Амал – Алашқа ортақ мереке

ӘЛІМ АТА АҚСАҚАЛДАРЫ АМАЛДЫ ОТПАН ТАУДА ҚАРСЫ АЛУ ТУРАЛЫ ҰЙҒАРЫМҒА КЕЛДІ

Газетіміздің өткен санында «Амал – Алаштың тойы» деген атпен 2018 жылдан бастап Отпан таудағы Амал мерекесін қарсы алудың жаңа ережесін жариялаған болатынбыз. Бүтін Алаштың басын біріктіруді, қазақтың бірлігін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат тұтқан қазақтың қарашаңырағы-Маңғыстаудағы Амалға еліміздің түкпір түкпірінен игі жақсылар келіп, керемет дәстүрге куә болуда. Келер жылғы Амалды тойлаудың жаңа ережесіне бүкіл бір рулы ел-Әлім ата ақсақалдары қолдау білдіріп жатыр. Бұл да бірлік пен ынтымақтың әдемі үлгісі. Олай болса, төменде Әлім ата ақсақалдарының ұйғарымын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Лада» газетінің редакциясынан

Ардақты ағайын! Маңғыстаудағы Әлім ата ақсақалдары Амал мейрамын қарсы алуға қатысты бір ұйғарымға келді. «Келесі жылдан бастап, өз алдымызға Амал мерекесін тойлауды қойып, Отпан тауда Амал мерекесін Адай ата ұрпақтарымен бірігіп ұйымдастырамыз, қарсы аламыз» деп шешім қабылдадық.    

%d0%be%d1%82%d0%bf%d0%b0%d0%bd-%d1%82%d0%b0%d1%83             

«ЛАДА» газетінің 23.02.2017 ж. 08 санында шыққан «Амал – Алаштың тойы» атты сегіз арыс жұмысшы тобының алқасы мәлімдеген «Адай Ата-Отпан тау» этно-мәдени орталығында қоғамдық негізде амал мерекесін, көрісу, қарашаңырақ дәстүрін жалғастырудың жаңа ережесін оқып шықтым.Өте дұрыс бағыт, қонымды шешім. «Отпан тау» кешенінің қалай басталып, қалай салынып, он жылдан бері халықтың құтты имани, рухани орнына айналғанына куәмін.

Өткен жылдарда, әлсін-әлсін қайталанып келе жатырған әлемдегі қаржылық дағдарыстарға қарамай, Адай ата ұрпақтары xалықты бірлікке, ынтымаққа, имандылыққа шақырып тұрған қасиетті алып кешенді ешкімге сауын айтпай салды және жыл сайын дамытып келеді. Бұндай асқақ кешен Қазақстанның еш жерінде жоқ. Осымен тұрмай, Адай атаның сегіз арыс рулары, міне, сегіз жылдан бері өз күшімен кезектесіп, жыл сайын ата-баба руxына ас-садақа ұйымдастырып, исі қазақты бірлікке, туыстыққа, ынтымаққа шақырып келеді. Өзіміз көріп-біліп жүрміз, егемендік алғалы Қазақстанның әр аумағында ата-баба руxына үлкенді-кішілі кесенелер, кешендер салынуда. Алайда ашылуында дүркіретіп той жасап, содан кейін басылып қалып жатқандарында байқаймыз. Ондай тариxи, имани орындарды салғанда, жас ұрпаққа қазақы салт- дәстүрді, ата-баба руxын сыйлауды аманат-үлгі етуді мақсат тұтып салып жатырған жоқпыз ба?! Өкінішке орай Маңғыстаудағы осы баянды дәстүр көп жерде жалғасын таппай келеді.

%d0%b0%d0%b0%d0%b0

Бүгінгі күнгі жаһандану саясаты мен мәдениеті ұлттық саясатымыз бен төл мәдениетімізге шабуыл жасап, шешуші айқасқа кірісіп, жан-жағымыз аласапыран болып жатырғанда, ат төбеліндей қазақтың ұлт болып, мемлекет болып жан сақтап қалуының жалғыз жолы – ұлттық салт-дәстүрімізді, ауызбіршілігімізді сақтап қалу, осы құндылықтарды жас ұрпақтың қанына сіңіру деп түсінемін.

Осы тұрғыда Адай Ата ұрпақтары ата-баба дәстүріне берік, аманатына адал, рухы жоғары тұрғанын өз істерімен дәлелдеді деп есептеймін. Маңғыстаудың – қазақтың қарашаңырағы, Адай руы – сол қарашаңырақтың иесі екендігіне жыл сайын оты маздап сөнбей тұрған қара қазан куә!

Сондықтан, кеше осындағы Әлім ата ақсақалдары мен азаматтары жиналып, «Келесі жылдан бастап, өз алдымызға Амал мерекесін тойлауды қойып, Отпан тауда Амал мерекесін Адай ата ұрпақтарымен бірігіп ұйымдастырамыз, қарсы аламыз» деп шешім қабылдадық. Қазақтың салт-дәстүрін, Амал мерекесін бүкіл қазақ болып көтерейік, ағайын!

ӘЛІМ АТА ҰРПАҚТАРЫНЫҢ АТЫНАН

ӘЛІМ ЖАНТЕКЕ ЖӘРІМБЕТОВ

АҚТАУ ҚАЛАСЫ

«ЛАДА» ГАЗЕТІ 09 (744) 2 НАУРЫЗ 2017 ж.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған