Астанаға оңтүстікқазақстандық қолөнер шеберлері 1500-ден астам құнды жәдігерлерін алып келді

Астана қаласындағы этноауылда Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің шеңберінде өңір қолөнершілерінің құнды шығармаларынан жасақталған «Құтты өлке қолөнері» атты көрме өтуде.

ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткізіліп отырған мәдениет күндерінде облыстың қолөнершілері тоқыма, сырмақ сыру, кесте тігу, әшекей бұйымдар, ағаш бұйымдарын әрлеу, ісмерлік, ұсталық сынды қолөнер бұйымдарын әзірлеп көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен бірге, ұлттық мәдениетті насихаттауды көздеген оңтүстікқазақстандық қолөнершілер мен суретшілердің төл туындылары және өңірдің тарихи, мәдени келбетін айқындайтын 1500-ден астам құнды жәдігерлері насихатталуда.

Сондай-ақ, этноауыл орталығында «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілген іс-шаралар мен жуырда ғана оңтүстіктің киелі орындарын көзбен көріп, майлы бояу арқылы өрнектеген түркі әлемі суретшілерінің туындылары да осында қойылған.

Ұлттық нақыштағы кәдесый бұйымдарын дайындайтын заңды және жеке тұлғалар ұлттық қолөнер туындыларын қонақтарға таныстырса, 47 қолөнер шебері мен 7 суретші арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, ұлттық қолөнер бұйымдарын әзірлеудің қыр-сырын  жиналған көпшіліктің назарына ұсынады.

Естеріңізге салайық, Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көрме 29 тамыз бен 3 қыркүйек  аралығында күнделікті сағат таңғы 10.00 мен кешкі 20.00-ге дейін өткізілетін болады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған