Ана қарызынан құтылатын жол бар ма?

Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, отбасының ұйытқысы, қала берді бүкіл аймақ, барша ел ынтымағының нәзік үйлестірушісі. Адуынды би, азулы хандардың өзі ел аналарының алдында кішірейіп, олардан ақыл алып отырған. Тіпті, қалам ұстап, елдің атынан сөз сөйлеген ақын-жазушылардың шығармаларында да анаға байланысты жағымсыз образдардың болмауы, болса да сирек кездесуі – осыған дәлел.

Біз бүгін өз мақаламызда «кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын», амал жасап, сауапқа кенелсін деген ниетпен белгілі тұлғалардың аналарына көрсеткен құрметтері, ананы сыйлаудың озық үлгілері туралы сөз етіп отырмыз.

Шер ағаңды толғандырған бір сұрақ

(немесе дүниенің төрт бұрышы тұлға болсын десеңіз…)

Аты тек қазақ халқына ғана емес, сонымен бірге көршілес бірқатар елдерге де мәлім болған белгілі жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз жесір қалып, қиындық көрген анасы туралы екі бірдей кітапқа жүк болатын «Ай мен Айша» деген роман жазады. Жарын халық жауы деп ұстап алып кеткен соң шиіттей балаларын адам қатарына қосу үшін жан аямай жүгірген Айша ананың тағдыры кім-кімді болса да ойландырмай қоймайтыны анық. Балаларын бары мен бағына балаған сол жан туралы жазушы қалай толғанады дейсіз ғой? Иә, автор шығармасын бастасымен-ақ түсіне ылғи туған жері мен анасыныңкіретінін айтады. Қаламгерді  ойландырған, қолына қалам алып, кітап жазуына себеп болған –  «НЕ ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАДЫҚ АНАМЫЗҒА?» деген жалғыз ғана сұрақ. Бұл жөнінде өзі былай деп жазады: «…Мен паркке бара жатқанда, Қазыбек би көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысында бір мәшке итті машина басып кетті. Жаңадан күшіктеген екен. Күшіктері арыққа төселген құбырдың ішінде қалған. Машина соларды таптап кетеді-ау деп, ана сорлы моторлы тажалға қарсы ұмтылған.

«Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға – дүниенің төрт бұрышы болар тұлға!» – дейтін еді Айша. Ана қарызынан қалай құтыламыз?!»

Ардақты бауырым! Аяулы сіңілім! Енді бір сәт ойланып көрші! Білдей бір атақты жазушының өзін ойландырып, санасын сергелдеңге салып, толғандырып қойған осы бір сұрақ сені де мазаламай ма?

«Анамды жұбатайын деп…»

Жастар іздеп жүріп оқитын ақын Жұмекен Нәжімеденовтің де ең ауқымды, жүгін қайыспай көтерген тақырыптарының бірі – ана тақырыбы. «Жұмекенді құдайдан тілеп жүріп көтергем…» деп еміреніп отыратын анасының қадірін ерте ұққан ақын:

Жылдан-жылға сөніп барад түрі, үні,

Шешем сорлы айықпайды-ау ғұмыры, –

деп жырлап, ауруға шалдыққан қарттың тағдырына зор алаңдаушылық білдірген. Бүгінде ауырған әке-шешесін ауыртпалық көріп, қарттар үйіне өткізіп жатқандардың қатары көбеймесе, азайған жоқ. Айықпас ауруға шалдыққан анасын аялаған ақын өмірі сол адамдарға үлгі етуге тұрарлықтай.

Келін баптап ақ көрпесін жапқанға,

«Мені ерекше күтеді» деп мақтанба:

Жерде – маған,

Аспанда анау айға анық

Байғұс қартым бара жатыр айналып,

Қызыл қаның – ақ қанға –

деп егіледі ақын. Иә, бала мен келіннің асты-үстіне түсіп, аналарын құрметтеуі олардың міндеттері екенін шегелеп айтқан ол:

Менің ыстық алақаным, қолдарым,

Сен тоқыған байпақ құрлы болмады, –

деп анасының алдында мәңгілік қарыздар боп қалатынын бас ие мойындайды. Анасын өмірінің соңына дейін жүрегіне сап аялап өткен Жұмекен Нәжімеденов ақыры оған арнап «Ақ шағыл» деген роман жазады…

Ал поэзия падишасына баланған Фариза апамыз өзінің әдебиетке, өлеңге келуін анасына деген жанашырлықпен байланыстырады.  «Мен мектепке бармас бұрын мұғалім болып істейтін 22 жасар апайым ауырып қайтыс болды. Оның алдында 9-сынып оқитын ағайым да аз ғана ауырып дүние салған. Осының бәрі біздің үйге, әсіресе, анама үлкен қайғы-қасірет әкелді. Мен анамды жұбатайын деп кіп-кішкентай болып «Батырлар жыры» кітабын, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырларын үйді басыма көтеріп оқи беретінмін. Сонда анам жасын тыйып, мені тыңдайтын» – дейді ақын.

Батырлар да анасынан рұқсат сұраған!

Небір аласапыран, нәубетті жылдарда ел намысын қорғап, отаны үшін отқа түскен ерлер қазақ тарихында аз болған жоқ. Солардың бірі – небәрі он жеті жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскен Райымбек батыр. Жауырыны  қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай болған сол адуынды батыр жауға шығар алдын

Айналайын, анажан,

Рұқсатыңды бер маған, –

деп анасының алдынан өтеді екен.  Ал жатса да, тұрса да бауыр еті баласының амандығын тілеуден жалықпайтын ана:

Қолыңды жай, құлыным,

Жәрдем болсын Құдайым! –

деп Құдайына дұға жасайтын көрінеді.

Иә, қарап отырсаңыз аталған тұлғалардың бәрі де анасының қарғысына емес, алғысына бөленуді мақсат тұтып, сол үшін қам жасаған. Ананың балаға арнап жасаған дұғасының қабыл болатыны сөзсіз. Сондықтан бұл азаматтардың да тұлға болып қалыптасып, қоғамда абыройлы болуына себеп болған бірден-бір дүние болса, ол – аналарының разылығына бөленгендері деп білеміз. «Анадан артық дос бар ма, ашудан артық қас бар ма?» деп халық мәтелінде айтылғандай,  өмірде анадан артық сырлас дос, сыйлас жан болмақ емес. Ендеше, өзің көрмеген жақсылықты анаң көрсе, басыңнан сипап, ризашылығын білдірсе, бүкіл әлемде одан асқан бақыт жоқ шығар…

 asylarna.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған