АЛАҚАН ЖАЮДЫҢ МӘНІ

Мұсылман адамның қол қусырып бос жүргені жараспайды. Сондықтан да ғұламалар “Қолың – істе, жүрегің Алламен болсын” деген. Дінімізде еңбек мәртебесінің жоғары қойылатындығы сонша, еңбек ету – ғибадат болып саналады. Өкінішке қарай қазір еңбек емес, алақан жаю діннің бір бөлшегі сияқты әсер қалдыра бастады. Рас, ислам – қайрымдылыққа құрылған дін. Бірақ қайрымдылық пен алақан жаю бір ұғым емес.

Сондықтан да Құранда садақаны алақан жайғанға емес, үйден шығуы мұң болып отырған адамға беру қажеттілігі ескертіледі. Өкінішке қарай, қазір сұрамсақтық бизнес көзіне айналып кетті. Ірі ақшаларын айыра алмай жүргендердің мешіт маңындағы қайыршыларға ақшасын ұсақтатып алғанын талай көзіміз көрді. Әлгілердің өз “бизнесіне” балаларын да тарта бастауы, сорымызға қарай, қалыпты үрдіске айналып бара жатыр. Араб елдерінде бұл “бизнес” “жетістігінің” шырқау биікке көтерілгенін көрдік. Аяқ-қолын кесілген сияқты етіп көрсете алу, бірін-бірі ит сияқты жетектеу, мүләйімсіп, ыңырси тіл қату, қасынан жүрегің дір етпей өте алмайтындай кейіпке ену сияқты алақан жаюдың небір айла-тәсілдерін меңгерген қайыршыларды көргенде әрқилы ойға шомасың. Сол қайыршылар арқылы ислам дінін ұстанған елдердің жай-күйін танығандай боласың. Қайыршысына қарай баға берсең, тіпті әлгі елдерден түңіліп те кетесің. Көп адам сондай ойда қалады.

Ал шынтуайтында оның бизнес екенін білгенде, еріксіз таңдай қағасың. Бағымызға орай әйтеуір бізде қайыршылар таланты ондай биікке көтеріле қойған жоқ. Жалпы, қайыршылық бізге жат ұғым. Мән берсек, қайыршылық та жаңаша сипатқа ие бола бастаған діни өзгерістермен бірге келді. Ал дәстүрлі діндерін басқа бағытқа бұрып алған елдерде қайыршылық тіпті өрістеп кетті. Әрине, қоғамдық өзгерістерді жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұдан жаман кезімізде де тойға барғанымызды ұмытпағанымыз жөн. Қайыршылық біздің қанымызда жоқ болғандықтан да сонау ашаршылық жылдары алақан жаюды ар санаған қаншама отбасы ана дүниеге үйлерінен шықпаған қалыптарында аттанып кетті. Иә, біз ол кезде “өлімнен ұят күшті” екенін білуші едік. Сол ұятты ұлттық болмыс ретінде қалыптастырған дәстүрлі дін еді.

Біз дінді ұлтты ұйытқан қазанның қақпағы деп білдік. Енді міне, қазаннан қақпақ кетіп еді, барлық келеңсіздік алға шықты. Бұл – “Дін мемлекеттен тысқары” деген түсінік “жемісі”. Әйтеуір кеш болса да мемлекет дінді бауырына басуға пейілділік таныта бастады. Діни министрлік құрылды. Биліктің бұл шешімін, ендігі жерде қазанымыз қақпақсыз болмайды деп қабылдағанымыз жөн. Мынандай бір тәмсіл бар. Бірде Пайғамбарымызған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бір түйе құрма артқызып алып, келе жатады. Жолшыбай кездескен бір адам түйекештің қасына барып, жеуге құрма сұрайды. Пайғамбарымыз ған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан “Ана кісі не шаруамен жүр екен?” дейді. Түйекеш оның құрма сұрағанын айтады. Пайғамбарымыз ған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  “Онда берсейші” дейді. Түйекеш “Құрма қапта еді” дейді. Пайғамбарымызған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  “Онда қабымен бер” дейді. Бұл “Қап түйеге шырмалып байланған еді” дейді. Сонда Пайғамбарымыз ған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) “Байлаулы болса түйемен бірге бер” дейді. Түйекеш “Тағы бір сылтау айтуға өзімді де қосып беріп жібере ме деп қорықтым” деген екен.

Міне, ислам дінінің шынайы болмысы. Дін адамдарға қол жайғызу үшін емес, қайта сол жайылған қолды болдырмау үшін келген. Ендеше, Алла Тағала бізді қайыршысы жоқ елге айналуымызды нәсіп етсін!

Құдияр Біләл

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған