Алла тағаладан кешірім тілеу

 «Шүкіршілік ете отырып, Раббыңды пәктеп ұлықта. Сондай-ақ, Одан жарылқау тіле, сөзсіз Ол (құлдарының) тәубесін қабыл алушы» («Наср» сүресі, 3-аят).

«Тақуа жандар қанша күнә жасап немесе өз-өздеріне қиянат істеп қойса, бірден Алланы еске алып, жасаған күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан өзге кім кешіре алады? Сондай-ақ, олар біле тұра істеген күнәні қайта-қайта істемейді» («Әл-Имран» сүресі, 135-аят).

Бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім  Алладан кешірім тілеуді әдетке айналдырса, Алла тағала оған әрбір қиыншылықтан шығатын жол және әрбір уайымнан құтылатын шара (айла) нәсіп етеді. Сондай-ақ, ойламаған жерден ризық береді».

Әл-Ағарр әл-Музәни (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кей кездері жүрегімді бұлт секілді тұман басып кетеді, сол үшін де Алладан күн сайын жүз рет кешірім сұраймын»,  – деп айтты, – деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жанымды уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Егер сендер еш күнә жасамайтын болғандарыңда, Алла тағала сендерді әкетіп, орындарыңа күнә жасап, дереу Алладан кешірім сұрайтын қауым әкеліп, оларды әрдайым жарылқап, кешірер еді» – деген (Муслим, тәубә 11).

Ибн Омар (р.а.): «Кей кездері Алла елшісінің бір отырыстың өзінде біздің есебіміз бойынша: «Уа, Раббым, мені жарылқап, кешіре гөр! Тәубемді қабыл ала гөр! Сен Тәууабсың (құлдары қанша күнәға батса да, тәубесін қабыл алушы) әрі ерекше мейірімдісің – деп жүз қайтара дұға жасағанына куә болатынбыз» – деген.

 Дайындаған: Амантай Тойшыбайұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған