АЛАТАУДЫҢ СӘЛЕМІН АРҚАҒА АЛЫП КЕЛГЕН…

Шыңына көз жетпейтін, басынан қар кетпейтін алып Алатаудың ығында орналасқан Алматы шаһарына баруды немесе сол қалада өмір сүруді армандамайтын қазақ кемде-кем шығар, бәлкім. Мың жылдық тарихы бар Алматы — талай тағдырлар тоғысқан, қазақ зиялылары біріккен, ұлттық рухты біртұтас еткен мәдени, ғажап қала. Биылғы жылдың бұл қала үшін аса маңызды екенін жақсы білеміз. Басқасын былай ысырып қойғанда, үлкен алаңында тәуелсіздік үшін жанын пида еткен жастардың 1986 жылғы көтерілісіне биыл 30 жыл толып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Жер жәннаты Жетісуға сыймай бара жатқан жоқпыз, қимай кетіп барамыз…»

Тарих қойнауына аңызға бергісіз тағдырларды сыйға берген алып шаһардың жай-күйі қашан да ел назарында. Ғаламтор дамыған заманда тіпті әлем халықтарының Алматыға аңсары ауып тұратыны тағы бар. Өйткені еліміз бойынша ең ірі мегаполиске жыл сайын келетін туристердің саны жалпы шетелдік қонақтардың тең жартысын құрайды. Жерінің асты дүмпуге толы болса да, бұл қаладан ешкімнің кеткісі келмейді. Талай нәрседен қорған болар Алатауы бар, жерұйығы Жетісуы жанында тұрған Алматыдан бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев неге кетті дерсіз. Әрине, негізгі себебі саясатқа барып тірелетіндіктен, бұған бас ауыртпайақ қояйық. Десе де, Президентіміздің бұдан 18 жыл бұрын айтқан мына бір сөзін ел-жұрттың есіне салмақпыз: «Жер жәннаты Жетісуға сыймай бара жатқан жоқпыз, қимай кетіп барамыз…»

era_2310Сонымен, талай тарланның тұсауын кесіп, алты алаштан жиналған боздақтарды бір-біріне бауыр, туыс, дос еткен ару Алматының бүгінгі зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қайраткерлері жуырда Арқаға сәлем беруге келді. Өткен аптаның демалыс күндерінде Бауыржан Байбек бастаған алматылықтар Астана халқына рухани азық сыйлап, баршамызды бір қуантып, бір марқайтып кетті. Алдымен, ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты мультимедиялық көрменің куәсі болдық. Алып шаһар жөнінде қысқа әрі нұсқа ақпарат беретін көрмеге 100-ге тарта фотосуреттер мен 32 археологиялық тарихи жәдігерлер қойылыпты. ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатқан мәртебелі қаланың мың жылдығын жуырда ғана Париж төрінде тойлап қайтқан шаһар басшысы Бауыржан Байбек бірінші болып сөз алып:

— Алматы қаласының мультимедиялық көрмесін ҚР Ұлттық музейінде ұйымдастыру — біз үшін үлкен мәртебе. Оңтүстік астанамыздың қазақ тарихында алар орны ерекше. Бүгінгі мультимедиялық көрменің тақырыбы — «Алматы — тәуелсіздігіміздің алтын бесігі». Себебі Алматыда мемлекетіміздің негізін қалаушы шешімдер: Конституция, егемендік туралы декларация, ұлттық валютамыз — теңгені шығару шешімі қабылданды. Қазақстанның Тәуелсіздік алып, әлемде 4-ші ядролық күшке ие болған уақытта Семей полигонын жабу туралы жарлық осы шаһарда шығарылды. Сондықтан оңтүстік астанамыз әрбір қазақстандық үшін өте ыстық, өте құнды. Биыл ЮНЕСКО шеңберінде Алматының мың жылдық мерейтойын атап өттік. Қала күніне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, алматылықтар мен қазақстандықтарды осы айтулы мерекемен құттықтады. Тәуелсіздіктің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз, — деді.

Ал музей қонақтарына көрмені кеңінен таныстырып, жол көрсеткен алматылық мұражай қызметкері Алтын Орынбаева мәдени шараның ерекшелігіне тоқталып, қуанышын барша елордалықтармен бөлісті.

— Көрме бірнеше бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Алматы қаласының Тарих мұражайы қорынан жинақталған экспонаттар ұсынылып отыр. Бұл экспонаттар Іле Алатауының бөктерінде орналасқан әсем қаламыздың терең тарихынан сыр шертеді. Бұрын-соңды болмаған мультимедиялық көрме ұйымдастырылды. Мультимедиялық көрмеде сонау көне заманнан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі қаланың тұрмыстіршілігін бейнелейтін 100-ге жуық фото қойылды. Сондай-ақ, көрмеде іріктеліп алынған 32 археологиялық экспонаттар көрермендердің назарына ұсынылды. Бұл — тарихи жәдігерлеріміздің аз ғана бөлігі. Жалпы, Алматыдағы тарих мұражайында 40 мыңға жуық тарихи жәдігер бар, — дейді ол.

«Ақындар ауылда туып, Алматыда дүние салады»

Аталмыш көрмеден кейін ат басын алматылықтармен бірге Ұлттық академиялық кітапханаға бұрдық. Мұнда да «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» тақырыбында кездесу кеші өтті. Жәй ғана емес, рухани, әсерлі кеш өтті десек, артық болмас. Ел алдында Алатаудың баурайынан келген әр буынның алты арқалы ақыны өлең оқып, жиналған көпшілікпен сұхбат жүргізді. Олардың екеуі ғана (ҚР Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан мен комментаторлығымен белгілі Есей Жеңісұлы) Алматының іргесінде туса, қалған төртеуі еліміздің төрт бұрышынан Алматыға армандап келіп, бүгінде алды алпысқа келген танымал ақындар Әділғазы Қайырбеков, Қасымхан Бегманов және қырықтың қырқасына шыққан Маралтай Райымбекұлы, соңы жиырмадан жаңа асқан жас ақын Айбол Исламғалиев. Мұны неге айтып отыр дерсіз, себебі көпшілік арасында «Ақындар ауылда туып, Алматыда дүние салады» деген түсінік бар.

img_0080

Ақындардың басқосуы қандай болатыны айтпаса да түсінікті болар. Алматы қаласы мәдениет басқармасының төрағасы Ғалымжан Өтелбайұлының өзі кештің әлқиссасын өлеңмен бастаған Маралтай Ыбыраевтан кейін алғашқы сөз кезегін алса да, адуынды ақындардың жанында сөз тауып сөйлеудің өзі оңай еместігін айтып қалды. — Жыл сайын қыркүйек пен қараша айлары аралығында өңірлердің мәдени күндерін өткізу игі дәстүрге айналып кетті. Бұған дейін еліміздің 14 облысы мәдени іс-шараларынан бөлек, елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін де өткізген болатын. Ал біз мың жылдық тарихы бар Алматы қаласы болғаннан кейін, тек қана мәдени шараларды өткізуді қолға алған жайымыз бар. Бір Алматының өзінде 9 түрлі одақ бар екен. Соның ішінде талай дарынның бағын ашқан осы Жазушылар Одағы ұсынысымызды қабыл алып, Астананың төрінде ақындармен кездесу ұйымдастыруға мұрындық болып отыр, — дейді Ғ.Өтелбайұлы. Ел алдына шығып, әңгіме-дүкен құруға, мәнерлеп тұрып өлең оқуға дайын отырған ақындарға кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева алғыс айтудан қалыс қалмай:

— Елбасының бастамасымен елордада өтіп жатқан өңірлердің мәдени күндері қарсаңында Ұлттық кітапхананың өзінде бұған дейін бірнеше кездесулер өтті. Ал бұл кештің орны мүлдем бөлек. Өйткені жер жәннаты Жетісудан келген майталмандардың қатысуымен өтетін кештің ерекше болатынын жиналған көрермендердің көптігінен аңғару қиын емес, — деп, қонақтарға ықылас-лебізін жеткізді.

Қазақ ұлтына қызмет еткен, қазақ тілінің өркендеуі жолындағы еңбектеріне еті өлген екі тұлға бар десек, бірі — арамыздан кеткеніне көп болмаған Герольд Бельгер, екіншісі — Асылы Осман. Жиналғандардың ішінде көзімізге оттай басылған осы Асылы Османның мінберге шығып сөйлемеуі әсте мүмкін емес еді.

img_0087

— Шын мәнінде қазақтың бұрынғы астанасын қазіргі Астанаға алып келген, мәдени күндерінің өтуіне жағдай жасаған Елбасының даналығына және шаһар басшысы Бауыржан Байбекке алғысым шексіз. «Арқада жер жетпейді Бурабайға» деп бұрқыратып келіп қалдық. Ал бүгінде мен Алматыны ешбір қаламен салыстыра алмаймын. Онымен ешбір өңірді тең қоя алмаймын. Дүниеде біле білсек, сөзден құдіретті, тілден киелі ештеңе жоқ. «Алматы — тәуелсіздігімнің алтын бесігі» деген тақырыптың өзі осыны айқындап тұр. Сол сөздің құдіретін жастар білсін, танысын, ұқсын деп Алматыдан сайдың тасындай ақын бауырларымызды алдарыңа әкеліп отырған жайымыз бар, — дейді қазақтың Асылы апасы.

                      img_0092  img_0090

                      img_0093  img_0103

Бұдан кейін сөз кезегі жиналған алты ақынға берілді. Олар жас ерекшелігі бойынша микрафонға жақындап, img_0116көмейлерінен өлең төкті. Күз келсе күрсінетін, көктем шықса гүл секілді қайта ашылатын ақындар Арқаның аязы сүйегінен өткен елордалықтардың көңіліне Алматының жылуын сіңіріп, Алатаудың сәлемін жеткізді. Аталмыш жүздесуден кейін көпшілік «Қазақстан» Орталық концерт залына мойнын бұрса, біз Алматыдан келген ақындардың ішіндегі кенжесі, жас та болса оқырманы көп, рухани кеште де өлеңдерін оқыған Айбол Исламғалиевпен сұхбаттасқан едік. Батыс Қазақстан облысында туып-өсіп, білім жолын Алматыда жалғастырып, ақындық даңғылының да алып шаһарда қалыптасқанын қалайтын Айболдың жанына үңіліп, сырымен толық бөлісе алмасақ та, әдемі әңгіме өрбіген болатын.

— Айеке, өзің еліміздің батыс өңірінде дүниеге келіпсің. Ал бүгінде Алматыда біржола қалуды ұйғарған ақын деп топшылап отырмын. Солай да шығар, сірә?

— Маралтайдың:

«Сені Ару деп алдайды жұрт,

Алдайды. Етегіңе қол жүгіртіп…

Ар жайлы

Сөз қозғайды мына қоғам оңбаған,

Бататыны сол маған!

Ару болсаң, неге сені сүймейді?

Сүймейді олар.

Жүрегі жоқ!

И, мейлі…

…Босағаңнан кім кірмеді талтаңдап,

Жат құшақта күнің өтті жаутаңдап,

Ақындардың жесіріндей Алматы,

Ақындардың жесіріндей Алматыай!..» — дегеніне қарамай, бізге дейінгілерге де арман болған, бізден кейінгі жастарға да дәл сондай арман кейпінде қол бұлғайтын аяулы шаһарға ат басын тірегенімізге көп айдың жүзі болды. Айдарлысын — құл, тұлымдысын — тұл қылса да, арманға қанат бітірген, жанымызға шабыт сыйлап, өлеңімізге көрік берген бұл мекеннің орны бөлек. Айдалада өскен тым әсершіл ұлдың талай мықтының ізі қалған жерге жету үшін «бұқа — буға, азбан — дуға» түскендей бос тыраштанбағаны анық қой. Ешкім зорлап әкелген жоқ. Демек, ешкім де қинап әкете алмайды. Қалар-қалмасым — өз құзырымдағы шешім. Біз көрер күн әлі алда.

— Аз да болса Әмірхан Балқыбектің тәлімін алып, кеңесіне құлақ түру маңдайыңа бұйырды. Досыңдай болып кеткен ақ жүректі ақын қандай еді?

— Алматыны айдай әлем көрген аңғал бала келе сала айласыз батырдай айға шаппай ма?! Сондай шақта жөн сілтеп, өмірлік ақылымен бөлісетін аға табылса, бағыңыздың бес елі болғаны. Әсіресе, әдебиет айдынына енді қонған жас батырлар үшін. Әмірхан аға — өлеңнің иісі аңқыған шаһарға жаңа ғасырдың екінші онжылдығында келген әрбірімізге ұстаз һәм ақылшы болған адам. «Қылығының қылшығын танитын кісіден қашық жүретұғыны қалай» деп хәкім Абай айтпақшы, мінез-құлықтан бөлек, сөзбен дерттенген біздің бойымыздағы осал тұстарды, рухани әлжуаздығымызды анық байқаған қырағы қағаннан қашық жүруіміз мүмкін емес еді. Алғаш кездескеннен-ақ аужайымызды бағып, «шықпа, жаным, шықпамен» жүрген біз байғұсты жебей сауған. Одан жаман боп кеткеніміз жоқ. Керісінше, әлі күнге дейін жігерімізді жаныған сол біліммен, сол өнегемен жан баласына есе жібермей, қатарымыздан қалмай келеміз. Ағамыз дүниеден озғанда көңіліміз қараңғы тартып, іш құса болдық. Қара жердің қойны қашан тойып еді?! Бір анығы, қазақтың маңдайына біткен асыл перзенттің артында уақытпен бірге жасайтын ғаламат жырлар қалды. Ал біздің шерге толған кеудемізде Әмірхан Балқыбек есімі мәңгілік сақталмақ.

%d0%b0%d0%b9%d0%b1%d0%be%d0%bb

— Қазір аға буын өкілдерінен кімдермен тығыз байланыстасың?

— Аға буын өкілдерінің баршасымен тығыз шығармашылық байланыста емеспіз. Бірақ өзіміз бұрыннан танитын бірді-екілі ағамызбен сырласып, сыйласып тұрамыз. Ол құрмет һәм ілтипат тек шығармашылықта ғана емес, өмірде де өз күшіне ие. Өзім жақын көретін және ақылдарына құлақ асып, әдебиетке, поэзияға қатысты ойларыммен бөлісіп отыратын мықтылардан Талап Таймасұлы, Мұрат Шаймаран, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Ерлан Жүніс секілді аймаңдай азаматтарды атай аламын. — Ақын үшін өлең перзентіндей ғой. Осы уақытқа дейінгі өлеңдеріңнің шамамен қанша пайызы Алматыда дүниеге келді? — Бүгінгі күнге дейін жазылған өлеңдердің басым бөлігі Алматыда дүниеге келген. Бір-екеуін ғана отарбамен ерсілі-қарсылы жүргенде арадағы жұмбақ бір мекендерде жазған шығармын. Оның өзі белгісіз. Өзім Нарынның перзенті болғаныммен, өлеңім Алматының төл перзенті. Кесіп айта аламын.

— Осыдан тура бір жыл бұрын «Көктемгі идиллия» атты жыр жинағың жарық көрді. Өлеңдеріңнің басым бөлігі көктем мезгіліне қатысты екенін шығармашылығыңнан хабардар оқырмандарың жақсы біледі. 2016-ның көктеміне арналған өлеңің болса, аз ғана үзінді келтіріп, сұхбатымызды түйіндеп жіберсең…

— Биылғы көктемнен жаңбыр мен жаңа сезімдер күткеніммен, ештеңе ойдағыдай болмай шықты. Өйткені бұл көкек мен үшін түсініксіз себептерге байланысты ауыр өтті. Жөнді жазып та жарытқам жоқ. Бәлкім, сезімдерімді күз тартып алған шығар. Дегенмен бір өлең болсын:

Сурет салдым ауаға,

Із болып көрінді ме?

Бұлт түсірдім төбеден,

Мұз болып төгілді ме?

Жерге әкелдім құстарды,

Ұша алмай, торықтың ба?

Түннің бетін көрсеттім,

Құшардай қорықтың ба?

Жапырақ үздім деміммен,

Қараша куә алдыңда…

Жасын төктім гүлдердің,

Балаша қуандың ба?

Енді…

Естелік теріп жүрмін

Сүймеген еріндерден.

Сендегі сезім жастың

тимеген жерінде өлген.

Мен солай

Жаураған көшелердің

досына бара жаттым.

Дүние, неге бүгін

Басыңа қара жаптың?!

— Ай, бәрекелді! Шалқар шабыт, шығармашылығыңа табыс тілеймін! Халқыңа берерің көп болғай!

Дайындаған — Ермұрат Назарұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған