Астананың әкімі – Әсет Исекешев мырзаға бір ұсыныс!

Аса қадірлі Әсет Өрентайұлы!

%d1%81%d0%bd%d0%b8%d0%bc%d0%be%d0%bahghh

Елорданың қатардағы қарапайым тұрғыны ретінде Сізге бір ұсыныс айтқым келеді. Әрине, оған құлақ асу немесе елеусіз қалдыру өз еркіңізде. Сонымен…

Сізді жұрт мемлекетшіл шенеунік деп біледі. Өте іскер, шаруақор екеніңізді министр болған кезіңізде дәлелдеп бердіңіз. Енді Сізге ұлтшыл, бұқарашыл, халықшыл әкім атануға бір керемет мүмкіндік туып тұр. Күнттізбеге қарасаңыз – бүгін 22 қаңтар. Шығыс халықтарының ең ұлық мейрамы – Ұлыстың Ұлы күніне тура 2 ай уақыт қалды. Алайда… ажарлы Астананың көрікті көшелерінде әлі күнге дейін “Жаңа жылыңызбен! С Новым годом!” деген жазулар жыпырлап тұр. Сізге дейінгі әкімнің орынтағына отырғандар Жаңа жылға 2 ай бұрын жанталаса дайындалатын-ды. Көшелер мен алаңдарға үлкен-үлкен жазулар жазылып, елорда ерекше кейіпке енетін-ді. Бірақ Наурызға бір апта қалғанда ғана “Наурыз құтты болсын!” деген елеусіз жазулар ілінетін. Осы көзқарасты түзетуге Сіздің мүмкіндігіңіз зор. Ендеше, Сіз елорданың ерікті ұлығы, өз ұлтын сүйетін рухы биік басшы ретінде шешім қабылдап, Әз-Наурызға ертерек дайындалып, қаланы қазақы қалыппен безендіруге пәрмен беріңіз! Бұл соншалықты қиын емес. Өз басым бұл іске саяси жігеріңіз жетеді деп сенемін. Бұл ҰЛТ үшін ең ұлықты, ұлы іс! Бұл әрі жаңашыл, әрі қазақы рухты, өз еліне, туған халқына жаны ашитын адамның әрекеті болмақ. Бір ғана мысал. Қазіргі Премьердің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Шымкентте әкім болғанында Наурызды 9 күн бойы тойлау туралы шешім шығарды. Оның бұл шешімі тек әкімге ғана емес, күллі оңтүстік жұртына зор абыройы әкелді. Сөйтіп, ұлтшыл ұлық ел сеніміне де, билік сеніміне де бірдей ие болды. Ұлт мұратына адал қызмет ету жолында Сізге де сондай бедел, абырой тілеймін!

%d1%81%d0%bd%d0%b8%d0%bc%d0%be%d0%bahmnghh-hnh

Құрметпен, Төлен Тілеубай, Астана.

           

                                                                                                                                                                              

One thought on “Астананың әкімі – Әсет Исекешев мырзаға бір ұсыныс!

  • 22.01.2017 at 12:21
    Permalink

    Ия, кезек күттірмейтін , елдің елдігін танытатын, Астананың ажарын кіргізетін ,басқаға үлгі болатын іс-шара ! Қаланың тыныс-тірлігінен басқарушының іскерлігі , жаңашылдығы, халықпен ара-жігі байқалатыны ақиқат. Аз уақыт ішіндегі Астана қаласындағы күн санап өсіп, өркендеп, алыс-жақын шет елдіктерді көркемдігімен, жаңашылдығымен таңдай қақтыратын ажарлы бейнесі әкім Әсет Исекешовтың іскер басшы екендігінің көрінісі ! Іске сәт абзал Азамат ! Алла Сізді қорғап, қолдап рахымына бөлесе екен деген тілектегі Астана қаласы тұрғындарының бірімін,айналайын. Екі күннің бірінде естіп жатқан биліктегілердің кейбіреулерінің бастарына келіп жатқан нәубеттен аман бол айналайын !

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған