АМАНАТТЫҢ ЖЕТУІ

Пайғамбар бірде серіктерімен келе жатқанда, жолда азықтары таусылды. Жебрейіл алтын табаққа салынған пейіштің құрмасын әкелді. Пайғамбар «біссімілдә» деп қол созды. Серіктері де жапырлай құрма жеуге кірісті. Бір кезде пайғамбардың ойына миғраж сапары оралды. Көңілі толқып кетті. Табақтағы бір құрма көзіне оттай басылды. Түркі даласында дүние есігін ашатын үлгілі үмбеті есіне түсті. Кереметі, құрма қолға түспей дөңгелей берді. Сахабалар таңғалды. Сол сәтте Жебрейіл де келіп жетті.
– Уа, Хақ нәби! Бұл Сайрамдағы Ахметтің несібесі, – деді. Серіктері «Сайрамы несі» деп аңтарылып қалды. Сол кезде пайғамбар:
– Уа, Жебрейіл, миғраждағы Ахмет күні кеше кездескендей есімде. Бірақ ол төрт ғасырдан соң тумай ма? Ол заманға бұл құрма қалай жетеді? – деді. Жебрейіл:
– Тәуекелі мықты бір сахабаңа тапсыр. Алла жәрдем берсе жеткізеді, – деді. Пайғамбар сахабаларына қарап:
– Уа, бауырлар! Мына құрманы 400 жылдан соң Сайрамда туатын Ахметке кім жеткізеді? Кім тәуекелге бел байлайды? – деді.
Ешкім үндемеді. «Төрт жүз жылға дейін ғұмырымыз жетпейді-ау» деп күмәнданып тұрды. Сол кезде Арыстан сахаба:
– Алла ғұмыр берсе, аманатты иесіне жеткізейін. Не де болса, нар тәуекел, – деді.
– Жарайсың, Арыстаным! Тәуекел ет те, тас жұт. Ажал келмей өлмек жоқ. Ер азаматқа кеттік дегенде «қашан» демейді, «қайда» деп сұрайды. Осы ерлігің үшін Тәңірім мақсатыңа жеткізсін. Ғұмырың ұзақ болсын! Кәне, аш аузыңды, – деді де, құрманы тілінің астына жасырып: – Таңсәріде тұрып, түркі даласын бетке аласың. Ұзақ сапар, ауыр мехнат шегесің. Бармаған жерің, баспаған тауың қалмайды. Темір етігің теңгедей, темір таяғың тебендей болар. Жеті дарияны кешіп өтесің, жеті таудан асып өтесің. Аманаттың жүгі ауыр. Дұшпанға сырыңды берме, досыңа қырыңды берме. Діттеген жеріңе жеткенше мың өлім, мың қауіп қасыңда жүреді. Күніне тоқсан тоғыз бәле жауса да, бір Алладан күдер үзбе. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына келгенде аманат иесі алдыңнан шығады. Санасында сәулесі бар бала жүзінде иманы бар момынды жазбай таниды.
– Ахметті мен қалай танимын?
– Оған алаң болма, ізетті баланың медрессеге кірген ізі сайрап жатады. Шыққан ізін шаммен іздесең де таппайсың, – деді.
Арыстан бәрімен қоштасып, сапарға шықты. Айтқандай, аманатты жеткізу оңайға соқпады. Кей кездері жапан түзді жалғыз кезді. Қарсақ жортпас шөлден асты. Құлан жортпас белден асты. Балдырлы-балқаш көлден асты. Жетпіс түрлі елді аралады. Жетпіс жұрттың тілін білді. Дос та жолықты, дұшпан да кезікті. Бірде қонақ боп бал ішсе, бірде қуғынға түсіп, қан ішті. Бірақ аманаттың міндеті бір сәт босаңсуға мүмкіндік бермеді. Неше таңның атып, неше күннің батқанын айта алмайтын жасқа жетті. Себебі төрт ғасыр артта қалды. Иманға толы кәрі жүрек аманаттың иесіне жетіп қалғанын сездіріп тұрды. Бұл кезде төрт қақпалы Сайрам шаһарына да жетіп еді. Ұзақ жолдан қажығасын дем алмаққа өзеннің жағасында аялдады. Бір кезде.
– Ассалаумалейкүм, Арыстан ата, мүбәрәк пайғамбардан алған бата, – деп бір жас бала сәлем берді. Баланың түрі бейтаныс болғанмен әдебі мен ибасы пайғамбар сүндетін есіне салды.
– Көп жаса, қарағым. Кімнің баласысың? – деді Арыстан бап.
– Әкемнің аты – Ыбырайым, шешем – Қарашаш. Мүбәрәктай болсын деп әкем атымды Ахмет қойған.
– Қайдан келесің?
– Медресседен.
– Неге теріс қарап келе жатсың? Алдыңмен жүрсең болмай ма?
– Бабам Әзіреті Әлі «маған бір әріп үйреткен адам мені құлдыққа сатса ризамын» деген. Ұстазымнан дәріс алып келем. Құран-хадиске жүйрік қылған ұстазға арқамды көрсетіп, теріс қарап жүргенім әдепсіздік болады. Ілім-білім мың саты. Оның тоғыз жүз тоқсан тоғыз сатысы әдептен тұрады. Бір сатысы ғана жаттанды ғылым. Сондықтан әдептен оза алмадым, – деді Ахмет. Кәрі сахаба сол кезде барып, медрессеге кірген ізі бар, шыққан қадамы жоқ ізетті баланы тани кетті.
– Балам, атың Ахмет, кеудең толы хикмет екен. Аманатыңды ал, аузыңды аш! – деді де төрт жүз жыл сақтаған құрманы тілінің астынан суырып, Ахметтің таңдайына тастады. Бала ойланбастан жұтып қойды. Арыстан бап сасып қалып:
– Аманатты сонша жыл сақтағанда, еңбегімді елемегенің қалай? Тым болмаса, «Ата, ауыз тиіңіз демедің ғой?» – деді.
-Ата, онсыз да ұзақ жыл сорып, етін жеп, сүйегін қалдырыпсыз. Дәмін тататын да ештеңе қалмапты, – деді қулана жымиып.
– Ең болмаса, бір ауыз алғыс айтпадың ғой. Қанша дегенмен арқалап әкелген еңбегім бар еді.
– Жарайды, ата. Сыйға сый, сыраға бал деген. Бұдан былай жұрт алдымен сізге келіп түнесін, бізден тілек тілесін.
– Әумин, бала. Айтқаның келсін, – деп бетін сипады.

«ЯССАУИ ФЕНОМЕНІ» кітабы, 47-48- беттер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған