Алаш қозғалысы – біртұтастықтың символы

Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай  облыстың жас блоггерлері ауданымызда болды.  Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының директоры Дәметкен Сүлейменова бастаған  жастарды аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Сырым шыққан төбеден қарсы алды.

Қонақтар Алаш мұражайы мен Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейлерін аралап, аудан тарихынан, ел мен жер тарихынан сыр шертетін көне жәдігерлермен танысты.  Алаш саябағына ат басын тіреп, ондағы ескерткіштің тарихи мәніне қанығып, гүл шоқтарын қойды.

Одан кейін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Алаш қозғалысы – біртұтастықтың символы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде Д.Сүлейменова Жаһанша мен Халелдің автономиялық мемлекет құруы жөніндегі ой-толғауы туралы баяндама жасады.

БҚАТУ-дің тарих пәнінің мұғалімі Алаш қозғалысы кезіндегі құрылған жастар ұйымдары туралы кеңінен әңгімеледі.   Біздің облыс бойыннша Бөкей ордасында 1917 жылы «Жігер» жастар ұйымы құрылып, алаш жастарын ауызбірлікке шақырса,  Оралда Бақтығали Бисенов бастаған  «Ақниет» атты жастар ұйымы жұмыс жасапты.

БҚАТУ-дің Жаһанша музейінің директоры Нұржан Төлепов Жымпиты ауылындағы С.Сейфуллин көшесінің маңыздылығы, Жымпитыда болған алаш қайраткерлері туралы айтты. Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай кейбір көшелердің атауын өзгерту жөнінде ұсынысын ортаға салды.

Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов «Алаш қайраткерлерінің қазақ жері тұтастығын сақтаудағы қызметтері туралы баяндама жасады.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған