«Аралдан әзіл оздырған…»

Биыл қазақ сатирасының саңлағы, «Тамаша» әзіл-оспақ отауының негізін салған майталмандардың бірі, саналы ғұмырын сахна төрінде өткізген Құдайберген Сұлтанбаев тірі болса мерейлі 70 жасқа толар еді. Алланың бұйырған тағдырына қарсы тұрар шама бар ма, дөңгеленген дүниеде Құдайбергенсіз таң атып, күн батқалы жеті жылға жақындапты. Өкінішке орай, қазіргі балалар түгілі жастардың өзі театр өнері мен «Тамашаның» тарланын тани бермейді. Ал, ол туралы ағынан жарылып әңгіме айтып, сыр ақтарар бірден-бір жан – атақты актер Тұңғышбай Жаманқұлов. Үзеңгілес достары Мейірман, Тоқсын мен Уайыстар дүниеден өткенде өмірдегі әрі өнердегі «нағашы-жиен» Құдайберген мен Тұңғышбайдың жүрегі қарс айырылды десек артық емес. Ең жаманы, жетпіске де жетпей жүрегі тоқтаған Құдайбергеннің табытын көтеріп, қабіріне топырақ салу тау тұлғалы Тұңғышбайға қалай ауыр тигенін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Өмірдегі әрі өнердегі жиені де, жан берісер досы да, бауыры да болып кеткен Құдайберген Сұлтанбаевтың бақилық болуы Т.Жаманқұловты есеңгіретіп жібергені ақиқат. Әйтсе де, «өлгеннің артынан өлмек жоқ» демекші, уақыт зырғып өте берді, шынайы достың бейнесіне ары қарап, бері қарап, ауыр да болсын қолға қалам алды. Көз жасы араласып жазылған естелік сахна саңлағының өмірден өткеніне бір жыл толғанда жазылған болса керек. Аталмыш естелікті назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

«Аралдан әзіл оздырған…» 

Құдайберген Сұлтанбаев туралы шын нағашысы Тұңғышбайдың сөзі.

          …Өмірден өткендер туралы естелік жазуым көбейіп барады, бәлкім, қымбаттарым мен қызығым азайып бара жатқандықтан болар. Құдайберген Сұлтанбаев та бұ дүниемен бүгін-ертең қош айтысады деп ойламаған, қаперіме алмаған болуым керек, шамасы. Жарық дүниеде жоқ екеніне әлі де сеніңкіремей, пендекилік күй кешудемін. Әзірге қасымда жоқтығы шын сезіліп, сағыныштың сал шекпенін кие қоймағандаймын. Құдайы көршімін, үй арасында үй жоқ, көше жақтағы кабинетінің шамын жұбайы Дәкен өшірмей жағып қояды. Күндегі әдетінше, Құдекең кейбір министрдікінен еш кем емес атшаптырым жұмыс столына шұқшиып, бірдеңелерді шимайлап отырған сияқты көрінеді маған… Қағаз-қаламға, құжат-суретке, хат-хабар мен жазба-сәлемдерге өте мұқият Құдекең ылғи бірдеңелерді түгендеп, қаттап, пісенттеп, буып-түйіп жүруге қатарластарымыздың ішіндегі ең пысығы еді. Қатарлас түгілі, амандастардың да туған, жүрген, «бұзған-сызған» күндерін ұмытпай, пошта арқылы ашықхат салып, құттықтап жүретін. Мен ондайға салақпын, «өгіздей» болғанша, өз туған күнімді «тойлау»,  қаперге  алып, қатарластың құттықтап, қол қысуын күту сияқтылар ойда болмаушы еді. Кейіндері әдеттене бастадық қой, оған да үйреткен Құдекең… Әгәрки мына компьютер болмағанда, бұрындарғы жазған-сызғандарым, айтқан сөздерім, сурет-құжаттарым шашылып жататын, іздегенде таба алмай әлек, шат-шәлек боп жүретінмін. Алғашқы кітабым «Наздың» қолжазбасын, тезис-түртпе, ескертпелерін бүгінге дейін жоқтаймын… Кезіндегі «оқсатып» айтқандарым, «жусатып» жазғандарым қайда қалмады дейсіз, жазушы болмаған соң, хатқа түскендердің қадірін білмей, қағаз-құжатқа ысырап көңіл көрсеттік қой, өкінішті, әрине.

…Екеуміз арадан қыл өтпестей тату, ажырамас дос болдық деп айта алмаймын, Құдекеңнің «Арали» арқалылығына, «Әліми» ақұдайлығына, адами тайраң-талғамына ық жақтан дөп келу оңай дүние емес-тін. Қырғи мінез, қаннан келген өр кеуде бар-ды… «Тегін адам таз болар ма» деуші еді атам Жаманқұл-рахымелі… Шығармашылдық, сахналастық, қатарластық, жолдастық, достық – бір басқа.  Бастысы, өнер ceknfy-418x254жасауда арамызға адалдықтан басқа еш ібіліс кіре алмаған. Беті аулақ, олай болған күнде екеумізді де Ұлы Өнердің кепиеті атар еді! Халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігінен махрұм қалар едік бәлкім… Замандас болған соң сырлас, мұңдас, армандас болдық. Әуезов театрының босағасын аттауына себепкер болғанымды біреу біліп, біреу білмес… Марқұм Қадыр Жетпісбаевтың кезінде тәп-тәуір дүмпу тудырған «Құлыным менің» қойылымына гитара шертетін көше селтеңбайын іздеп, кім бар екен деп қарманған кезінде, ретін тауып Қадекеңнің құлағына сыбырлап жібергенім себеп болмасы бар емес пе? «Ертең ертіп кел, көрейік» дегені… Содан бері, «әкемтеатрдың» отына бірге күйіп, күліне қосылып көмілу басталған… Бұл – ақиқи! Өнер еліндегі, оқшаулағанда театр тауанындағы «тахыт пен бақыттың» биік баспалдақтары өзара бөлісіп қойылған, біз секілді сары ауыз «салага-кірмелерге» орын жоқ кезеңде, азар да безер болып өз жолымызды іздегеніміз ақиқи! «Орда бұзар отызға» кеп қалсақ та, театр сахнасының төрі түгіл, табалдырығынан орын таппай «тепкі» көргеніміз де ақиқи! Эстрада мен киноңызды қоя тұрыңыз, біздер үшін бірі белсіз, бірі сөлсіз күйде-тұғын. Райымбек Сейітметов ағамыз 1976 ма екен, әйтеуір осы шамалас жылдың 1-сәуірінде, Республика (ол кезде Ленин) Сарайында «Күлкі Күнін» атап өтпекшіге арналған құрама-концертке қоюшы-режиссер болып, жарықтық Оспанхан Әубәкіровтың ешкімге тиіспейтін «Балық» деп аталатын миниатюрасын орындауға «іздегеніне сұраған» болып, бір ұзын, бір қысқа Құдекең екеуміз көзіне түсіп, қаперіне ілігіппіз… «Аяғы бар балық пен қолында таяғы бар балық» содан бастап дүркірей жөнелді! Сол кездегі Кеңес Одағына танымал барлық юмористердің репертуарын көріп-біліп, көжеқатықтанып біраз «азықтанған» екеуміз, атақты одессолық қуақылар Ильченко мен Карцевтің стилін таңдап, оның қазақи жолына түстік; ол – «Нағашы  мен Жиен» әзілдері боп шықты. «Құдай сыйлап»,  сол кездегі министр Жексенбек Еркімбековтың ықыласына кезігіп, үкімет есебінен екеумізге ерекшелер ғана саудалайтын құпия «складтан» мұздай екі костюм-шалбар сатып алынып, 1979-дың қақаған қысында, VI – Бүкілодақтық эстрада артистері конкурсынан, Петербордан (ол кезде Ленинград) бір-ақ шықтық! Одақтық әжуаның арыстаны Аркадий Райкин төрағалық еткен ордалы жюридің оң көзіне ілігіп, қызық болғанда, бір домбыраны екеулеп тартып, бір ауыз орысша қатырып сөйлеместен-ақ «дипломант»  боп оралдық. Бүгіндергі атағынан ат үркетін «Тамаша» сода-а-ан кейін басталған, ол «ойын-сауық отауы» аталған телехабардың, концерт сайын жұрттың ішек-сілесін қатырып, қазымырланып бара жатқан Құдекең екеуміздің жұрттың «қышыған жерін күлкімен қаситын» әзіл-қалжыңымызға  әукелері түсіп, қиялдары қозғандықтан, теледидардағы жігіттердің «қолдары қызып, көздері қызарып» құшырланғандарынан, анығы Камал Смаилов ағамыздың «ана екі жігітті пайдалансаңдаршы» деген нұсқаулы діттеуінен, Құдекең екеуміздің бұрын-соңды бола қоймаған, ерекше эстрадалық-миниатюралық орындаушылық мәнерімізден бастау алғанын айтып қоймасақ, арада «ақылгөйлер» мен «білгірлер» араласып, бізді «Тамаша» адам қылды деп оттайтындар шығып жүр. Негізі, керісінше болатын. «Тамаша» деп ат қойған да өзіміз едік. Бұл жоба басталғаннан басы-қасында болып, режиссерлік етіп өте көп еңбек сіңірген, қазақшаға шорқақтау болғанмен,  ұстыны ұлтжанды,  марқұм Лұқпан Есенов ағамыздың біздің аузымыздан шыққан әр қағытпамызға қарқылдап күлгеннен басқаға шарқының аз болғаны да, ал алғашқы редактор Қойшығұл Жылқышиевтың осы атты қолдап, «дұрыс екен» деп бас шұлғығаны да шындық-дүр. Шынымды айтам деп, сырымды ашып отырған шығармын, қысылатын дәнеңем жоқ, барым осы, қыжылы көп қырыс мінезім көп қазаққа белгілі, көлгірсіп қайтейін. Менің де «жалымды теріс тарап», жел жағыма абайсыз келу – әжептәуір ауыр шаруа. Бұлтақ-сұлтақты ұната бермейтін, «бұралаң-айналма» жолдарды ұғына қоймайтын, шиырлап шын жақта жүретін «жынымды» Құдекең де білетін, тораңғының қисық бұтағындай қыңыры көп мінез-құлқымыз өзімізге аян, «құдаша, әлім-сәлім, сырыңыз маған мәлім» деген…

…Сөйтсе де, екеуміздің бір-бірімізге деген суреткерлік сүйкіміміз асып-төгіліп жатушы еді. Қызылордалықтардың сөз саптауы мен ерекше мақамды термелерін естігенде есім шыға еліріп кететінім Құдекең үшін керемет «көзір» болатын. Сыр өңірін жайлаған туысы мен бітімі бөлек туыстардың әзіл-қалжыңы мен парықты сөйлем құрауына әуестігімнің құмарын Құдекең қандыратын…  Әсіресе Сыр сүлейлерінің түрікпен шалыс жырларын, Кете Жүсіп пен Дүр Омар, Жиембет, Рүстембек, Көшенейлердің кернейлі күңіренуі менің мазамды кетірердей тәнті қылатын. «Шырағым, шынмен ия, саумысың хи, Басыңнан бақ-даража таймасын күй, Парықсыз, ақпа құлақ ақымақ болмай, Көрінсе нұсқалы сөз көңліңе түй, Ай сайын әр насихат аңлытамын,  Қаупайлап, толқи ма деп қатпаған ми! Тұрғанда бидай бітеу нан болмайды, Теріден тон болмайды көрмеген и!» деп, аңырата келіп қайрылатын,  ерекше кестеленіп келетін, қазақтың өзге аймақтарындағы әуен-ырғақтан мүлдем өзге  естілетін төкпе жырларға есімнен жаңылардай әлі күнге әуеспін! Тек айта да, қайталай да алмаймын! Өйткені, қаным қызылордалық емес. Сықпыт-тұрпатым кәрі  Сейхұнның емес, ерке Таластың суына сусындаған тараздықпын, амалым не!? Ол мақамдарға Құдекең тұспалмен, ептеп жағалайтын, кемдігі Кете руынан емес, өзі әзілдеп айтатындай  «Бони-М» (Төртқара) де емес, қарапайым Құрманай деген атадан болғандығынан.

…«Құрманай» демекші… Бұл Құдекеңнің руы, үрім-бұтағы, тұқым-тұқияны осы тек-көгеннен тарайды, арғы атасы Кіші Жүздегі алты ата Әлімдер. Сабыр  қылыңыз,  руға бөлінушілік бәлдірге  баламай тұра тұрыңыз, ондай дерттен аманмын… Әңгімемнің ауаны бөлек… Биыл ерте көктемде, Құдекеңнің жүзіне Аралға бардым, топырағын алғаш басуым… Аудан әкімшілігі ұйымдастырып, қаражат-шығынын түгел көтеріп алған асқа, ат шаптырым кафедегі пірлі дастарханға жиылған ағайындары мен жерлестері менімен жабыла амандасып, жылы сөздерін жаудырып жатқан. Әрине, «майыстырып»,  ортадан қабырға қайыстырып, сөз сөйледім. Бір кезде егделеу тартқан қария,  «Ей, Тұңғышбай,  қарағым, сен  Құдайбергеннің шын нағашысысың, оның жөні былай» деп төбемнен жай түсіргені… Сөйтсем, Құдекеңнің арғы атасы Құрманай, менің атақты бабам  Бәйдібек бидің кіші қызынан туған ұрпақ екен! Құдекең маған шын жиен болмай кім болады, сонда? Бұл не?! Төтеден, жоғарыдан түскен назар ма?! Біріміз нағашы, біріміз жиен болып ел алдына шығуымыз, бір Алла(һ)ның әмірі ме?! Құдекең мұны білді ме, білсе маған неге сездірмеді екен!? Мүмкін оның қажеті бола қоймаған да шығар, өйткені, біздер былай да бірге болатынбыз, бөлінбеуші едік, ру тұрмақ, жерге де! Қазақ деген рудың емес, тудың төңірегінде едік. Солай едік… Астан кейін қайтар жолымда осы ойлармен оңаша қалған мен, қанша жүрдек дегенмен, Аралдан Қызылордаға жеті сағатта зорға жеткен пойыздың купесіне сыймай, әлем-жәлем күй кешіп, жеті минутқа көзімді іле алсамшы!

…Ұйқы мен мазадан баз кешу аз болды ма, өтті ғой біраз сүрлеу… Өнер жолының бұрылыс-бұлталаңы, қатігез қарамағы мен қаһарлы төңірегі талай тәтті арманымыз бен балаң тазалығымызды тас-талқан еткенін айтсам, «тағы да жылай бастады-ау» деп айыпқа бұйырар ма екенсіз, ағайын?!.. Құдекең екеуміздің ел арасындағы танымалдығымыз, соншама шарықтап, аспандап тұрған кездерде қалайша әйгіліліктен басымыз айналып, табанымыз жер тіремей, талып түспегенбіз деген ойға қалам, қазір… Көшеде жүрудің өзі қиындық туғызған күндер болған. Қаумалаған қарындас, алқалаған ағайында қисап жоқ еді. Алла(һ)ға шүкір,  әрине. Алайда, атағымыз аспандаған сайын, қара шаңырағымыздағы бізге деген көзқарас басқаша бола бастамасы бар ма? «Эй, вы, трепачи!» – деп кекететін басшымыз.  Кезінде жиілеу болып тұратын көрерменмен кездесулерге екеумізді екінші сорттылардың қатарына қосып, шетке ысырып, өздері төрде «кең сөйлеп, кесек турайтын» да, біз етекте, көрерменнің көңілін аулайтын қосшылар боп қала беретінбіз. Құдай сақтасын, бұнымыз төрге таласу емес-ті, кішілік пен ізеттен хабары бар қазақтың сүттей ұйыған ортасынан тәлім алған тәлабалармыз ғой. Пәлсәпә соғып, пайғамбар көрінген «пірәдарлардың» «пашпырты» біткен соң, кезек екеумізге келетін… Сол-ақ екен, алдыңғылырдың аумалы-төкпелі, «арбамен жүріп, ойын қоятынбыз, ойбой, біз не көрмедіктен» тұратын таптаурын әңгімелері мүлдем ұмыт болып, халық қоғадай жапырылып, біз жаққа «жөңкілетін»… Атынан ат үркетін аға-апалар, мына екі заржақ қайдан шыға келді демесе де, «е,  ыржаң да өнер боп па, жеңіл-желпіге іші пысып отырған халық құмар ғой, қол шошайтсаң да күле береді бұл қазақ», – деп, босағаға ысыра салуды әдет қыла бастаған-ды. Кездесудің соңын күтпей, Кеңес одағының артисі деген көпшігі бар кекірейген көсемдері сахнадан жылыстап шығып та кететін.

…Атырауда  (ол кезде Гурьев), ата театрымызбен гастрольде жүрміз. Әлі есімде, сексенінші жылдың қыркүйегі. Атам Жаманқұл мен тараздық теміржолшы әкем Қадыр, араларына қырық күн салып, о дүниеге сапар шеккен жыл еді ол. Көңілім жабырқау, аралдық теміржолшы әкесі Тәуекелден әлдеқашан «айрылып қалған» Құдекең қасымнан қалмайтын, әрі сүр бойдақ кезі. Тараздың су шаруашылығы институтында менімен бірге оқыған атыраулық курстастарым Саламат, Ибрагим, Тимур, Сейітнәбилер мені тауып алған, бәрі кішігірім мекеменің бір-бір бастығы, күнде қонақтамыз. Құдекең екеуміз «козырныймыз», ал Әнуар, Уайыс, Төлеубек, әйелдері артист еместіктен олар да саяқ, яғни  «бойдақ қосшылар», бірге жүреміз. Ас-та төк дастархан, шалқасынан көңіл! Көшеде жүру – проблема. Үлкендер сыр білдірмегенмен, ту сыртыңнан сыбыр да күбір әңгіме қылып тұрғандарын құлағың естіп, «арқа көзің» шалып тұрады. Ал балаларға не керек,  қонақүйден театрға дейін соңымыздан шұбырады да отырады. Ол – ол ма, ыстық ықылас пен шексіз ризашылығын білдіргісі келгендей, соңымыздан «әй, нағашы, ей, жиен» – деп, кесек атып әлек. Құдекең намыстанып, оларға «қойыңдар, ұят болады» деген ым жасап, сұқ саусағымен аузын басып әлектенгенмен, менің «арқа көзім» оларды көрмей тұра ма?! Кешкі қойылымға келе жатқан едік, жиналған халық бізді көрсін дегендей театрдың қақпасының қарсысында бір әпербақан ағамыз қатарлас құрдастарымен өз «репертуарында» анекдот сапырып, қалжыңдап тұр екен. Елпелеңдеп келіп,  «Ассалаумағалейкүм, аға» деп қос қолын ұмсынып амандаса берген Құдекеңнің жағынан «кетші-ей, әрі» деп, шапалақпен тартып-ақ жібергені… «Жын ұрған ба, мына кісіні?..» деп, шегіншектей берген Құдекеңді жетелеп, грим бөлмемізге қарай сүйрей жөнелдім… Бұл болған уақиға, төбеде Құдай тұрған… Ағамыздың орынсыздау әзілі шығар деп ол кезде ауыр алмап едік…

…Менің де жетісіп жүргенім шамалы еді, ол «шапалақ» маған таяқ боп тигендей болды. Бой-бой болып сөгіліп, «Қарагөздегі» Сырым боп егілемін, бірінші акт біткенше, аңғал көрермен менен Нағашыдан басқа ешнәрсе көрмей әлек. Одақтық экранға «Қан мен тер» фильмінің де сапары басталған, онда да сол. Әйгілілік асып-төгіледі, алайда еңбектің бәрі еш көрінеді. Қысқасы, елге ата мен әкеден жетім қалғаннан ба, әлде атыраулық балалардың кесегі «тигеннен» бе, «естияр» боп, мұң байлап, есім жиылып оралдым. Шығармашылдық жолайрықта екенімді ауыр да болса, ұғына бастадым. Көп күйзеліс пен қимастықтан қажыған күндердің бірінде Құдекеңе сыр аштым, әңгімені төтеден бір-ақ бастадым, «кетейік «Тамашадан» дедім. Әрі қарай, тәтті ауыздың дәмін кетіреміз, ендігіміз өзімізді өзіміз қайталау болады,  өнерде бір ғана кейіпте қалу қаупі күтіп тұр, ойланайық, арғысын басқалар жалғастырсын. Шығармашылдық өміріміз алда, екеуміз бұл өнердің шыңына жеткендейміз, айтудайын айттық, дегендейін дедік, «қытықтадық, ши жүгірттік»,  қазақтың ұйқыдағы намысын әдебі мол, өнерлі әзілмен «әйттік-бүйттік», әйтеуір ояттық, ендігіміз инерция, тағысын тағылар… Құдекең «шалқасынан» түсті! Қатты өкпеледі, бұл – «Тамашаның» бүгінгідей бір қора емес, екі-ақ актердан ғана тұратын, ақша қумаған, бірде бір билет сатылмаған, жәй ғана студиялық хабардан үш мың орындық Сарайға шығып, шырқау биіктен қол бұлғаған шағы, керегесін керіп, уығын қадап, шаңырағын бақандап, «отау» боп құрылғанына бар болғаны бір жарым-ақ жылдың жүзі болған уақыт!

…Сонымен мен кеттім. Құдекеңнің өкпесі біраз жылдар тарқамай, көңілінде керіш боп қала берді… Менің өзім де алай-дүлей күй кешіп, ең бір қымбатымнан айрылғандай, жалғыз Құдекеңе ғана емес, өнерге опасыздық жасағандай, сол қадамым қателік болмады ма деп неше жыл азап шеккенім өзіме ғана аян ғой, қайсыбірін айтайын, өз дертім – өзімде… Кейіндері Құдекең депутат болып жүргенінде оның сол бір керішті күйін менің қарсылас оппоненттерім – «әлгі» ағаларымыз бен солардың төңірегін жағалаған «тағаларымыз» жақсы-ақ пайдаланып үлгерген… Дегенмен, уақыт емші менің сол азабымды да, Құдекеңнің өкпе-назын да емдеп жазған болар, өте келе, менің бұл батыл да, шұғыл шешімімнің шығармашылдық өмірбаяным үшін дұрыс болғанын екеуміз де іштей ұқтық деп ойлаймын. Бәрібір ел жадынан кеткем жоқ, қайта «екеуіңнің кезіңде «Тамаша» қандай еді шіркін», деген көзіқарақты көрерменнің сарыуайым сағынышына айналдық, қадірімізді білдірдік. Егер мен сонда, әсіре қызыл қимастықпен «Тамашада» қалып қойсам, Абылай мен Әбілқайыр, Қайырхан мен Тәңірберген, Ақан сері мен Жәнібек хан, Ораз-Мерген, Кир патша мен Құнанбай, Демесін мен Фиеско, Хлестаков пен Астров, «Сардардағы» Шонай мен «Адасқандардағы» Шал кейпіндегі Жебірейіл пайғамбар сияқты кесекті дүниелерім сахна мен экранға, «бұл дүниеге» келе алмай қалар ма еді, кім білген?!

Алайда, Құдекең эстрада сахнасында менсіз онша көп жалғызсыраған жоқ. Төңірегіне Бақыт, Шолпан, Лидия, Тоқсын, Уайыс, Мейірмандар топтасып, «Тамашаны» басқа биікке көтерді, өзі сол «Тамашаның» «танкісіне» айналды, өзі өлердей сүйетін Аралынан әнге бергісіз әзіл оздырды, өнерсүйгіш халықтың саялы сүйіспеншілігінде болды, аялы алақанында алқаланды. Ащы шапалақты алдыңғы «ағасынан» асып түспесе кем емес, қатепті қара нардай қабырғалы өнер жасады, өзі де аға болды, соңынан шәкірт ертті, тұманды жолайрықта емес, тауанды тауарихта қалды.

…Өмірден өткендер туралы естелік жазуым көбейіп барады, бәлкім қымбаттарым мен қызығым азайып бара жатқандықтан болар… Жоғалтуларымның санын көбейттің, қымбаттарымды азайттың, Құдеке!.. Сал шекпен жамылдың… «Ит көйлекті бұрын тоздырған» үлкендігіңе қарамай, көбіне кішілік жасап, кісілік көрсетуші едің, бағамды біліп, қадірімді көтерген, парқым мен нарқымды арттырған кезің аз болмап еді… Енді мен шын жалғыз қалдым… Сен биіктегі бізден жырақтаған парықты қымбаттарға қосылдың… Мен ойпаңдағы одыраң нарықты арзандар, сақалы күнге ағарған қырттар мен «қыли қыртымбайлар», қазымырлар арасындамын…

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ,

ҚР Халық артисі,

Мемлекеттік және Жастар одағы

сыйлықтарының лауреаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған