«АЛМАС ҚЫЛЫШ» ӨЗ ИЕСІН ТАПТЫ

Қазақтың хас тарихшысы, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді «Алмас қылыш» сыйлығымен марапатталды.

Алаш идеясы туралы сүбелі еңбектер жазған, көрнекті тарихшы ғалым, ҚР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелді биыл 70 жасқа толды. Осыған орай, қазақтың көне сауытсайманын жасаушы шеберлер, темірші ұста Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлментегілер профессор Мәмбет Қойгелді қызмет ететін Абай атындағы Қаз ҰПУ-ге арнайы ат басын бұрып келіп, өздері соққан алмас жүзді айбалта сыйлады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Айтберген Жетенұлы: «Біздің бұл тағайындаған сыйлығымыз басқа ешбір сыйлыққа ұқсамайды. «Алмас қылыш» — тәуелсіз сыйлық. Ол ұлтына қалтқысыз қызмет жасап жүрген, халық мойындаған көрнекті тұлғаларға ғана беріледі. Осыған дейін бұл сыйлыққа ақынжазушылар Олжас Сүлейменов, Роллан Сейсенбаев, Иран Ғайып, Герольд Бельгер, Сәтімжан Санбаев, Жәркен Бөдеш, Талғат Айтбайұлы, Мұрат Әуезов, Арон Атабек, Жұмын Шарақымбайұлы, Дүйсенбек Нақыпов т.б. сияқты қазақтың таңдаулы ұлдары ие болған. Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Алаш қайраткерлерінің жүрген жолына адалдық танытып, қазақ халқына шын пейілмен қызмет жасап келе жатқан нағыз ұлтшыл тұрғыдағы тарихшы Мәмбет Қойгелді ағамызды осы сыйлыққа лайық деп таптық», — деді.

Мәмбет Қойгелді темірші ұсталар көрсетіп отырған құрметке алғыс айта келіп: «Бұл жарық дүниеде халықтың алғысына ие болғаннан артық сыйлық та, бақыт та жоқ. Мен бұл сыйлықты халық беріп отыр деп есептеймін. Ал “халық айтса, қалт айтпайтыны” мәлім. Алаш айбалтасын жоғалтпасын!» — деді. Одан кейін сөз алған мәдениеттанушы Махмұт Жетенұлы, қоғам қайраткерлері — ақын Болат Шарахымбай мен Ғабиден Жәкей «Алмас қылыш» тәуелсіз сыйлығының су жаңа иесі туралы өз пікірлерін айтып, шығармашылығына табыстар тіледі.

Дина Құлжанова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған