«Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам»

жобасы қоғам дертіне дауа бола ала ма?

Өмірге келген өз баласын өзектен тебудің бір жолы – әйелінен заңды түрде ажырасқан әкелердің алимент төлемеуі болып тұр. Өкінішке орай, елімізде ажырасу фактісінің күннен-күнге артып бара жатқанына куә болып жүрміз. Санды сөйлетейік десек дене түршігеді, статистиканы бермеске тағы болмайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы бес жылдың ішінде 200 отбасының шаңырағы шайқалған. Басқаша айтқанда, әрбір үшінші неке заңды түрде бұзылған.

 Тағы бір қынжылтатыны, аталған 200 отбасының басым бөлігі балалы жандар. Сәби анасына жақын болатындықтан, ажырасу кезінде балалардың нағашыларын паналайтыны бесенеден белгілі. Басталмай жатып әңгімелері таусылып жатқан жұбайлар да аз емес. Ең сорақысы, жоғарыда атап өткеніміздей, алимент төлемей, өз белінен шыққан баланың тағдырына немқұрайлы қарап жүрген әке көп. Әрине, алдын алмағасын аурудың асқынып кететіні белгілі. Қоғамның осы бір дертін сәл де болсын жеңілдетудің жолын мемлекет болып, халық болып іздеп жатқанымыз да жасырын емес.

Осы орайда ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын аздап тілге тиек етуді жөн көріп отырмыз. Кеңес жұмысына Парламенттің Сенат және Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің және Бас Прокуратураның жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Консультативтік кеңестің мүшелері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқанын айта кетейік. Күрделі тақырыпты қозғаған жиында алименттерді өндіру бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланғаны түсінікті жайт. Жаға ұстатарлық деректердің көкесін Жақып Асановтың өзі жайып салды. Мәселен, оның айтуынша, бүгінгі таңда  Қазақстанда 32 мыңға жуық бала мемлекеттік балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Олардың 70 %-ның ата-аналары бар. 4 миллион отбасының әр сегізіншісінде әке жоқ немесе балалар шешесіз өсіп жатыр. Әр бесінші бала некесіз туса, 350 мыңнан астам бала өзін тастап кеткен ата-анасына тәуелді болып отыр екен. Алимент бойынша қарыздың көлемі де ұлғайып, 2 млрд. теңгеге жуықтап қалды.  Бас прокурор соңғы үш жылда 13 мың борышкердің құқықтары шектелгенін атап өткенімен, бұл шаралар жағдайды жақсартпағанын да жеткізді.

%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%bc%d0%b5%d0%bd%d1%825

Мәселені май шаммен қараған Бас Прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірігіп «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын дайындады. Оның мақсаты – балалардың пайдасына алименттерді өндірудің тиімді жүйесін құру. Жобаны іске асыру шеңберінде заңнамалық деңгейде алимент мөлшерін белгілеу тәртібін қайта қарау, мәжбүрлі жұмыс түріндегі жаңа қылмыстық жаза түрін енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетулерді алуға шектеу шараларын арттыру ұсынылды. Аталмыш шаралар баланың мүддесін қорғауға және   борышкердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған дейді мамандар. Неке бұзу процестерінде психолог-медиаторлардың қатысуларын көздеу, бірлескен қамқорлық институттарын енгізу ұсынысы ортаға тасталды. Сонымен бірге, алынған алименттерді жұмсауды әлеуметтік қызметтің бақылауына алу институтын енгізу мәселесін пысықтау қажеттігі баса айтылды. Жобаның бір шетіне үңілгенімізде борышкердің өндіріп алушыға мүлкін беру арқылы алименттерді төлеу мүмкіндігі қарастырылғанын байқадық. Жиын соңында Бас Прокуратура Әділет, Ішкі істер министрліктерімен, Жоғарғы Сотпен және басқа да мемлекеттік органдармен алименттерді төлеу бойынша проблемалы мәселелерді түбегейлі шешуге бағытталған 30 шара бекітілді. Жаңа жоба, қолға алынған шаралар қашан әрі қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.

Бірақ, ең дұрысы, әсіресе, әлі үйлене қоймаған және енді ғана отбасылы болған жас жұбайларға ажырасудың қандай апат әкелетінін ұғындырған жөн. Елінің келешегін ойлаған әрбір Қазақстан азаматы жанұясының жағдайын кемел қыла алмаса да бұзылып кетуіне аса сақ болуы тиіс. Сонда ғана Қазақ елінде жартылай жетім бала, төленбеген алимент деген ұғым өз мәнін жояры сөзсіз.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған