Антон Павлович Чехов

Чехов жайлы қызықты деректер оқып отырып, оның қазақша айтқанда, мына бір әулиелігіне еріксіз бас шайқадым. Антон Павлович бірде Станиславскидің үйінде режиссердің ескі танысымен бірге қонақ болады. Ел арасында берекесіздеу адам ретінде танылғанымен, ескі таныс үй ішіндегілермен емен-жарқын әңгімелесіп, әзілдесіп, көңілді отырады. Оған үнемі зер салып отырған жазушы қонақ кетісімен үй иесінен ол жайлы егжей-тегжейлі сұрай бастайды. Станиславский Чеховтан мұның бәрін не үшін білгісі келгенін сұрағанда, әйгілі жазушы «мынау ауру адам ғой, ол өз-өзін өлтірмей тынбайды» дейді. Арада бірнеше жылдар өткенде Станиславский сол танысының у ішіп өлгенін естіп таң-тамаша қалады. Бұл бір деп қойыңыз. Екінші эпизод: Чехов Сергей Рахманиновпен алғаш кездескен кезде «сізден үлкен адам шығады» дейді. Кейіннен атағы дүркіреп шыққан әйгілі композитор жазушыдан мұны неге сүйеніп айтқанын сұрағанда, Антон Павлович «ол бет-әлпетіңізде жазылып тұр» деген екен. Чеховтың негізгі мамандығы дәрігер екендігін, оның шығармалары әлемдегі ең көп экранизацияланатын һәм сахналатын үш автордың (Шекспир, Диккенстермен бірге) бірі екендігін, оның туберкулезбен ауырып, қымызды сүйсіне ішкенін оқып-естіп жүргеніммен, мына қасиетін бұрын-соңды естімеппін. 28 жасында-ақ Пушкин сыйлығын алып, жарқ еткен орыстың аса талантты жазушы-драматургы емделу үшін Германияға бара жатқан өзінің соңғы сапарында да бір танысына “өлу үшін кетіп барам” деген көрінеді. 29 қаңтар күні туғанына 159 жыл болатын қастерлі қаламгердің Баденвайлерден қарындасына жазған соңғы хаты «Жоқ-жітікке қарайлас. Анаңды күт. Тату болыңдар» деп аяқталыпты.
Дәурен Берікқажы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған