АСТАНА ЖАСТАРЫНЫҢ АҚЫНДАРҒА ҚҰРМЕТІ

Қазақ елінің бастан кешкен дәуірлеріне көз жүгіртсек, «ақын» атын арқалаған арда азаматтардың өмір жолы мен еңбегін кездестірмеуіміз мүмкін емес. Өйткені ақ киізге көтеріп ханын сайлаған қазақ ақынын алақанына салып сыйлаған халық. Сол игі дәстүрдің үзілмегеніне күні кеше тағы бір көзіміз жетті. Осыдан бірер апта бұрын ғаламторда Астанаға Орта Азияға белгілі ақындар «Мақтұмқұлы Фраги» сыйлығының иегері Дәулетбек Байтұрсын мен «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер келеді деген жарнаманы байқаған едік. Поэзияға деген махаббатын ақынын ардақтаумен білдірген 22 жылдық тарихы бар Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттері екен.

img_9774

Алатаудың арқалы қос ақынын Астанаға алдырған жастардың бастамасына риза болып, біз де «қонақтарды» қарсы алуға арнайы бардық. Алдымен, білім ордасының «Билер кеңесі», «Батыр ұрпақ», «Жан шуақ», «КАЗГЮУ Times» сынды белсенді жастар ұйымдарының «Армандарды ақиқатқа айналдырайық» ұранымен өткізген қайырымдылық акциясына куә болдық. Игі шараның ашылу салтанатына университет ректоры Нәрікбаев Талғат Мақсұтұлы мен Алматыдан келген ақындар да қатысты. ҚазГЗУдың ғимаратында өткен қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаражат елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының материалдық жағынан аз қамтылған тұрғындарының керек-жарағына жұмсалмақ. Сондай-ақ, жастарды имандылыққа, отансүйгіштікке және мейірімділікке үндейтін игі шарада шағын концерт ұйымдастырылып, «Шалқыма» би ансамблінің бишілері өнерімен көпшілікті сүйсіндіргенін айта кетейік.

img_9821

АЛТАЙДЫҢ АР ЖАҒЫНАН КЕЛГЕН АҚЫН

Ал «Батыр ұрпақ» жастар қозғалысы ұйымдастырған ақындармен жүздесу сәулеті келіскен университеттің ғылыми кеңес залында өтті. Әңгіменің әлқиссасын студенттер өздері бастап, қонаққа келген қос ақынның өлеңдерін оқыды. Арасында алматылық ақындарға құрметін өз өлеңімен жеткізген, ақиық Мұқағалидың өлеңін оқыған және Сүгірдің термесін орындаған студенттердің де өнеріне тәнті болдық. Сән-салтанаты жарасқан кең залға лезде бой үйреткен шайырлар бұлбұлша сайрады.

img_9861

— Пойызда Астанаға келе жатқан мақсатымызды сұраған адамдар бізге таңқалумен болды. Себебі екі мың шақырым ары-бері жүріп, сондағы өлең оқуға бара жатқанымыз оларға таңсық көрінді. Бірақ Саят ініміз екеуміз қазақтың қара сөзін, поэзиясын қадірлейміз. Кездесуге шақырған екенсіздер, бас тартпадық. Біздің елордада басқа жұмысымыз жоқ. Астананың ауа температурасы -25 градус болса, сіздердің орталарыңызда +25 градус! Бұл — сіздердің жүрек жылуларыңыз, көңіл жылуларыңыз. Осындай зор құрметке қауышып отырғаныма қуаныштымын, — деген Дәулетбек Байтұрсын өзімен бірге ала келген кітаптарын белсенді жастарға сыйға тартты.

img_9796

Осыдан 22 жыл бұрын атамекенді аңсап келген Дәулетбек ақын қазақ жеріне алғаш табаны тигеннен-ақ тарихи отанына оралуға бел буады. Оған дейін физика пәнінен он жыл шәкірт тәрбиелеген Д.Байтұрсынның ақындыққа бет бұруы заң саласында білім алып жатқан студенттерге ерекше ықпал етері сөзсіз. Онсызда тұла бойы өнерге тұнып тұрған ҚазҒЗУ студенттері арасынан қаламгерлердің шығатын күні де алыс емес секілді. Өткір өлеңдерінен бөлек, бүгінде аудармамен айналысып жүрген Дәулетбек Байтұрсын «Діл зия» атты ұйғыр тілінен аударылған тамаша туындыны білім ордасының кітапханасына табыстады. Жасы сексенге таяп қалған жазушы Ахметжан Әшіридің аталмыш романындағы бас кейіпкер — Алматының «Көк базарында» жүгері сатып күн көрген кедей бала. Көпбалалы отбасынан шығып, ата-анасына көмектесіп сауда жасаған қаратабан баланың қалай миллионер болғаны кітапта толық баяндалған.

img_9792Ал өлеңдерінен имандылық, ар-намыстың лебі есіп тұратын ақын көптеген өлеңдерін оқыса, «Алтынның буы» деген өлеңінде былай дейді:

Қытайда тасыды өзен, сілкінді жер.

Америка: толқын тулап, жұлқынды жел.

Қар жауып, Оңтүстікте үсік жүрді,

Ыстықта Африка жыртылды кер.

Қай жерде күпір асып, өктемдесе

Жазалау басталады көктен неше!

Бір өзін Құдай санап Жер бетінің

Перғауын Ніл астына кетті кеше.

Пендені тәкаппарлық билегенде

Жылы сөз естілмейді үйден елге.

Қалады опығына орын таппай

Қамырдай қайта келіп илегенде.

Татар дәм алданыш боп жуындылар,

Алтынның атақ көрер буын бұлар.

Қай жерде азғын ұрпақ бас көтерсе,

Сол жерді қаһар келіп буындырар.

ЖЕЗДЕСІН ЖОҚТАП АҚЫН БОЛҒАН

Рухани кештің өтуіне атсалысқан Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Ұлан Еркінбаев, img_9780«Батыр ұрпақ» ЖҚ кеңесшісі, доцент Ажар Жарылқасынқызы мен Қазақ және орыс тілдері кафедрасының жанынан ашылған «Көкжиек» әдеби-танымдық үйірмесінің жетекшісі Прімбетова Маржан Бектұрсынқызы екенін айта кетсек артық болмас. Аталған азаматтарға, университет басшылығына және барша студенттерге ризашылығын жеткізген ақын Саят Қамшыгер сөз алып:

— Шыны керек, осындайда жолдың алыстығы білінбей кетеді екен. Сіздердей өлеңді, өнерді құрметтейтін, ақынын ардақтайтын оқырман, тыңдарман барда поэзия өлмейді деп білемін. Қазір жастар кітап оқымайды, оқыса да, басқа тілдегі әлем әдебиетін оқиды деп жатады. Бірақ осындай жүздесулерде ақын-жазушылармен сағынып көрісетін студенттерді көргенімде, ондай ойдан бірденimg_9798 арыламын. Осы университеттің кітапханасымен танысудың да сәті түсті. Ондағы жұмыс барысына куә болып, кітаптардың бос тұрмағанына көзім жетті. Кітап оқитын жастар жоқ немесе азайып кетті деген түсінікті теріске шығардым. Сондай-ақ, өлеңге құштар, көркем әдебиетке құмар жастардың көптігін мақтанып айтып жүремін. Сіздердің шын ниетпен Алатаудан бізді алдырғандарыңызға қуанып отырмыз. Бұның өзі ел тәуелсіздігінің айтулы мерекесіне қосқан үлестеріңіз деп білемін. Осы секілді Дәулетбек ағамыз екеуміз Алматының түрлі оқу орындарында студенттермен жиі кездесіп тұрамыз. Сөйтіп, әр барған білім ордаларын жүрген жерде айтып, насихаттап жүреміз. Қазір ғаламтор заманы ғой. Кездесуде толық айта алмағанымызды «Фейсбук» желісінде жеткізіп отырамыз. Сондағы жастардың ілтипатынан шабыттанып, сол әсерден бесалты айға дейін арыла алмай жүретін кездеріміз бар. Сондай сәттердің бірінде, нақты айтқанда, әуежайда екі кептердің үстел астынан нан шоқып, екі кептердің бір-біріне мейірім танытып отырғанын және екі кептердің айнала ұшып жүргенін көріп, өлең туған болатын, — деп өлеңін оқыды.

Әр жақтан сапар шеккендер,

Сынынан жолдың өткендер.

Қай жерден мұнда келдіңдер,

Әуежайдағы кептерлер?

Сезімдер бізді өртемек 

Бақытты сәттер келтерек.

Қонақтапсыңдар ғашықтай 

Бірің-бірің еркелеп. 

Зер салдым қалмай тағатым

Ойларда тамшы таматын

Жүрсіңдер ме екен күтумен

Ұшатын кездің сағатын.

Парықсыздардың ұрты май,

Бұзуда елдің шырқын-ай!

Адамдар-дағы сендердей

Тату боп жүрсе, шіркін-ай!

Қисықты қоғам түзетпек

Жібіді заман мұз ептеп.

Бейбіт күндердің белгісі

Сендерді кімдер күзетпек.

Сезімнің шертем мың күйін

Кептерлер мендік сыр-түйін:

Жұптасу жеңіл болғанмен,

Жұп болып қалу ең қиын. 

Сендерге жақтас көк пен жер

Бұл жерден жырақ кетпеңдер!

Қарсы алып бізді жүріңдер

Әуежайдағы кептерлер.

img_9866

Саят Қамшыгер бала күнінен түрлі мамандықтың иесі болуды армандаған екен. Бесінші сыныпқа дейін милиция болуды армандаса, бойы мен ойы өскен шақта сол кездің футбол жұлдызы атақты Мараданоға еліктеп, футболшы болғысы келген екен. Десе де, Алланың берген таланты іште ұзақ жатпапты. Оныншы сынып оқып жүргенде жақсы көретін жездесі қайтыс болып, атаанасы жаназаға кетіп, өзі үйде бауырларына қарайласып қалады. Сөйтіп, қайғысы ішіне сыймай, алты шумақ өлең туады. Кейін ағайын-тума жиналып, жездесіне құран бағыштаған сәтте сол өлеңді оқып беріпті.

img_9867

P.S. Екі ақынның поэзия әлеміне қалай келгеніне қарасақ, шынымен де өнердің бір Алладан берілетініне оп-оңай көз жеткізесіз. Бірі есеп-қисаптың ортасында он жыл жүріп ақын болса, бірін іштегі тулаған қайғы ақын еткен. Күн батыстан шығатын кезге дейін қазақ даласында талай ақын туары сөзсіз. Маңыздысы — сол ақын атаулыны ардақтап, өлеңін өмірлік азық ететін оқырманның болуы.

Ермұрат Назарұлы

One thought on “АСТАНА ЖАСТАРЫНЫҢ АҚЫНДАРҒА ҚҰРМЕТІ

  • 17.11.2016 at 13:38
    Permalink

    Бәрекелді!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған