АЛЛА МҰНДАЙ СЫЙ-СИЯПАТТЫ ӘЙЕЛГЕ ҒАНА НӘСІП ЕТКЕН

Топырақ астына тірідей көмілген кішкентай шарананың шектеулі құқықтарын кең шариғатымен кеңейтіп, күңдікке сатылып, көрген күні қараң болған әйел затының табан астына жәннатты төсеген, оған жұмақтың сегіз бірдей есігін ашып, «қалағаныңнан кір» деп таңдау берген, өзіне тән әлсіздігі үшін оны өзгенің сұқ көзінен қорғап, әуретін жауып жүруді бұйырған ислам әйелдің абыройын, арын қорғайды. Раббысынан қорқып, еріне деген адалдығын сақтап, бүлік тудырмас үшін ұртына тас толтыра сөйлеген әйелді Жәннатқа бірінші болып кіргізген Алла Тағала әйелге ақыретте көп сый-сияпат уәде еткен. Осынау мол сауаптан сүйіншілеген, төменде келтірілген хадистер жалпы әйел қауымына, ерін ауыр сөздерімен күніге ренжітіп, басына сөйлеймін деп баласының, басқаның алдында ерінің сыйын кетіретін кей әпке-сіңлілерімізге ескерту болар деп үміт етеміз. 

 

«Ерін Алла жолындағы (жорығына) жіберіп, ар-намысы мен абыройын, (сеніп тапсырылған мал-мүлікті, т.б.) қорғап, үйінде қалған әйел Жәннатқа күйеуінен 500 жыл бұрын кіреді және оның қызметінде 70 000 періште болады. Әйел жұмақта ғұсыл алынады да, кейін ол інжуден болған  тауда отырып, ерінің (сонда, жәннатқа) келуін күтеді».

«Уа, әйелдер! Сендердің ең абзалдарың Жәннатқа ер адамдардан бұрын кіреді.  Кейін бұл тақуа әйелдер тазаланып, ғұсыл алынып, әсемденіп болғаннан кейін ең жақсы аттарға мініп, ерлерін қарсы алуға шығады. Олар (өздеріне) өте қымбат әшекейлерді тағып, жандарында қызметшілері болады. Және олардың (сыртқы келбеті көзге) жарқырап тұрған інжу тастардай  көрінетін болады!»

«Ер азамат әлденеге алаңдаулы, абыржулы күйде үйіне келген кезде әйелі оны жылы шырай таныта қарсы алып, жанын тыныштандырып, қолдау білдірсе, әлгі әйелге Алланың жолында жүрген адамның сауабының тең жартысындай сауап бұйырады».

 

«Жүкті әйел әр түн сайын түні бойы құлшылыққа тұрып, күні бойы ораза тұтқан адамның сауабындай сауап алады».

«Баласын аман-есен дүниеге әкелген әйел адам 70 жыл бойына намаз оқып, ораза тұтқан адаммен тең. Және босану үстінде ауырсыну сезімін бастан өткергені үшін бір рет жасалған қажылылықтың қарымтасын алғандай болады».

«Құрсағына сәби біткен әйелге бір Алланың жолында күніұзақ ауыз бекітіп, түнімен ғибадат-құлшылығын орындаған адамдікімен теңдей сауап бұйырады. Ал әйелдің толғағы ұстаған сәтте (танытқан сабырлығы үшін) қанша сауап берілетінін ешкім де білмейді».

«Ері үйіне оралғанда оған (адал, ибалы да ізетті болған күйі) ас-суын ұсынған әйел 12 жыл бойына құлшылық еткендей сауапқа ие болады».

«Егер әйел үйін сыпырып, тазалап жүрген кезінде Алланы ұлықтап, зікір ететін болса Қасиетті Қағбаны тазалап жүргендей мол сауап иеленеді».

«Намазы мен оразасы түгел, ерін разы еткен тақуа әйелге Жәннаттың сегіз есігінің барлығы  бірдей айқара ашылады. Ол бұл есіктердің көңілі қалаған кез-келгенінен кіре алады».

«Жұмақта адамдар Жаратушысымен қауышуды қалайды, ал Алла Тағала бұл ерекше нығметті өткінші дүниеде мұсылмандық (хиджаб) талаптарды орындап, әуретін жауып жүрген әйелге бұйыртады».

«Жалған дүниеде жасаған ізгі амалдары себепті Жәннатқа кірген әйелдер хор қыздарынан да сүйкімдірек, әдемірек болады».

«Бұл дүниенің әйелдері хор қыздарынан 70 000 есе абзалырақ».

«Сендерге Жәннатты мекен етушілер жайлы хабар берейін бе? Олар – сендерге бала туып беруші, қайырымды жұбайларың. Олар сендермен сөзге келіп, ренжіскен жағдайда бірінші болып келіп, қолын сіздің қолыңыздың үстіне қойып: «Сіздің разылығыңызды алмастан ұйқыға жата алмаймын» – дейді».

«Әйел адам босанғаннан кейін оның баласын омырау сүтімен емізгендегі әрбір жұтымы үшін оған өліні тірілткенмен теңдей сауап жазылады. Әйел емізуін тоқтатқан кезде періште оны иығынан қағып: «Сауап алуды жалғастыр» дейді екен».

«Түн ішінде жылаған сәбиіне еш шағымданып сөйлеместен тұрып сүт берген әйел бір жыл бойына намаз оқып, ораза тұтқан адамдікіндей сауапқа ие болады».

Бірде Алланың елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп, мынадай сұрақ қойған екен:

–         Уа. Алланың Елшісі. Мен ең әуелі кімге жақсылық жасайын?

–         Анаңа.

–         Одан кейін ше?

–         Анаңа.

–         Ал одан кейін?

–         Тағы да анаңа.

Әлгі адам соңғы рет:

–         Ал одан кейін кімге жақсылық жасайын? – деп сұрағанда, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

–         Әкеңе, – деп жауап берген екен.

 

Islam-Today.ru сайтынан аударған: www.nurgasyr.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған