Астанада ЭКСПО қонақтарына Оңтүстіктің ұлттық сусындары мен жеміс-жидектері тегін таратылды  

Елордадағы Оңтүстік күндерінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға келген қонақтар қонақжай күнгей жұртының ерекше сыйына куә болды. Яғни, бас қаланың төрінде оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Еркінбек Бөкебаев ойлап тапқан «Qazaq Arbasy»-ның екі данасы қойылып, онда ұлттық сусындарымыз – қымыз, қымыран және құрт, түстік аймақтың дархан даласында пісіп жетілген жеміс-жидектер шараға келушілерге тегін таратылып, бір сәт арқа-жарқа күйге енді. 

Астанадағы «Бәйтерек» алаңының маңында ұйымдастырылған шараға қала қонақтары мен шетелдік меймандар көптеп келді. Алғашында тегін таратылған тағамдарға таң қалған халайық, кейіннен Оңтүстіктің мырзалығына тәнті болып, алғысын білдірді. 

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, Оңтүстіктің Астанаға тартуы әрмен қарай да, күнгейдің теріскейдегі мәдени күндері аяқталғанша жалғасады.

Айта өтейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық кодты сақтай білу арқылы ұлттық сананы жаңғырту қажеттігі жөніндегі тапсырмасына орай, оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Еркінбек Бөкебаев дәстүрді сақтап қалудың тың үлгісі ретінде қазақтың ескі пішіндегі арбасының үстіне киіз үйді қондырған жылжымалы дүңгіршек – «Qazaq Arbasy»-сын ойлап тапқан-ды. Бұл арба қазақтың қымыз-қымыран секілді ұлттық сусындарын сатуға арналған.

 

 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған