Арман Евниев: Саннан сапаға мән беретін уақыт келді

Елбасы 12 сәуір күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Сол мақалада еліміздің ертеңі, бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін ең маңызды деген 6 түрлі басымдықты атап көрсеткен еді. Сол басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында атқарылуы тиіс іс-шаралар еліміз бойынша қолға алынып жатыр. Ең негізгісі – Астанада құрылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кеңсесі. Мамыр айынан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кеңсенің бүгінге дейін атқарған жұмысы аз емес. Біз кеңсе басшысы Арман Қайратұлы Евниевпен атқарылып жатқан жұмыстар, бағдарламаны жүзеге асыру құрылымы, алдағы мақсаттар жайлы әңгімелесіп қайтқан едік.

– Қазір барлығымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы айтуға, жазуға құштармыз. Бірақ нақты жүзеге асыру тетіктерін көбіміз біле бермейміз десек болады. Осы орайда сіздер бағдарламаны жүзеге асыратын қандай бағытты ұстанып отырсыздар?

– Рухани жаңғыру бағдарламасы бір күнде, бір жылда ғана туған бағдарлама емес. 25 жылда осы саладағы халықтың ой-санасын өзгерту, бүкіл әлемдегі өзгерістерге, Елбасы Жолдауында айтылған талаптарға сай болуымыз үшін осындай үлкен өзгеріс болуы керек. Ол өзгерістің негізі – осы өздеріңіз көріп отырған мемлекеттік бағдарламалар болмақ.

Біздің басты көздегеніміз – әр саладағы қатып қалған стандарттық ұстанымдарды, көзқарастарды өзгерту. Соның негізінде «Жобалық менеджментті» қолға алдық. Бұның өзі негізгі үш ұстанымнан тұрады. Алғашқысы – нақты мақсат қою. Әр саланы, әр ұйымды, әр мекемені, тіпті қарапайым жеке адамнан бастап, бүкіл мемлекеттік деңгейге дейін бір жоба деп қарастыруға болады. Бұл жаңағы нақты мақсатыңызға жетуге жол ашады.

Ал екінші ұстаным ол – жауапкершілік. Егер сіздің мақсатыңыз айқын болмаса жауапкершілігіңіз де болмайды. Біздің мақсатымыз анық болғанда ғана өзгелерге жауапкершілік жүктей аламыз.

Үшінші ұстаным – бастаған ісіңді күнделікті тірлігіңе айналдыру. Мойныңа алған жауапкершілігің қаншалықты ауыр болса да, айқын мақсатқа жету жолында әр күнде атқарар жұмысыңды бөліп, көздеген биігіңді бағындыруға болады.

Осы үш ұстанымды ұстана отырып біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолын бастадық.

– Жақсы, жұмыс істеу тетігін нақтылап алған екенсіздер, ал бұл жобаны жүзеге асыратын кімдер? Қандай жүйемен басқарылады?

– Жұмыс жүргізу тәртібіне келер болсақ; Қазақстан республикасының 4 министрлігі – Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар, сонымен бірге Дін және азаматтық қоғам министрлігі бірлесе отырып 4 үлкен басқару тобын құрдық. Себебі Елбасы мақаласында айтылған 6 бағдарламаны жүзеге асыру негізінен осы 4 министрліктің құзырына кіреді.

Енді бағдарламаны жүзеге асыру тетіктеріне тоқталсақ; Жоғарыда аталған 6 бағдарламаны нақты жүзеге асыру үшін біз оны өз ішінен 13 тармаққа бөлдік. Қазір аталған 4 министрліктің өкілдері бір кабинетте отырып, осы 13 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Басты мақсат – қағазбастылық пен бюрократияны жою. Ал әр министрліктің басшысы өзі жауаптанған бағдарламаны жүзеге асырушы топтың үйлестірушісі, ал вице-министрі жетекшісі болып міндеттелген. Бұл бізге не береді? Бұл бізге ең әуелі жалаң сөзден іске өтуге, іс болғанда да, қағаз жүзіндегі емес, нәтижесі бар, бағдарлама Жарғысымен нақтыланған нәтижені көрсетеді. Ал бағдарлама Жарғысы Марат Тәжин төрағалық ететін Басқару кеңесінің шешімімен дайындалған.

Бұл жүйелі түрде қолға алынған жұмыс болғандықтан мен әр апта сайын Басқару кеңесінің алдында қандай мәселелер шешілді, қандай мәселелер шешімін таппады дегенге есеп беріп отырамын.

Baq.kz

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған