Алматыда тұрмысы төмен отбасыларға тегін үй беріледі

Алматы қаласының әкімдігі бұдан былай тұрмысы нашар отбасыларға тегін үй бер мәселесі қаралғаны туралы мәлімдеді. «Береке» мәдени-білім қоры» мен Алматы қаласы әкімдігі арасындағы келісім бойынша жүзеге асатын бұл шара – еліміздің оңтүстік астанасында тұратын біраз отбасыны баспанамен қамтуы мүмкін – дейді BAQ.kz тілшісі.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша «Береке» қорымен жасасқан келісім шарт негізінде қаланың Алатау ауданынан төрт қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар 120 орындық балабақша да осы ауданнан бой көтереді деп жоспарлануда.

«Кәсіпкерлердің қолдауы арқасында қалада 158 спорт алаңдары пайда болды. МЖӘ аясында балабақшалар көптеп ашылуда, сонымен қатар 4 мектеп пен 1 емхананың, өзге де объектілердің құрылыстары басталды. Өткен жылы жалпы құны 40 млрд. теңгеден астам меморандумға қол қойылды», — деді қала әкімі.

Әкімшілікпен меморандумға қол қойған «Береке» қорының президенті Бағдаш Сүлейменов бұл қоғамдағы қордаланып қалған баспана мәселесін шешудегі ең бір тың қадам екенін айтады.

«Бұл меморандум Мемлекет басшысының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі саясатын жүзеге асыру болып табылады. Бұл істің басты мақсаты — тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созу. Жағдайы төмен жанұялар мұндай үйлерде тегін тұра алады. Жалпы, біздің қорымыз көмекке мұқтаж жандарды оларға көмек берушілермен байланыстырады», — дейді қор президенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған