Астананы қуанышқа кенелткен Қызылжар

немесе Солтүстік Қазақстан облысының Елордадағы мәдени күндері 

ҚЫЗЫЛЖАР ЖҰРТЫ ҚЫЗДЫРҒАН ЖӘРМЕҢКЕ

Күз басынан бері еліміздің әр облысының мәдени күндері Елорда төрінде өтіп жатқаны көпке мәлім. Астанаға қыстың ерте келетіні есептелді ме, әйтеуір, жоспарға сәйкес соңғылардың бірі болып өткен аптада суыққа төзімді Солтүстік Қазақстан облысының ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» жобасы аясындағы елордадағы күндері өтті. Әр апта сайын базар нарығынан 15-20 пайызға арзан өнімді тұтынуға үйреніп қалған халықтың жәрмеңке арасының үзілмеуін тілейтіні хақ. Оның үстіне экологиялық таза, отандық өнімдеріміз сап түзеп, ұлттық фольклорымыздан небір жауһар дүниелеріміз құлаққа сіңіп, көрме мен спектакль атаулыны көз көріп тұрса бес күндің жұмыстан. Күйбең тірліктен шаршаған қала тұрғындары үшін бұдан асқан демалыс жоқ сияқты.

                         img_1479   img_1468

Сонымен, берекелі бидай өнімі, жалпы астық атаулыдан алдына жан салмайтын Қызылжар өлкесінің айтулы жоба аясындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі несімен есте қалды, ерекшеленді аз-маз тоқтала кетейік. img_1489Ерекше атап өтетіні, Ерік Сұлтанов басқаратын СҚО мен Петропавл қаласының 100-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымдары және қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдері елорда тұрғындарына ежелден таныс. Бір байқағанымыз, бұған дейін 840 тонна өнімін арқалай келген Қарағанды жұртынан Қызылжардың кәсіпкерлері аттай жүз тоннаға кем, яғни, 740 тонна тартатын 100-ден астам азық-түлік түрін Астанаға әкеліпті. Әсем әуен аясында күн найза бойы көтерілген сәттен бастап қызған жәрмеңкеге солтүстіктің қазақтары «Өңір берекесі» деген атау беріп, Петропавл өңірінің берекелі өнімдерімен елордалықтардың дорбасын бір қомпайтты. Таң сәріден ерте тұрып, «Хан шатырға» тартқан ел-жұрт аяқасты қысқы киімдерді шығартып әбігерге салған Астананың аязды сенбісінде тегін үлестірілген дәмді палау, ыстық тоқаш пен күрең шәйдің ләззатына бір қанып алды. Қала басшылығынан әкімнің орынбасары Малика Бектұрованы жәрмеңке ортасында сөзге тартуға мүмкіндік алған болатынбыз. Халықтың игілігі үшін ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіндегі өнім бағаларын әркез бақылауда ұстап отырмыз деген ол:

— Солтүстік Қазақстан облысы әрқашан жәрмеңкелерді жақсы ұйымдастырады. Осы жолы да ұсынылған өнім түрлері өте көп. Біз Мәскеу сияқты ірі қалалардың тәжірибесін зерттеп көрдік. Оларда да қаланың img_1472аудандарында тақырыптық жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Біз осы дәстүрді жалғастырып, жәрмеңкелерді тұрақты негізде өткізіп тұрмақпыз,-деп «қонақтарға» өз ризашылығын білдіруден қалыс қалмады. Ары қарай қарапайым тұтынушылардың да көңілкүйін назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Дегенмен, Малика ханым мақтағандай-ақ екен, Петропавлдан келген саудагерлер мәдениетті, тұтынушымен тез тіл табысып, «Клиент всегда прав» деген тәмсілді өмірлік қағидаға айналдырып алғанын аңғару қиынға соқпады. Сондайақ, республика бойынша бидай көлемінің үштен бірін өндіріп отырған Солтүстік Қазақстанның диқандары 100 тоннадай сапалы, жоғары сортты ұн жіберген екен. Одан ары тарқата берсек, еттің барлық түрінен 95,9 тонна әкелінсе, 20 тонна балық, 24 тонна сүт, 10 тонна шұжық және бір 10 тонна макарон өнімдері, 16 тонна бал және ара шаруашылығының өнімдері, 450 тонна картоп пен көкөніс және 15 тонна өзге де азықтүлік түрлері жүк көлігіне тиеліпті. Жоғарыда атап өткеніміздей, Астана қаласының әкімдігі бекіткен бағалар сақталып, тұрғындар қаладағы сауда нүктелерінен әлдеқайда арзан бағаға өнімдер тұтынды.

СОЛТҮСТІК ЖЫРЫН ШАШТЫ АСТАНАҒА

Қазақтың қай түкпірін алсаңыз да сол аймақ не кенге, не астыққа бай екеніне көзіңіз анық жетеді. Ал, бір жері көл, бір жері шөл болған ұлан-ғайыр атыраптан ұлағатты істердің басында бола білген арда азаматтар қай заманда болмасын туып, желісі үзілмей келе жатыр. Әлі күнге қанша жерден әбден орыстанып кеткен десек те Петропавл өңірінің өзінше рухани бай екенін еріксіз мойындаймыз. Өйткені, Қызылжардай мекеннен Мағжандай ақын шыққан, шығармаларының басым бөлігін Ана тақырыбына арнаған Ғабит Мүсіреповтей классик-жазушы шыққан. Егемендіктің арқасында талай боздақтың мұрасын жинап, жоғын түгендеп жатқан жайымыз бар. Осы орайда, СҚО-ның Елордадағы мәдени күндері қарсаңында жұртшылыққа тағы бір насихатталған рухани жәдігерлеріміздің бір парасына тоқталуды жөн санап отырмыз.

%d0%ba3%d1%82%d0%b0%d0%bf%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0100

Алдымен, драматургия саласында да өзіндік қолтаңбасы бар Қызылжар өңірінің әртістері М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көрермендер назарына «Мағжанның соты» («Суд Магжана») қойылымын ұсынды. Көрерменнің жанарына жас үйірген тарихи ақтаңдақтарды тылсым өнермен көрсетуге тырысқан Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахна шеберлері болатын. Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Петропавлдың Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері «Елімай» тарихи дастанының желісінде «Дауылпаз баба – Қожаберген» спектаклін сахналаса, кішкентай көрермендер үшін «Жастар» сарайында облыстық қуыршақ театры «Әуеле, домбыра!» спектаклін қойды. Дүркіреп тұрып бір келгенде, бұрқыратып тұрып игі шараларды санаулы күнде атқаруды мұрат еткен қызылжарлықтар қайырымдылыққа көңіл бөліпті. Олар Астана қаласы әкімдігінің балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін 21 қазанда «Менің досым – бағдаршам» атты қайырымдылық қойылымын ұсынды.

Бұдан кейін Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатында алғаш рет Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының қорындағы бірегей құжаттар мен фотоматериалдардың көрмесі ашылып, көпшілік біле бермейтін тарихи деректер мен дәйектердің куәсі болдық. Оны ұйымдастырушылар аталмыш экспозиция Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына және СҚОның 80 жылдығына арналып отыр дейді. Көрме экспозициясы жеті бөлімнен тұрады. Оларда Абылай ханның қызметі туралы, революцияға дейінгі Петропавл жайындағы материалдар, Солтүстік Қазақстан облысының құрылуы туралы, аймақтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі өмірі және тың игеруге арналған құжаттар қойылған. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарындағы облыстың дамуына жеке бөлім арналған. Сондай-ақ, көрмеден мұрағат басылымдары – құжаттар мен материалдар жинағы, атлас картасы және автобиографиялық анықтамалықтарды кездестіруге болады. Көрмеге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқанын айта кетейік. «Сырға толы Солтүстік: құнды құжаттар құпиясы» көрмесі өзінің атауына сай. Мұнда тарихи құндылыққа бай сирек кездесетін материалдар бар. Әсіресе, Абылай ханның Қытай императорына сыйға жылқы және сатуға аздаған мал жібергені туралы хаты, II Екатерина патшайымның Абылай сұлтанды Орта жүздің ханы етіп бекіту туралы патенті, Абылай ханның иелігіндегі аймақта бүлікшілер кездескен жағдайда «оларды немесе Пугачевтің өзін тұтқындап, оларды лайықты жазалау үшін Орынборға жөнелту» жөніндегі Орынбор канцеляриясының өтініші бар дейді экспозицияның басықасында жүрген мамандар. Бұл аталғандардан бөлек, Жоғарғы көркем әдебиет институтының студенті Мағжан Жұмабаевтың куәлігі, М.Жұмабаевтың портреті, 1778 жылы 24 мамырдағы II Екатеринаның сұлтандар мен старшиндерге араб әріпінде жазған мақтау қағазының мәтіні, Кеңес Одағының батырлары Ж.Қизатова пен С.Гуденконың жеке істері құлық танытқан жанды бей-жай қалдырмайтын құнды құжаттар десек қателеспейміз. Ал, шара соңында қатысушылар назарына облыс орталығының елге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері жайындағы «Петропавл қаласы» деректі фильмі ұсынылды.

Мемлекеттік мұрағатта өткен бұл шараның жалғасы ретінде аталмыш нысанға көрші орналасқан ҚР Ұлттық %d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%80академиялық кітапханасында «Солтүстік Есіл өңірі — таланттар шоғыры» — «Северное Приишимье – край высоких устремлений» атты безендірілген кітаптар көрмесі өткен болатын. Онда Қызылжар топырағында туған Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Смағұл Сәдуақасов, Сафуан Шаймерденов секілді қазақтың біртуар ұлдарының, ұлты неміс болса да қазақ халқына қызмет етіп, қазақ тілінің беделін көтеруге барынша атсалысқан Герольд Бельгердің еңбектері қойылып, астаналықтарға кеңінен насихатталды. Кеңінен дейтін себебіміз — Солтүстік Қазақстанның С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың Елордаға алып келген көрмесінде заманауи технологияларға әуес бүгінгі оқырмандарға электронды материалдармен танысуға мүмкіндік қарастырылған.

— Солтүстік Қазақстан жері ежелден мол астығымен ғана атағы шыққан жоқ, небір от ауызды, орақ тілді билерді, дәулескер шешендерді, болашақты айнытпай болжаған көсемдерді, жауынан бір қайтпаған батырларды, су жорға ақындарды, күміс көмей әншілерді әлдилеген өңір. Көрмеде Солтүстік Қазақстан облысының атақты адамдары туралы бай көрнекі кітаби және электронды материал топтастырылған,-дейді СҚО әкімінің орынбасары Анар Дүйсенова.

«МАҒЖАН ЕЛІНЕН – ЕЛОРДА ТӨРІНЕ»

Әдеттегідей солтүстіктен келген ағайындар да елорда жұртына гала-концерт ұсынумен мәдени күндерін қорытындылады. Ел-жұрт Пирамида деп танитын сәулетті, сән-салтанаты жарасқан Бейбітшілік пен келісім сарайында кешқұрым болған сазды кештен әсерленіп шыққан көрермен қарасы көп болды десек артық айтпаған болар едік. Өйткені, Сегіз сері атындағы ұлттық аспаптар оркестрінен бастап, «Әдеміау» секілді жасөспірімдерден құралған би топтарының өнерін көргенде, бір жарым сағатқа ұласқан концертке куә болғанымызда өнердің отаны Қызылжар өңірі екен ғой дестік. Осындай да «Ел іші – өнер кеніші» деген бабаларымыздың алтын сөзі еске түсе кетті.

                      img_1944  img_1930

Алдымен, Пирамиданың үлкен залында СҚО-ның мұражайлық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Притяжение родной земли»көрмесі, сондай-ақ жергілікті суретшілердің «Жемчужина края» көрме экспозициясы ұйымдастырылғанын айта кетейік. Әлгінде ғана тілге тиек еткен Сегіз сері атындағы ұлттық аспаптар оркестрі камералық хор және «Туған жер» би ансамблімен бірігіп, даңқты композитор img_2075Мұқан Төлебаевтың «БіржанСара» операсынан үзінді ұсынып, кештің шымылдығын ашты. Одан ары аталмыш өнер ұжымдары Евгений Брусиловскийдің «Алтынайын», Құрманғазының «Серперін» орындап, көңілге түрлі ой салды. Жанды музыка және күміс көмейден төгілген әнге құлақтың құрышы қанғанын жасырмай-ақ қояйық. Кештің басынан соңына дейін саф өнерді көрген екі сағатқа жуық уақыт ішінде көрермен қауым фонограммасыз концерттен бір демалып шықты. Түрлі ұлт пен ұлыстың қарашаңырағына айналған қазақ жұрты қашан да әр халықтың өнері мен салт-ғұрпына айрықша мән беріп қараған. Соның бір дәлелі ретінде сахнада орындалған орыс әні «Варенька», А.Бочеллидің репертуарынан алынған «Somos novios», өзбек биі , армян халқының «Арташат» билерін атай кеткен жөн. Сығандардың әйгілі «Амэ ромасы» да көпшіліктің көңілін көтеріп, ұзақ уақыт шапалақ ұруына себеп болды.

img_2030

Ал, даңқты Карл Дженкинстің «Палладио» композициясын «Азия-саунд» вокалды-аспапты ансамблі мен шекті аспаптар квартеті орындаған сәтте бейне бір Тұманды Альбионның концерт залына кіріп кеткендей әсер алдық. Самал Ташимова мен Мұхит Ахметов дуэті Шәмші әндерінен попури орындап, халықтың қошеметіне бөленгенін де айтпай кетуге болмас. Сонымен бірге, елді әрі таңдандырып, әрі тәубеге келіп, ойлантатын жастардың өнері көрерменнің көзіне жас үйіргізіп, өздеріне тәнті етті. «Sensitive» бал би ансамблінің өнерпаз жастары есту қабілеті төмен балалардың арнайы мектеп-интернатында тәрбиеленіп жатқанын білгенде таңдай қағып, бас шайқамаған жан болмаған шығар. Оларға көркемдік жетекші Ольга img_2046Ростовщикова саусақтарымен бағытбағдар беріп, испан биін сахнада еркін орындап шығуына жәрдемдесті. Әуенді нашар немесе мүлдем естімесе де, Ольга ұстаздың шекпенінен шығып Астананың қақ төрінде биден шашу шашқан «Sensitive» бал би ансамблі Италия мен Испанияда өткен халықаралық байқаулардың Гран-При иегері екенін көпшілік біле бермейтіні хақ. Осындай таланттарды тудырған Қызылжар өлкесінің тектілігіне тәнті болған көрермендер жезтаңдай әншілер Нұрсұлу Ахметжанова, Дәмеш Құрманкина, Бақыт Ильясов, Мұхит Ахметов және камералық хор мен концерттің барша қатысушылары шырқаған Е.Ынтықбаевтың «Қазақ елі» әнін тыңдап тарқасты. Сөйтіп, екі күн елді жейтін азықпен де рухани азықпен де қуаттандырған Солтүстік жұрты мәдени күндердің эстафета туын ақмолалықтарға ұстатты.

Ермұрат Назарұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған