жыл бұрын бір барғанымда Ақшиде болдық. Бізді мұнда жетектеп әкелген нәрсе енді-енді шыға бастаған атақ-даңқы. «Ойбай,  Алакөлге ғарыштан ұшып келген ғарышкерлердің өздері ат басын бұрады. Сөйтіп, Алакөлдің минералға бай қасиетті суы оларды  радиациясынан құлан-таза тазартып, емдейді екен» деген жұрт аузындағы сөзі. Әрине, бұл көл туралы аңыз әпсаналар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі Шыңғыс ханның жорық үстінде тоқтап, қосын тігіп, еру болғаны. Иә, бұл Алакөл небір аузыменен құс тістеген мықтыларды көріп, дәру алақанымен олардың маңдайларынан сипап, шомылдырып, рахатқа батырған, ем-домын тигізген. Жорықтан шаршап, жараланып келген сарбаздарымыздың жараларын емдеу үшін қолбасшылар әдейі осында әкелетін болған. Қазір кез келген дәріханаларда сататын емдік қасиеті бар шүңгіт тастары осы Алакөлден теріп алынатынын айтсақ, сіздің де сонда барғыңыз келетіні анық.

Сонымен, көлге алғашқы барғанымызда жабайы көл жағалауында болып, шомылып қайттық. Ол кезде шынында да Алматыдан бастап, Алакөлге дейінгі жолмен жүру азаптың азабы еді. Біз қазір қолдан сатылып жүрген емдік қара батпақты көлге жақын орналасқан Шошка көлден арнайы барып алып келдік. Жағалауда демалып жатқандар сол кезде біздің батпағымызды көріп, «бізге сатыңдаршы»  деп қиғылық салғаны бар. Сол сапардан соң көрген білгенімізді, сыни ой-пікірлерімізді газетімізге жаздық. Шындығын айтсақ, ол кездері Алакөлдің жағдайы көңілдегідей емес еді.

Осыдан екі жыл бұрын тағы да көлге барып дем  алудың сәті туды. Бұл сапарымызда Көктума ауылында болдық. Бұрынғыдай емес, жағалау жабайылықтан арылып, өркениеттің алғашқы көріністері, белгілері пайда бола бастапты. Мемлекет те, ірі-ірі кәсіпкерлер де көңіл аударып, шипажайлар, мейрамханалар салуды қолға алыпты. Демалушыларды қыдыртатын үлкенді-кішілі қайықтар жүйткіп жүр. Жергілікті тұрғындар да кәсіпкерлікті қолға алып, демалушылар үшін үйлерін кең салып, демалатын арнайы шағын бөлмелер жасап тастапты. Бағасы да онша қымбат емес. Екі-үш мың теңгенің көлемінде. Соның ішіне үш мезгіл тамағын да кіргізген. Енді қара батпақты кім көрінген сатып жүр. Бірақ жол азабы сол күйінше қалыпты. Әрине, абаттандыру мәселесі әлі қолға алынбаған. Жағалау мәдениеті де бәз-баяғы қалпында. Әр-әр жерде күл-қоқыс шашылып жатыр дегендей…

Биыл өкіметтің Алакөлге деген «құрметтері» ерекше екен. Бұрын мұнда көлік жөнінен автобус, жеңіл машиналар ғана қатынаса, енді пойыз Алакөлдің өзіне келеді. Үшаралдың тура жанынан әуежай салынған. Бұл еліміздегі туризмді дамытудағы жақсы бастамалар. Тағы да баспасөз беттерінен мынадай көңілге жағымды деректерді көзіміз шалып қалды. Алматы облысының әкімшілігінің ұйымдастыруымен былтыр жеке инвестициялар есебінен 43 туризм нысаны қолданысқа беріліпті. Олардың 30-ы Алакөлдің жағалауына салған. Биыл тағы да 30 нысан іске қосылмақ. Нақты мәліметтерге сүйенсек, Алакөлдің айналасына орналасқан демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, емдеу-сауықтыру орталықтары және туристік кешендердің жалпы саны 132-ге жеткен. Мұның сыртында көл жағасын абаттандыру, заманауи көлік жолдары, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар сияқты өзге де шаруалар қолға алынып жатқан сияқты.

Алда әлі де біраз атқарылатын жоспарлар бар. Ең бастысы автокөлік жолдары нақты қолға алынып жатқан сыңайлы. Егер бұл жоспарлар жүзеге асса, Үшарал ауданы бюджетінің 50 пайызы осы туризмнен түсіп тұрады екен. Мұнда жыл сайын келушілер саны да артқан.  2014 жылы 91 440, 2015 жылы 150 мың, ал былтыр 459 700 демалушы келген. Биыл 700 мыңнан асады деп күтіліп отыр.

Міне, осы жерде заңды сауал туындайды. Алакөл адамдарды соңғы кездері неге магниттей тартып жатыр?  Көз жанарындай әдемі көліміз несімен ерекшеленеді? Қазір не көп, демалатын көл мен теңіз көп. Адам баласы жаратылғаннан бері су жағасында демалып, шомылғанды жақсы көреді. Қазіргідей өркениет заманында қалталы жандарға демалуға ыңғайлы әлемнің түкпір-түкпіріндегі әсем жерлерге барудың еш қиындығы жоқ. Байқаймыз, біздің Алакөлге де шетелдерден туристер келе бастаған. Яғни көл даңқы ауыздан-ауызға таралып, шетелге де жетіп жатыр деген сөз.

Бұл қуанарлық жағдай. Демалушылар тегін келмейді, ақшамен келеді. Келген соң, сол ақшасын қажетті жерлерге жұмсайтын пайдалы жерлерді іздейді. Әдетте теңіз, көлдердің бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Кәдімгі су. Шомыласың, күнге күйесің, рахаттанасың. Ал Алакөлдің суын Алла Тағалам ерекше етіп жаратқан. Оның емдік-шипалық қасиеті бар. Тәннің ішкі-сыртқы жерлерін емдейді. Ғарышкерлерді неге мұнда әкеліп шомылдырады? ТМД аумағында, тіптен мұндай ерекшелігі бар ғажайып көл әлемде жоқ. Соңғы кездері сонау Америкадан да ғарышкерлер Кеңес өкіметі кезінде салынған Ғарышкерлер үйіне ұшақ сабылтып келетін болыпты. Алакөлдің суында неше түрлі минералды заттар, тұздар, йод бар. Көл табанындағы жалт-жұлт еткен шүңгіт тастарының өзі неге тұрады? Көл суының тағы бір ерекшелігі беті мен түбінің бір температурада сақталатындығы.

Осы демалған кездері еш жерде ем қонбаған екі адамның тәні мен жанына Алакөлдің суы мен ауасы шипа болып, құлантаза сауығып кеткендерін өз ауыздарынан естідім.

Біреуі Ресейден келген Валентина атты 80 жастағы апамыз. Бұл кісі ентікпемен, қант ауруымен науқастанған. Біраз жерлерді шарқ ұрып шарлап шипа іздейді. Қалталы кісі шетелдердегі талай емханаларда, шипажайларда, көл мен теңіздерде болады. Бірақ ем қонбайды. Ақыры Алакөлдің даңқы бұл кісіге де жетеді. Айтпақшы, Валентина апайдың мамандығы дәрігер. Ол кісі өткен жылы жұрттан сұрастырып жүріп, Алакөлді табады. Мұнда келген соң, Валентина апай тек шомылып қана қоймайды, таңғы бесте көл жағалауында тұрып, оның саф ауасын құшырлана жұтады. Таңғы, кешкі кездері көлдегі йод жоғары көтеріледі екен. Оның білуінше, йодты ауаны тереңдете жұту таптырмас ем көрінеді. Міне, ғажайып! Сонау Ресейден келген оның еңбегі еш кетпейді. Ентікпесі тоқтап, қанты қалпына келеді. Биыл Валентина апай жалғыз келмепті, отбасы мүшелерін, досын бірге ертіп әкеліпті.

Екінші мысал. Тараздағы бір інімнің ұлының үстіне жара шығып, кетпей қояды. Үш жыл қатарынан бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Дәрігерлерден үміт үзіп, емшілерді жағалайды. Жаралары көбеймесе, азаймайды. Біреулерден Алакөлді естиді. Бірақ олар қазақ жерінде жүріп, Алакөлді білмейді. Алматыға арнайы келіп, Алакөлді іздейді. Ақыры табады. Төрт жасар ұлы екеуі шаршап-шалдығып Алакөлдің жағасына келіп құлайды. «Бісмілла» деп суына түседі. Міне, ғажайып, үш жыл бойына ем қонбаған жаралар үш күнде сыдырылып түсе бастайды да, алты-жеті күнде жазылып кетеді…

Мұндай мысалдарды мұрнынан тізіп келтіре беруге әбден болады. Әзірге осының өзі жетіп жатыр ғой деп ойлаймын.

Сонымен, Алакөлді қалай әлем назарына іліктіреміз?

  1. Ең алдымен мұндағы инфрақұрылымды тез арада жөндеуіміз керек. Көлік мәселесі шешілді (автобус, пойыз, ұшақ бар). Бірақ жол мәселесі әлі де көңілдегідей емес. Әсіресе Талдықорғаннан Үшаралға, Үшаралдан Көктума, Ақшиге дейінгі жол сын көтермейді.
  2. Жағалаудағы мәдениет өте төмен. Жағалаудағы жарларды, жыраларды тегістеп, су толқындарынан қауіпсіз ету. Тегістеп асфальттап, абаттандыру қажет. Уақытша демалатын орындар салу. Ең бастысы тазалық. Сусын, тағам, әртүрлі жүзу құралдарды, тіпті емдік батпақтарды сататын әсем дүңгіршектер салу.
  3. Анталия сияқты неше түрлі су ойындары ойналатын құрылғылар, арнайы орындар, таңғажайып таңдай қақтырар әсем жайлар салынуы тиіс.
  4. Осы салынатын іске асатын құрылыстарымызда ұлттық нақыштарымыз жарқырап көрініп тұрғаны абзал. Киіз үй, қымыз, шұбат, ұлттық тағамдарымызды паш ететін, сататын арзан әрі халал асханалар, кафелер самсап тұрса.
  5. Ең бастысы насихат жұмысын жандандырған дұрыс. Бүкіл әлемге Алакөлдің ем, шипалық қасиеттерін, ерекшеліктерін жария ететін арнаулы топ жұмыс істесе, нұр үстіне нұр…

Сонда, біздің ойымызша, Анталияға миллиондап туристер келетіні сияқты, Алакөлге де келушілер саны одан артық болмаса, кем болмайды. Себебі біздің Алакөл қасиетті де шипалы.

Ертай Айғалйұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған