Арғы беттегі ағайын, халың қалай?

Біздің ендігі алға қойған мақсатымыз рухани кемелденген, ұлттық мемлекет қалыптастыру болса, оның негізгі тетігі — алыс-жақын шетелдегі қандастарды көк тудың астына біріктіру болуы керек. Себебі, шетелде 5 миллион қазақ бар десек, олардың ана тілінен, дәстүр салтынан алшақтап кетуі біз үшін өте қауіпті. Және сол 5 миллион қазақтың жартысына жуығы Қытайда қоныстанған екен. Ал олардың қазіргі жағдайы қандай? Тіл, дін, жер мәселесінде қысым көріп отырған жоқ па? Шеттегі қандастарды біздің Үкімет үнемі назарында ұстай ма?

Осыдан бір жыл бұрын «31 арна» Үрімші қаласының маңындағы Машинақұдық деп аталатын елді мекендегі қазақ отбасыларының қиын жағдайын көрсеткен еді. Яғни, Қытай билігі жергілікті қазақтарға аз ғана өтемақы төлеп, олар отырған маңнан жол салмақ болған. Алайда қарсы болған қандастарымызды қытай жұмысшылары аяусыз соққыға жығып, таяқтың астына алған.
Сондай-ақ, осы жылдың басынан бері белгілі болған Шыңжаңдағы діни ахуалдың да салқыны қазақтарды айналып өтпеді. «Олар әртүрлі діни топтармен байланысы бар» деп, қазақтарға қысымды күшейтіп, тіпті, зейнеткерлердің зейнетақысын, жұмысшылардың жалақысын тоқтатқан деген ақпараттар да кездеседі.
23 маусым күні Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қандасымыз Өмірхан Алтын Президентімізге Қытай қазақтарының құқығы тапталып жатқанын айтқан болатын. Ал біз осы жағдайдың анығын білу үшін Шыңжаң, Үрімші маңындағы бауырларымыздың өздерімен сөйлесіп көрмек болдық. Бірақ ол мүмкін емес болғандықтан, арғы беттегі ағайынның хал-жайын Қазақстандағы туыстарынан сұрадық.

Қойшыбек Мүбарак,
«Qazaqtimes» сайтының бас редакторы:
— Шындығын айтқанда, қандастарымыздың жағдайы қазір күннен-күнге қиындап бара жатыр. Өз іштерінде Қазақстан туралы хабар тарату, әлеуметтік желілерде бір-бірімен пікір алмасу шектеліп, қазақтар тұрған әрбір жерде үкімет орындары қысымды күшейткен. Қазақ мектептері жабылып, дәстүрлі, діни көзқарастарға шектеу қойылған. Із-түзсіз жоғалып кеткен қазақтар өте көп.
Мұның шет жағасын естіген қарапайым халық шамасы жеткенше өз пікірін білдіріп жатыр. Бірақ халықтың қолынан ештеңе келмейді. Бұл жерде билік араласу керек. Яғни қазақтың билігі шетелдегі қандастың қамын ойлап, сыртта жүрген әр қазақтың тағдырына назар аудару керек. Тек назар аударып қоймай, осындай жағдайларда бел шеше кірісуі қажет. Сондықтан біздің Сыртқы істер министрлігі бар, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы, Көші-қон комиссиясы, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетіне дейін бұл мәселеге бей-жай қарамауы керек.
Мұрат Алмасбекұлы,
журналист:
— Ол жақтағы жағдай шын мәнінде өте күрделі. Қытай деген халық өзі, миллиард 300 млн. екенін білесіздер. Олардың экономикасы қазір қайтадан құлдырап бара жатыр. Енді олар үшін жаңа жол, жаңа мүмкіндік қарастыру керек…
Соңғы жылдары олар «Батысты ашу» деген үлкен саясат бастаған. Ол батыс өлкеге Шығыс Түркістан — Шыңжаң аймағы кіреді. Яғни Шыңжаң өлкесі олардың солтүстік-батыс өлкесі болып саналады. Ол жерде адам саны аз, жер аумағы кең. Соған ішкі жақтан көптеген қоныс аударушыларды көшіріп жатыр. Бұның салқыны осы өлкені мекендеп отырған аз ұлттарға, соның ішінде қазақтарға тиіп отыр. Сол қазақтар төңірегінде айтсақ…
Бірнеше жыл бұрын Қытай мектептері мен қазақ мектептерін қосып оқыту деген үрдіс басталып кеткен. Нәтижесінде, кәдімгі ауылда өскен қарапайым балалардың өзі әкесінің атын қазақша дұрыс айта алмайтын дәрежеге жетті. Мен өз көзіммен көрдім. Қазақша акцентпен сөйлейді. Өйткені бұрын бізде баласын орысша оқытпаса болашағы жоқтай сезінсе, қазір ол жақта да халық амалсыз қытай тілінде оқытады. Соған мәжбүр. Сондықтан 5-10 жылда олардың тілі шұбарланған емес, таза қытайшаға көшіп кетуі мүмкін.
Ал қазақтарға көрсетіліп жатқан қысымның нақты себебін білмейміз. Бірақ Шыңжаң — Қытай үшін үлкен бас ауруға айналған аудан. Өйткені , ондағы сеператизм, ұйғырлардың мәселесі, Үрімшідегі оқиғаларды білесіздер. Осыларды басу үшін бұрын Тибет өлкесін басқарған қатал басшыны жіберіп отыр. Ол өзінің әдісі бойынша, аз ұлттарды басып ұстауға кірісіп кеткен. Бұған дейін қазақтарға ондай қысымдар болмаған. Бірақ соңғы жылдары осы басшының келуімен қазақтарға да қысым қатты күшейіпті. Олар әсіресе Қазақстанға барған адамдарға қатты шүйлігіп, тексеріс жүргізе бастаған.
Дін мәселесінде Құранды алып өртеген жағдайға дейін жеткен деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Ол шын болуы да мүмкін. Қазақстанға барған адамдардың төлқұжаттарын жинап алған. Балаларын осы жаққа оқуға жібермеуге тырысқан-мыс. Дін өкілдерін, молдаларды түрмеге қамаған, соттап та жіберген деген сыбыс бар. Кеше бір дерек естіп қалдым, кәдімгі қойшы ауылда жүрген өлең жазатын бір қарапайым жас жігіт «Қазақстан» деген сөздер қосып өлең жазып, әлеуметтік желіге салған болу керек, сол жігітті түрмеге қамаған. Қазақтарды бір-біріне аңдыту, өте қатты тексеріс, кәдімгі билік тарапынан үлкен қысым болып жатқаны сияқтя.
Алайда, Қытай Үкіметі жылына бірнеше қазақстандық студенттің бар жағдайын жасап, өз елдерінде оқытатыны белгілі. Ал, керісінше, бізде оқып жатқан қандастарымыздың ата-аналарын «балаларыңды қайтарыңдар» деп қысымға алатын болған. Әрине, мұның астарында не жатқанын болжап білу қиын…

PS: Қорыта айтқанда, шеттегі ағайынның жайы — біздің мемлекеттігімізге үлкен сын. Егер өз азаматтарымызды қорғай алмайтын дәрменсіз болсақ, елдің ертеңге деген сенімі азаяды. Сондықтан елді ойлап «басын қатырмайтындардан» емес, халық биліктегі ұлтым дейтін азаматтардан үлкен үміт күтеді.

   

Нұрбике Бексұлтанқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған