АЛЖИР-де азап шеккендер

Сталиннің дәуірі жүріп тұрған 1930 жылдары қазақтың біртуар азаматтарын жою жоспары жүзеге асырылды. 1937-1938 жылдары ғана 60 мыңнан астам қазақ зиялылары ұсталып, сонау Сібірге жер аударылып, көптеген азаматтарымыз атылып кетті. Оларға  «алашордашы интеллигенция», «шетелдің тыңшысы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағып, соттағанын соттап, атқандарын атып, көбін Сібірге жер аударды. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов тағы басқа арыстай азаматтарымыз бар еді. Сол кезде ОГПУ-ды  1934 жылдың 5 қарашасынан басқарған Г.Ягоданың орнына 1936 жылдың қыркүйек айынан бастап  қанішер Н.Ежов келген болатын. 1937 жылы  Орталық комитеттен …тез арада ниеті түзу емес адамдарды қамап, дереу ату үшін «үштік» құрып, жауабын беру жөнінде тапсырма болады. «Үштіктің» құрамына жергілікті партия комитетінің секретары, НКВД-ның бастығы мен прокурор кіретін болған. Бұл тапсырманы Ягода мен Ежов жүзеге асыруды тездеткен. Бойы бір жарым метрден сәл ғана асатын, бастауыш білімі ғана бар Ежов 1923-1924 жылдары Семейдің губкомында жауапты хатшы, 1925-1926 жылдары Ф.Голощекин бастаған Қазақ өлкелік комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған. Қазақтың нанын жеп, суын ішкен ол, қазақтарды жақсы білді. 1937 жылы шілдеде «бұрынғы құлақтар мен советтерге қарсы элементтерді репрессиялау операциясы туралы» нөмері 00447 шұғыл бұйрыққа Сталин қол қойған болатын. Сол жылдары Ежовтың тікелей  бұйрығымен 1,5 миллионнан астам жазықсыз адам түрмеге қамалып, оның тең жартысынан астамы атылған. Ежовтың бұл әрекетін Сталин білмеді деу сандырақ. Оның  1937-1938 жылдары  Сталинге 290 рет кіріп, ақылдасып отырғаны тарихта бар. Жазықсыз ұсталғандарға жасаған айуандығын айту мүмкін емес. Тұтқындардың  тістерін, тырнақтарын кемпірауызбен жұлып, ұрып-соғу  сияқты азаптаудың жан түршігерлік түрлерін жасаған.

АЛЖИР-дің ашылуы

ОГПУ-дың бастығы болған Ежов алғашқы жиналысында: «Мен халық жауы болғандардың атақ-даңқына қарамай отырғызамын, атамын, ешқандай аяушылық жасамаймын», — деген және солай істеген. Оның сыртында  Ежов Орталық комитеттен ұсталғандардың бірінші категориясына (бірінші категория — өлім жазасы, екінші категория — он жылға қамау), яғни атуға 259 450, соңынан тағы да 22500 адамға лимитті өсіруге рұқсат сұраған. Ал 1 ақпан мен 29 тамыз аралығында қосымша 90 мың адамға лимит сұраған. Ондай рұқсатты, әрине, Сталин  кешіктірмей беріп отырған.

1930 жылы мамыр айында КСРО ХКК «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру (ҚазЕТЛАГ) туралы» қаулы қабылдады. 1931 жылы 19 желтоқсанда шешім шығарылып, «Гигант» совхозы ОГПУ-дің Қарағанды жеке еңбекпен түзету лагері болып қайта құрылды. Оны қысқаша «Қарлаг ОГПУ» деп атаған. Бұл мекеменің «Долинское» селосында басқармасы  орналасып, ГУЛАГ-қа (Мемлекеттің лагерь басқармасы) тікелей бағындырылды. Оның аумағы  батыстан шығысқа — 200, ал солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырым болды. 1937 жылы 3 шілдеде НКВД-ның бастығы Ежовтың тапсырмасымен  ГУЛАГ бастығы Берман қол қойған шифрограмма бойынша НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы  Миронов пен Қазақстан ішкі істер халық комиссары Залин шұғыл тапсырма алады. Онда  «26 нүкте» деп аталатын орыннан тікенек сыммен қоршау орнатып, күшейтілген күзет қою тапсырылады. Ал 1937 жылы 3 желтоқсанда НКВД-ның номері 00758 бұйрығы шыққан. Бұйрықта  «26 нүктеде» еңбекпен түзету орнын ашу туралы болды. Ол жер ешқандай құжаттарда лагерь деп көрсетілмей, тек «26 поселок» деп көрсетілді. Бұл күн шын мәнінде АЛЖИР-дің ашылған күні болды. Соның негізінде НКВД-ның Ақмола арнайы бөлімінде КАРГАГ-қа қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. Тұтқындар бұл лагерьді «АЛЖИР» деп атады. Бұл лагерьге Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалды. Осында қамалған  8000-дай әйелдің бар айыбы «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағандығы еді. Ұсталған тұтқындар пойызбен АЛЖИР-ге алғаш 1938 жылы қаңтардың  40 градус суығында  әкелінді.

Азаматтары үшін абақтыға қамалған асыл жарлар-ай!..

Бұл келгендер Мәскеу, Иркутск, Калуга, Орынбор және Ростов қаласынан еді. Лагерьде сабан араластырылған шикі топырақ кірпіштен жасалған алты барақ болды. Әр бараққа 250-300 адамнан сиятын және екі-үш қатар ағаш нар болды. Нардың екінші қатарының тұсында терезенің орны бар, бірақ әйнек салынбаған. Боран уілдеп соғып, бір терезеден кіріп, екінші терезеден шығып, аңырап тұратын. Барақтың жанында күзетшілерге арналып салынған бірнеше үйшік тұр. Барақтың шыға берісінде  темірден жасалған ұзын қолжуғыш қойылған. Су аулаға жақын орналасқан Жалаңаш көлінен шелекпен тасылады. Барақтар тікенді  темір тормен қоршалған. Әжетқана темір тордың жанында ағаштың сыртқы қабық жағындағы горбылінен жасалған. Айнала ұшы қиыры жоқ жазық дала. Лагерге алып келген әйелдердің көбі мемлекет басшыларының, әскери қолбасшылардың, басшы қызметкерлер, сондай-ақ партия секретарларының әйелдері мен жақын туыстары еді. Олар, атап айтқанда, маршал М.Тухачевскийдің қарындасы Е.Тухачевская, Блюхердің шешесі, А.Енукидзенің әйелі мен қызы, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса (енесі сонда қайтыс болып, жерленген), С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Күнжамал, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Қожановтың әйелі Күләндам, С. Меңдешовтың әйелі Рәзия, С.Аспандияровтың әйелі Рабиға, Н.Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, З.Темірбековтың әйелі Сақыпкамал Назарова, Краснолуганск обкомы секретарының әйелі Мария Анцис және Тимур Гайдардың шешесі Лия Соломянская да болған. Сонымен қатар жолдастары әртүрлі басшы орындарда болған Майнұр Сарымолдаева, Мария Есқараева, Мариям Тоғжанова,  Елизавета Садуақасова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, лагерьде атылған Кира Нұрмағанбетова, Жанбике Шанина, Хадиша Мусина, Әйіш Құлымбетова, Бижамал Сырғабекова,  Сағадат Таштитова, Өзипа Куленова, Мағрипа Рүстемова,  Әсьма Шоманова, Зағипа Тіналина, Баршын Кәлменова, Мадина Оразова, Марияш Есенгелдина тағы басқа көптеген қазақтың зиялы азаматтарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын» өтеді. Лагерьге баласымен түскен аналардың балаларын 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырып, балалар үйіне жіберетін.

Ана мен баланы айырған заман-ай…

Зарап Темірбековтың әйелі Сақыпкамал небәрі 29 жаста екен. «Өзім Ақмола тұрғыны болып, сол кезде Ақмола лагерінің тұтқыны боламын деп ойладым ба?» — деп еске алады Сақыпкамал. Сегіз жыл отырып, 1946 жылы лагерьден шыққан соң, жұмыс іздеп Көкшетауға, Шымкентке, Ақмолаға барады. Алматыға баруға рұқсат жоқ. Барса, пәлеге ұшырайды. Өйткені төлқұжатында «№39» деген белгі бар. Ол «Совет мемлекетіне қауіпті элемент» деген ұғымды білдірген. Лагерьден шыққан соң, балалар үйіне сұрау салып, қызын табады. Ал ұлы Жаңартты 34 жыл өткен соң ғана тапқан. Темірбек Жүргеновтың жолдасы Дәмешті де тұтқындап, 58 статьяның 17-тармағымен 8 жылға соттаған.937 жылы мамырда Тұрар Рысқұловты Кисловодскде кезекті демалыста жүрген жерінен тұтқындаған. Сол мамыр айында жолдасы Әзизаны да курорттан қуып шыққан. Сол жылы Әзизаны шешесі Әрипа екеуін де 58 статьямен соттап, КАРЛАГ-қа әкелген. Қыздары Сәуле мен Риданы жетімдер үйіне алып кеткен. Риданы Осакаровкадағы балалар үйіне әкелген күні оны әпкесі Сәуле танып, бауырына басқан. Сөйтіп, екеуін тағдыр балалар үйінде жолықтырған. Сталиннің солақай саясатының кесірінен Әзиза КАРЛАГ-та он жыл отырған. Кейін ақталып, 1988 жылы 10 маусымда дүние салған. НКВД  әйелдердің аяғының ауырлығына да қарамаған. Қаншама сәби жарық дүниеге келмей жатып, құрсақта темір тордың дәмін татқан. Өздері ауыр, жағдайы жоқ жұмыспен айналысып жүрсе де, өз баласын емізіп, оларды күтуді аналар  ауырсынбаған. Олар үшін ең ауыры омырауындағы баласын тартып алып, жетімдер үйіне алып кетуі еді. Сәби үш жасқа толған күні ботадай боздатып, құлындай шыңғыртып ана мен баланы екі жаққа айырып жіберуден өткен қасірет бар ма екен? Тіпті балаларын қайда алып кеткенін де айтпаған. Ондағысы ана баласын, ал бірге туған бауырлар бірін-бірі  таба алмасын деген ой екен. Қазақстандағы түрмелерде туған балалардың есебі жүргізілмеген. Алайда Долинка,   Семейдегі лагерьлерде барлығы 1507 бала дүниеге келген деген дерек бар. Ал 15 жасар баланы «халық жауы» деп соттағанды естігендеріңіз бар ма? Бар екен, ондай жағдай  дүниежүзінде Кеңес өкіметінде ғана кезде

Асхананы сәндеген суретшілер әдісі

15 жасар Николай Булка деген оқушы  мектепте ойнап жүріп, байқамай Михаил Калининнің суретін жыртып алған. Сол үшін Коляны 58-баппен «халақ жауы» деп соттап, түрмеге қамаған. Осындай жауыздықты фашистер ғана істейді деуші еді. Сөйтсек, ондай фашистер  социализмді орнатып, коммунизмге апаратын  коммунистік қоғамда да бар екен.  Лагерьдегі тұтқындардың 90 пайызы жоғары білімді мамандар,  сонымен қатар ғалым да, инженер де, әртіс те болған. Солардың бірі атақты орыс балеринасы Майя Плисецкаяның анасы Рахиль Плисецкая да қамауда болған. Рахиль сегіз жылға сотталып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалған. Кейін «халақ жауының» әйелі ретінде қайта үкім шығарылған соң, сегіз айлық баласы Азариймен бірге АЛЖИР-ге айдалған. Сондай-ақ, «Қасиетті тағдыр іздері» атты лагерь өмірі туралы жазған жазушы Михаил Зелцердің анасы Брайн Лурье де осы лагерьдің тұтқыны болған. АЛЖИР тұтқыны Мария Даниленко өз естелігінде: «Біздің арамызда ленинградтық профессорлар мен Харьков опера театрының труппасы түгелге жуық болды. Инженер, дәрігер, кәсіби суретші, геолог, мұғалім, құрлысшы — бас-аяғы жүзден аса мамандық иелері бар еді. Лагерьдің қиын өмірін бастан бірге өткіздік. Қиындыққа шыдамай, естері ауысқандар және өліп кеткендер де болды. Ленинградтық кәсіби суретшілер асхана ішін суретпен әшекейлеу үшін әйелдердің іш киімдерін қайнатып, бояу алу тәсілін тапты. Сөйтіп, суретшілер асханаға әдемі сурет салып шықты. Олар: А.Васильева, Л.Покровская, И.Борхман және М.Мыслиналар еді», — дейді.  Лагерьде өзінің не үшін отырғанын білмейтін әйел де болған. Тергеуші: «Сенің күйеуің тракторист», — деп айқайлаған. Ол: «Жоқ, ол ешқашан тракторист болған емес, бригадир болған», — деген. Сөйтсе, ол әйел  «троцкист» деген сөзді ешқашан  естімеген екен ғой, «троцкист» деген сөзді тракторист деп түсініпті.

Аштықтан сақтау амалы

АЛЖИР-де Зинаида Гинзбург деген  неміс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі ауылдағы кітапханаға барған. Оның жанында ВОХР (әскериленген күзет) бар. Кітапхананың жауапты адамы сол әскериленген күзеттің саяси жетекшісі екен. Зинаида барып одан «Белинскийдің бар-жоғын сұраған» ғой. Сонда саяси жетекші оған: «Дивизион құрамында ондай адам жоқ», — деп паңдана жауап берген деп жазады өз кітабында М. Зельцер.  Тұтқын әйелдерге қамыс жинатып, бақша отырғызған. Олар отырғызған таңқурай өте көп және қалың шыққан. Кенттің кейін Малиновка аталуының негізгі себебі осы болатын.

Гертруд Платайс өзінің естелігінде: «Бірде тұтқын әйелдер Жалаңаш көлден қамыс арқалап келе жатқанда жолдағы жергілікті қазақтар оларға қарай тас лақтырған. Сонда қарауылдар: «Сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылда да жек көретінін байқадыңдар ма?» — деп күлген екен. Сонда бір әйел алдына түскен ақ тастан сүт пен ірімшіктің исін сезіп қалады. Әлгі ақ тасты тістеп көрсе, керемет дәмді, сүт татитынын байқап, әйелдерге жинап алыңдар дейді. Бараққа келген соң, оның тас емес, құрт екенін қазақ әйелдер түсіндіріпті». Осы «ақ тас» кейін «Құрт — қымбат тас» деген өлеңге арқау болған. Өлеңнің авторы — Голубева Раиса.  Өлең «Бізге лақтырғандары тас емес, құрт, олар біздің жау емес екенімізді біліп, бізді аштықтан сақтаудың амалын тапты, мен неміспін, Құдайдан өзіме ешнәрсе сұрамаймын, сұрайтыным осы балалар мен қарттардың амандығы» деген мазмұнда жазылған. Жергілікті қазақтар олардың жолындағы шидің түбіне нан, ет, құрт, ірімшік сияқты тамақ түрлерін жасырып, әйелдерге беріп отырған.

«Лагерьлердің жақсысы жоқ, бірақ қазақстандық лагерьлерде қазақтардың көмегінің арқасында бізде  тірі қалғандар көп болды. Алғашында әлсіз әйелдер жан тапсырды. Қамауда отырғандар негізінен интеллигенция  ғой. Олар жер қазып, қамыс жинап, трактор жүргізді», — дейді Раиса Жақсыбаева «Азаттық» радиосына берген сұхбатында. Кейін лагерь өз алдына ауылшаруашылық өндірісі, шеберханасы мен тігін фабрикасы бар сан-салалы шаруашылыққа айналды. Оларға жоспар беретін болды. Кейін соғыс басталған жылдары майданға азық-түлік, жылы киімге дейін жіберуге жәрдемші болған осы тұтқын әйелдер болды. 1953 жылы Сталин өлген соң, лагерь жабылды. Кейбір әйелдер лагерь жабылған соң да кетпей, сол жерде қалып қойды. Олардың бірі — украинка Ефросия Яковленко. Ол босаған соң, Серікбай Тайғаринге тұрмысқа шығып, сонда қалған.  Болашаққа жол салып, өркендеу үшін өткенді еске алып отыру өркениетті қоғамда қалыптасқан дәстүр. Ал бізде еске алып отыратын жағдайлар өте көп. Солардың бірі — 1937-1938 жылғы қуғын-сүргін, яғни террор. Ол тарихта «ежовщина» деген атпен қалған репрессия жылдары.

Елбасының Жарлығымен 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Биыл сол қуғын-сүргінге 80 жыл толып отыр. Сондықтан жазықсыз жапа шеккен арыстарымыз бен түрмелерде азап көрген аналарымызды халық болып еске алып, марқұм болғандарға құран бағыштау — азаматтық борышымыз.

 

                                           Беркін Әкебаев,

Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған