Астаналықтар отбасыны сақтау тетіктерін үйреніп жатыр

 

Нұр-Сұлтан қаласында «Отбасы – мемлекеттің негізі» атты тренинг өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Тренинг Қоғамдық даму істері басқармасы мен «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының және «Даму» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Отбасыны сақтап қалудың қыр-сырын алғашқы болып мемлекеттік қызметшілер, жас отбасылар мен отбасын құрғалы жүрген жастар меңгерді.

«Отбасын құлдыраудан сақтап қалу үшін жанұядағы әр адам бір-біріне жылы сөйлеп, ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қарым-қатынас, тұрмыстық-экономикалық ахуал және көңіл-күй тұрақты болуы керек. Егер осылардың бірінің балансы бұзылса, отбасының құлдырауына әкеп соғуы мүмкін», – дейді психолог Ақгүл Молдабекова.

Мамандар қатысушыларға күйзелістен арылу үшін не істеу керектігін, қай автордың кітабын оқу керектігі жөнінде, сондай-ақ медициналық сауаттылық туралы кеңес берді.

«АХАТ бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, өкінішке қарай қазіргі уақытта әрбір үшінші отбасы ажырасып жатқан көрінеді. Біздің осы шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – шаңырақты шайқалтпау үшін жас отбасылардың немесе енді үйленгелі жүрген жастардың санасына психологиялық және медициналық тұрғыда жақсы әсер беру», – деді «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының қызметкері Шыңғысхан Қожахметов.

Аталмыш тренинг тамыз айында өткізілген.

«Бүгінгі тренингке алдындағыға қарағанда қатысушылар саны көбірек. Айта кету керек, мұнда тек жастар ғана емес, орта жастағы ересек адамдар да қатысып отыр. Жалпы, бұл тренинг отбасы құндылығын сақтауда өте пайдалы болады деген сенімдеміз», – деп қосты ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған