Амал мен ниет

   Пенденің ниеті аса маңызды. Ол сол ниетіне қарай діттеген межесіне жетеді. Яғни бір адам ақиқатты аттап Құдайдан қашық өмір кешкісі келеді. Өмір бақи солай Хақ Тағаладан қашқандықтан ниетіне сай оның баратын жері де – Құдайдан қашық Жәһаннамның оты. Енді біреу амалы мен құлшылығы шала болса да қашан да ниетін түзу ұстап, Хақтың рақымынан шексіз үміт етпек. Алла Тағала да оның ниетіне қарай Жәннатына алады.

Пайғамбарымыздың хадисіне үңілсек, Махшар күні бір мұсылман таразыға тартылады. Бірақ күнәлары сауаптарынан басым келіп, жәһаннамға кетуге үкім шығарылады. Әлгі бейшараны періштелер екі жағынан ұстап Жәһаннамға қарай сүйрей бастайды. Сонда әкетіліп бара жатып әлгі бейбақ қайта-қайта бұрылып артына жалтақтап қарай береді. Осы кезде Алла Тағала періштелерден әлгі адамның неге қарай беретінін сұратқызады. Әлгі пенде сонда: «Мен тірі кезімде ылғи да Алла Тағаланың рақымынан үміт күтетінмін. Күнәларымның көп екенін білсем де, ешқашан Оның рақымынан үміт үзбеген едім. Рақымы шексіз Алла Тағала мені Жәһаннамға тастай қоймас. Өйткені, Ол Рақымды әрі менің күнәларымды кешірсе Оның рақымынан ешнәрсе кемімейді ғой деп іштей ойланып жүретінмін. Ол мені сөзсіз құтқарады деген үмітпен ғұмыр кештім. Қашан да оның шексіз рақымына сиындым. Енді міне қайта-қайта артыма қарайлап, түкке де түсінбей келемін. Менің күнәларым мен сауаптарым тартылып, күнәларым ауыр басты да, Жәһаннамға үкім шығарылды. Бұлай боларын әу бастан білгенмін. Бірақ Алла Тағаланың рақымы шексіз еді ғой. Рақымы шексіз Алла Тағаланың маған рақым етпеуі мүмкін емес. Оның рақымынан әлі де күдер үзбей қайта-қайта артыма қарайлап келе жатқаным содан»,- деп жауап қатады. Сол кезде Рақымды Алла Тағала: «Мен құлымның ойлағанына қарай үкім беремін. Оны Жәннатқа апарыңдар»,- дейді.

Иә, мұсылманның ниеті аса маңызды. Алла Елшісі: «Мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы» дейді. Бұның мысалын Ақырғы Пайғамбар (с.а.с.) басқа хадисінде былайша түсіндіреді: «Адамдар дүние жағынан төртке бөлінеді. Бір пенде бар. Алла Тағала оған мал-мүлік пен ілім берген. Ол дүние-мүлкін текке шашудан Алладан қорқып, оны шариғат заңымен жұмсайды. Жақындарына қол ұшын беріп, Аллаға деген борышын ақтайды. Міне, осылай ол ең үлкен мәртебеге жетеді. Бір пенде бар. Алла Тағала оған ілім берген. Бірақ дүние бермеген. Алайда бұл адамның ниеті адал. Ол «Егер дүнием болғанда пәленшедей қайыр жолға жұмсайтын едім» дейді. Алла Тағала оның осы адал ниетін қабыл етіп, сауап жағынан алғашқы дәулетті адаммен теңестіреді. Үшінші бір пенде бар. Оған Алла дүние берген. Бірақ, ілім бермеген. Бұл адам бар малын өзінің нәпсіқұмарлық жолына жұмсайды. Алладан қорқуды яки жақындарына қарайласуды білмейді. Мал-мүлкіндегі Алла Тағаланың ақысын да бермейді. Бұл – ең жаманы. Төртінші бір адам бар. Алла Тағала оған мал да ілім де бермеген. Бірақ ол дүниесін оңды-солды шашып, ысырап еткен жаман адамдарға қызығып «Па, шіркін! Егер менің де сондай дүнием болғанда, пәленшедей оңды-солды шашып, дәл солай өмір сүретін едім» дейді. Бұл да күнәкар адамдай, күнә жағынан онымен теңеседі».

Ендеше, адамның ниеті аса маңызды. Сондықтан ол амалына қарай емес, ниетіне қарай сауап алады. Ниеті бұзық кісінің жасаған құлшылығы да, амалы да қабыл болмайды. 

Бірде Ухуд соғысына Мәдинадағы барлық сахабалар аттанып кеткенде, Кузман деген бір адам соғысқа бармай қалады. Оны көрген Мәдинаның әйелдері «Соғыс қашқыны» деп келеке етеді. Ол бұған шыдай алмай намысқа тырысып, қалың қолдың артынан қуып жетіп, алдыңғы сапқа шығады. Дұшпанға садақ атып, ақырында қылышын суырып алып, ақырып жаудың ортасын ойып қаһармандық көрсетеді. Алыстан бұны бақылап тұрған Алла Елшісі сахабаларға: «Ол – Тозақтық»,- дейді. Кузман соғыста жан сала айқасып, ақырында ауыр соққы алып, жараланып жерге құлайды. Сол кезде бір сахаба Алла Елшісіне келіп: «Пайғамбарым! Жаңа сіздің Тозақтық деген адамыңыз хас батырдай айқасып өлді»,- дейді. Пайғамбар тағы да: «Ол жәһаннамға кетті»,- дейді. Мына жауапқа қатты таңырқаған кейбір мұсылмандар әуелгіде түк түсіне алмады. Олар осылай екіұдай пікірде тұрғанда бір сахаба келіп: «Пайғамбарым! Әлгі адам әлі өлмепті. Бірақ ауыр жаралы»,- дейді. Осы кезде Кузманның қасынан өтіп бара жатқан Қатада деген сахаба оған жақындап: «Шейіттігің мүбәрак болсын!», – деп құттықтау айтады. Кузман ақырғы рет басын көтеріп: «Ант етейін! Мен дін үшін соғыспадым. Бар-жоғы өз қауымымның абыройы үшін ғана айқастым»,- деп жауап береді де, өзіне қол жұмсап өліп кетеді.

Бұл жағдай шұғыл Пайғамбарымызға жеткізіледі. Алла Елшісі: «Аллаһу әкбар! Мен – Алланың құлы һәм Елшісі екендігіме куәлік етемін»,- дейді. Сосын хазіреті Біләлға қарап: «Жәннатқа мұсылмандар ғана кіреді. Исламға көмектескен адамның амалы оның иманды екендігінің дәлелі емес. Алла қаласа бұл дінді пасық кәпір адаммен де қуаттандыра алады»,- дейді де осы сөздерді халыққа жеткізуге бұйрық береді.

Иә, түзу ниет пендені Хақтың рақымы арқылы жәннатқа бастаса, бұзық ниет иесін жәһаннамның құрдымына құлдилатады. Рақымды Алла Тағала барша мұсылманның ниетін түзу етіп, екі дүниеде бақытты ғұмыр нәсіп етсін! Пейіліміз қашан да пейішке жетелесін! Қайта тірілетін махшар алаңында жүзімізді жарқын, иманымызды кәміл етсін! Әмин!

Мұхитдин Иса

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған