АСТАНАДА ӨТІП ЖАТҚАН СИРИЯ КЕЛІССӨЗДЕРІ  ЕНДІ ҚАНШАҒА СОЗЫЛМАҚ?

Сирия мәселесі өзектілігін жояр емес. Қай кезде де керіскенді көрістіріп, төбелескенді татуластыруға ұмтылатын Қазақстан тарапы өз міндетіне адал болғанымен, жігі ашылып, сырқаты «асқынып» кеткен Сириядағы ахуал тұрақтамай тұр. Соңғы мәліметтер бойынша, Сириядағы соғыста 330 мыңнан астам адам қаза тапқан көрінеді. Алда қанша жастың қыршынынан қиыларын айту қиын.

«Күлтөбенің басында күнде жиын өткізуге дайын» Астана бейтарап саясат ұстанып бейбіт келіссөздерден нәтиже шығаруға күш салып жатыр.  Оған алтыншы рет өтіп жатқан осы процестер  жарқын дәлел болмақ.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Астана процесіне қатысушы тараптың барлығы да келіпті.  Иран Ислам Республикасының делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Джабер Ансари, түрік делегациясын Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал және Ресей делегациясын ел президентінің арнайы өкілі әрі Сирия мәселесі жөніндегі кеңесшісі Александр Лаврентьев бастап келген.

Астана процесінің алтыншы кезеңіне қатысу үшін БҰҰ Бас хатшысының Сирия мәселесі жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура, Америка Құрама Штатының Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі Дэвид Саттерфилд, Иордания Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі кеңесшісі Науаф Уасфи Тель де Астана процесінен шет қалмапты.

Сонымен 14 – 15 қыркүйек күндері  елордада Астана процесі шеңберіндегі  Сирия бойынша- келіссөздердің алтыншы кезеңі қалай өтті? Қандай шешімдер қабылданды? Саясаткерлер не деп жатыр?  Біз осы тектес сауалдарға  шама шарқымыз жеткенше жауап бермекпіз. Сирия мәселесіне қатысты пленарлық отырыста  сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирияға  қатысты Астанада өткен халықаралық кездесулердің нәтижесін шығарып, Иран, Ресей, Түркия мемлекеттерінің бірлескен мәлімдемесін баяндады.

деэскалациялық аймақ

ДЕЭСКАЛАЦИЯЛЫҚ АЙМАҚ ҚҰРУ – СИРИЯ ТҰТАСТЫҒЫНА ҚОЛ СҰҒУ ЕМЕС

Мәлімдеме барысында, Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрік Республикасы кепіл елдер ретінде Сирия Араб Республикасында соғыс қимылдарының тоқтауын, режимінің сақталуын, Сирия Араб Республикасының егемендікке бейілдігін, тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын растады. Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі резолюциясы ережелерін басшылыққа ала отырып 2017 жылдың 4 мамырында Сирия Араб Республикасында деэскалациялық аймақтар құру туралы меморандумды орындауға қанағаттанушылық білдірді.

Бұдан өзге мәлімдемелерде, 2017 жылдың 4 мамырында қабылданған Меморандумға сәйкес Шығыс Гутеде, Хомс аймағының солтүстігіндегі анықталған кейбір бөліктерінде, Идлиб аймағында және көршілес аймақтардың кейбір бөліктерінде, сонымен қатар Сирияның оңтүстігіндегі анықталған аумақтарда дэескалациялық аймақтар құру туралы шешім шығарылды. Аталған деэскалациялық аймақтар мен қауіпсіздік белдеулерін құру уақытша шаралар болып саналатынын еске саламыз.

Бұл жиыннан тағы бір ұққанымыз: жоғарыда аталған аумақтардағы деэскалациялық аймақтар Сирия Араб Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғу болып табылмайды. Бұдан өзге терроризмге қарсы күресте ИГИЛ, «Джабхат ан-Нусры» және т.б «Әл-Каидамен» байланысты  топтар, ұйымдар, кәсіпорындармен күрес деэскалация аймақтарының ішінде де, сыртында да жүргізіледі.

Мынаны айта кеткеніміз жөн. Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіне қатысып жатқан Ресей делегациясының басшысы Александр Лаврентьев келіссөзге қатысушы тараптар Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру туралы мәмілеге келуге жақындап қалғанын ашық айтты.

Жасыратын несі бар, Сирияға қатысты Астана процесінде  Ресей мен Иран Сириядағы алты жылдан асқан азаматтық соғыста тағынан таймаған президент Башар Асад үкіметін жақтайтынын іс-қимылдарымен көрсетіп берді. Керісінше Түркия мен АҚШ сияқты елдер түрлі көтерілісшіл топтарға іш тартып тұратыны байқалып қалды.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҚАБАҒЫ НЕГЕ ҚАТУЛЫ?

24 адамнан құралған Сирия қарулы оппозиция тобының делегациясы Астана процесінің алтыншы кезеңіне қатысу үшін Қазақтың елордасына келгенін әлемдік ақпарат таласа жазды. Түрлі болжамдар айтылды. Алайда Сирия оппозициясы Астана келіссөздеріне қалыпты баға берді. Төгіліп риза болмаса да, жүздерінен бір үміттің ұшқыны жылтырап тұрды.

Бұған дейін Ресей әскери шенеуніктері  Идлиб провинциясына Ресей әскери полициясын қақтығысты тоқтату режимінің орындалуын бақылауға жіберуге күш салатынын мәлімдеген болатын. Алайда көңіл көншітерлік жаңалық болмай тұр. Оған мына жайт себеп.  Сирия оппозициясы басшыларының бірі Айман әл-Әсими  Астанада орын алған кезекті келіссөзде ДАИШ содырларымен болған қақтығыста, бірінші кезекте соғысқандарын атап өтіп, сол сәтте ешкімнің көмек қолын созбағанын алға тартты.

Бұдан өзге әл-Асими «Бұл раундта Идлиб аумағының деэскалациясы келісіміне қол жеткізілді, онда үш миллионнан астам сириялық өмір сүреді, бұл аталған раундтың басты мақсаты еді. Бұл оң қадам, келешекте Женевадағы саяси шешімге көмектеседі» деп ағынан жарылды.

Сонымен қатар әл-Асимидің айтуынша, Сирия билігі тұтқындарды босату туралы мәселені мүмкіндігінше кешіктіруге тырысуда, бірақ қазақстандық және ресейлік тараптар бұл мәселенің түйінін шешуді уәде еткенін атап өтті. Оның айтуынша, Сириядан келген барлық шетелдік әскерилерді алып тастау қажет. Әйтпес мәселе ушыға бермек.

ТҮЙІН:

Алқалы жиын соңында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов келіссөздерді қорытындылап, Сирияға қатысты ортақ шешімді мәлімдеді.

Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, жиында әңгіме соғысты тоқтату мен әскери-гуманитарлық көмек көрсету төңірегінде өрбіген. Министр Астана келіссөздерінің нәтижесінде Сириядағы жағдай жақсы жаққа өзгеріп, дағдарысты саяси келіссөздер арқылы шешудің көкжиегі кеңейе түскеніне тоқталды.

«Қазақстан Президентінің үздіксіз қолдауымен жүзеге асып келе жатқан Сирия мәселесі бойынша Астана процесі өз мәресіне жетті. Жиынға қатысушылар Астана платформасы аясында осыған дейін келісілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылап, Сириядағы жағдайды реттеу бойынша өзара іс-қимыл жолдарын таныстырды», – деді Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов.

Министр Сириядағы шиеленістің қайта өршуі ешқандай тарапқа пайда әкелмейтінін айтып, елдегі жағдайды тұрақтандыруға әсері бар елдердің саяси келіссөздер жүргізуін маңызды деп есептейтінін жеткізді.

«Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған барлық бейбіт бастамаларды қолдай отырып, келіссөздерге өз алаңын ұсынуын жалғастыра береді. Елде қақтығыс бастала сала, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерін Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырған болатын. Қаңтарда басталған Астана келіссөздерінің табысты болатынына сенбегендер табылды. Алайда, осында жиналғандардың жігерінің арқасында елдегі жағдайды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік туып отыр», – деді Қайрат Әбдірахманов.

Сонымен қатар біріккен мәлімдемелерде Астана процесін бақылаушылар мен аталған мәселенің түйінін шешуге қызығушылық танытқан өзге де халықаралық ұйымдарды Сириядағы деэскалация үрдісі мен тұрақтылықтың сақталуына ат салысуға шақырады.  Мәлімдемеде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан Үкіметіне Сирияға қатысты Астанада өткен 6 халықаралық келіссөздің жоғары деңгейде өткендігі аталып, алғыс білдіріледі. Сонымен қатар 2017 жылдың қазан айының соңында Астанада Сирия мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі кезекті халықаралық кездесуді өткізу туралы шешім қабылданды.

 

Нағашыбай Қабылбек 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған