Арбаға таңылса да рухы азат, арманы асқақ бозбала

Ес білгелі білімі мен тәрбиесін ана тілімен ұштастыра жыр жаттап, ән салып, өнерімен өнеге болып, талайды тамсандырып, таңғалдырып жүрген, қолында Құраны, жүрегінде иманы бар елден ерек бала өсіп келеді. Ол ата-әжесінің еркесі, ата-анасының көз қуанышы — Аристеев Қуаныш Азаматұлы. Рухы азат, арманы асқақ, талантын табандылықпен шыңдай білген арбаға таңылса да дара дарыны шексіз, өнері өлшеусіз Қуаныштың өмірге деген махаббаты шектеуге көнбейді. Болмысы бөлек жас өреннің асқан сабыр-төзіммен болашақтан үміті зор. Күні кеше ғана Астанадағы «Балаларды оңалту ұлттық орталығы» сахнасында көптің қолдауымен жеке концерті өтті.

 

Бағындырған биіктері

Қазір Аристеев Қуаныш Мұқағали Мақатаев атындағы шағын орталықты тірек орта мектебінің (РО) 11 сынып оқушысы. Ол ойын баласы емес, ойдың баласы. Өзгелер қатарынан қалыспай, оза шауып құрдастары қатарлы білім алып, толыққанды жандүниесі бай болып, ер жеткен. Табиғатынан талантты Қуаныш ән айтып, домбыра тартумен қатар, көркем сөз оқуды ерекше жақсы көреді. Аудан, облыс, республика көлеміндегі көркем сөз оқу, вокалдық жарыстарда бағын сынап, жүлделі орындарды қанжығасына байлаумен келеді.
2013 жылы алғаш «Бәріміз біргеміз — кемсітуді білмейміз!» атты республикалық фестивальге қатысып, «Үздік орындаушы» номинация бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.


2014 жылы ІІІ республикалық «Жұлдызды дарын — Звездный талант» оқушылар фестивалінде диплом олжалады. «Ақселеу Сейдімбек — ұлт жанашыры» атты ғылыми жобаның ІІ орын жүлдегері. Астанада өткен VIII халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауында «Көркем сөз оқу» номинациясы бойынша қазақтың тұлғалы ақыны Мұхтар Шахановтың «Отырардың күйреуі» поэмасын мәнерлеп, жатқа оқығаны үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атанды.
Шу аудандық мектеп оқушылары арасында Махамбет оқулары «Тартынбай сөйлер асылмын» байқауы бойынша ІІ орын иеленіп, мақтау қағазымен марапатталды. 2016 жылы аудан көлемінде «Қазақ елі» атты шығармашылық кешін өткізді.

 

Арманға қанат бітірген аялы алақан

Қуаныш алған асулардың, асқақ армандардың артында қолдаушы, жанашыр, тілекші, тірегі — отбасы, алтын ұя мектебі, ақ халатты абзал жандар, тәрбиеші, ұстаздары тұрғаны баршаға аян. Иә, бабаларымыз «сабақты ине сәтімен» деп осындайда айтса керек. Астана қаласындағы «Балаларды оңалту ұлттық орталығы» Қуаныш үшін туған үйі, алтын ұясындай тәнге шипа, жанға медет бола білді. Тағдыры талқыға түскен жас жеткіншектер мен ата-ананың жүрегіне жылу, көңіліне медеу, жүздеріне үміт отын жағып, мерейін өсірген бұл орталық Қуаныш секілді талай баланың арқа сүйер, сенім артар ордасы.


2017 жылы «Балаларды оңалту ұлттық орталығының» 10 жылдық мерейтойына орай Назарбаев «UMC» залында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қуаныш конференцияға қатысып, орталықтың 10 жылдық мерейтойының куәсі болды. Конференцияның ашылу салтанатына қатысып, көрермендерді слайд арқылы өз мектебімен таныстырды. «Мен қазақтың баласымын» атты ән орындап, өзінің портфолиосын мұражайға естелікке қалдырды.
2018 жылы республикалық «Менің елім — Мәңгілік ел» атты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауға үлес қосқаны үшін «Күміс жүлде» иегері атанды.
Қуаныштың туа бітті қаблетінің шыңдалуына, тіл ұстартып шешен сөйлеуге баулыған ұлағатты ұстаз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шаңырақбаева Жанат Сейдалымқызы.

 

«Мүмкіндігі шектеулі» деп ат қойған қоғамды шексіз дара дарынымен мойындатты

Қуаныш — мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық ортадағы мүмкіндігінің шектеусіз екенін дәлелдеп жүрген тума талант. Тағдырдың жазуымен қол арбаға таңылса да ешқашан мойыған емес. Қатарынан қалмай білімін шыңдап, құрдастарымен қол ұстаса мектеп бітірмек. Оны өзгеден ерекшелендіріп тұратын өн бойына біткен өнері. «Ұстазсыз шәкірт — тұл» деген емес пе, Қуаныштың дара талантының танылуы жолында Астанадағы Балаларды оңалту ұлттық орталығының инклюзивті білім беру бөлімінің мұғалімі Темірбаева Күнқияш Сержановна, сынып жетекшісі, физика пәні мұғалімі Саменова Жұпар Хошымовна, тарих пәні мұғалімі Әуесханова Гүлнар Сандыбекқызы сынды ұстаздарының еңбегі ерен екені сөзсіз. Спорттық жарыстардан да тыс қалмайтын Қуаныш қол күресінен де құралақан емес.
Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мұқағали Мақатаев мектебінің ұйымдастыруымен Шу аудандық Мәдениет үйінде 2 сағат бойы, лық толы залда «Кел, шырқайық, достарым!» атты шығармашылық кеші өтті. Тіпті, Қуаныш аты аңыз Мұхтар Шахановтың сатқындық пен достық туралы «Отырар» поэмасын нақышына келтіре оқығанда сілтідей тынған залда жанарлар жасқа толып, көңіл толқыды. Көрермен көңіліне жол таба білген дарынның алда алар асуы, бағындырар биігі алда екені даусыз. Бүгінгі толайым табыс талантты ұштап, үйрену мен ізденудің жемісі. Әрине, талант тас жармай қоймайды.

 

Қуанышы көпке ортақ

Қуаныштың қуанышына ортақ жандар көп-ақ. Әсіресе, «UMC» КҚ «Балаларды оңалту ұлттық орталығы» директоры, медицина ғылымдарының докторы Шолпан Булекбаеваның, әлеуметтік-педагогикалық оңалту орталығының басшысы Сұлтанова Гүлшат Мұғалқызының, М.Мақатаев атындағы шағын орталықты тірек орта мектебінің директоры Сахимова Алтынкүл Мәдиомарқызының қамқорлығы айрықша атап айтуға лайық.

 


Биыл мектепті тәмамдап, өзі қалаған журналист мамандығына түсіп, студент атану арманын арқалаған Қуаныштың тілектес жандарға, өзімен бірге қуанып, мұңая білген аяулы ұстаздары мен жүрегі мейірімге толы адамдардың баршасына айтар алғысы шексіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған