Жер үй алам десеңіз, алдымен нені білу керек?

Үй сатып алар кезде бәріміз абдырап қаламыз. Өйткені, сұрақ көп, жауап аз. Сапалы, сенімді әрі жақсы үйді алғымыз келеді, алайда жолын білмейміз.

Сіз бен біз ойлағандай “сатып алған бойда кіріп алып, еш уайымсыз өмір сүре беретін” үй алу арман. Тіпті сенімді құрылыс компаниясы салып берген құны миллиондармен бағаланатын үйлердің өзінен кінәрат табылып жатады.

Сатуға қойған үйінің кем-кетік тұстарын айтып беретін сатушы кемде-кем. Кімде болса, тезірек әрі қымбатқа сатқысы келеді. Сондықтан алаяқтардың арбауына түсіп қалу қаупі жоғары. Бұл жерде өзіңізге, өз түйсігіңізге не болмаса арнайы мамандарға ғана сену керек.

Алдымен…

Үйді көктем мезгілінде қараған дұрыс. Еріп жатқан қардың суы мен көтерілген жер асты сулары құрылыстың иісі мұрына бармайтын адамның өзіне көп нәрседен хабар береді. Мәселен, үйдің жертөлесін су алып кетпеген бе, ірге тасының гидроизоляциясы жеткілікті ме деген сұрақтарыңызға жауапты оңай табасыз. Егер жертөленің бұрыштары сыз тартса, әлбетте күмән туғызады.

“ГеоТерр” ЖШС Геология бөлімінің бастығы Евгений Николаевич Дмитриенко, “Шұбар мен Комсомол шағын аудандарынан өздеріне арнап үй салатын қалталылар ғана, геологиялық тексеру қызметіне жүгінеді. Ал сатуға үй салатындар оған мән де бермейді, қаражат та шығармайды, бұл оларға маңызды емес” дейді.

– Үй салмас бұрын эскиз сызбасын жобалаушыға апарып бекітесіз. Ол бізге техникалық тапсырма береді. Сол тапсырма негізінде біз арнайы геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Белгілі бір тереңдіктегі ылғалдықты анықтаймыз. Мысалы бір немесе екі қабат үй тұрғызатын болсаңыз оның өз мөлшері болады.

Биік ғимараттар болса, 20 метрге дейін қазамыз. Бұрғылап, жер қыртысының үлгілерін алып, арнайы зертханаға жібереміз. Олар арнайы зерттеу негізінде техникалық есебін береді. Ол өз кезегінде тағы да сараптамадан өтеді.

Әрі қарай жобалаушы осы нұсқау бойынша өз жұмысын жасайды. Сондықтан сатып алушы сатушыдан міндетті түрде, геологиялық тексерулер жүргізілді ме деп сұрауы керек. Бізде көбі көршісіне қарап сала береді, – дейді Евгений Дмитриенко.

Екіншіден, шатыры мен жабындысын мұқият қарап шығыңыз

Кейде мінсіз деген үйлердің шатыры ойдағыдай болмай жатады. Көзбен жүгіртіп шыққан күннің өзінде қарапайым кемшіліктерді көзіңіз шалып қалуы мүмкін.

Мәселен, төбенің жабындысынан су ағып тұрса, оңай байқауға болады. Сонымен қатар төбе жабындысының қалай төселгенін және жауын-шашында, қар ерігенде жиналған су ағып кететіндей қаншалықты дұрыс орнатылғанына да мән бере кету керек. Суағар дұрыс қойылмаса да ірге тасына залалын тигізеді, бара-бара жертөле де, үй де қирауы мүмкін.

Үшіншіден, үйге су қайдан келетінін біліңіз

Жүйенің жұмысын және термоизоляциясын тұтас тексергеніңіз жөн. Әйтпегенде, Астананың қақаған аяздарының бірінде су құбыры жарылып кетуі әбден мүмкін.

Сонымен қатар, есік-терезені ашып-жауып, терезе жақтауларының, тығыздағышының қиюласуын жіті қарап алсаңыз артық етпейді. Себебі, үйдің табаны сазды болса, іргетасының дұрыс орнықпай, қисық отырғанын есік-терезеден байқауға болады.

Еден мен қабырғалар назарыңыздан тыс қалып қоймасын. Кедір-бұдыр болса, құрылысшылардың үйді тұрғызғанда немқұрайлылықпен салғанының кесірі.

Егер көздеген үйіңіз ағаштан тұрығызылса, қандай ағаштан және оның қаншалықты құрғақ болғанын тексеріңіз. Дымқылдығын арнайы өлшеуіш құралымен оңай тексере аласыз. Мәселен, желімделген діңгектер үшін 16%, қарапайым бөрене үшін 20% көрсеткіш қалыпты болып саналады.

Құрал ағаштың электр кедергісі принципі негізінде жұмыс жасайды

Құрылғы бірер секундта дымқылдық мөлшерін анықтап береді / Фото barnizadoencoladomueble.com

Кәріз жүйесін де тиянақтап, шолып шығыңыз. Молымен суын ағызып, оның қаншалықты тез ағып кететіне назар аударыңыз. Егер, сіз қараған үйдің жүйесі орталық канализацияға қосылмаған болса, қазылған кәріз шұңқырын да тексеруге ерінбеңіз.

Осылардың барлығы ойыңыздағыдай болса, келесі қадамға барасыз – құжаттарды тексеріңіз.

Бар дау құжаттан шығады. Сондықтан сенімді болсаңыз да тексеріп алыңыз

Заңгер Сырымбет Қасенов сату-сатып алу келісім шартын рәсімдеуге асықпауға кеңес береді. Алдымен көңіліңіз құлаған баспанаға сот шешімімен сатуға шектеу қойылмағанына, не болмаса банкте кепілдікте тұрмағанына көз жеткізген жөн.

Ол үшін сатушы үй иесі Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан “Нысан тарихы” туралы анықтаманы алып, сізге көрсетуі тиіс. Бұл жерде мынаған нақты назар аудару керек. Бұл анықтама тек бір күнге беріледі. Сондықтан берілген күнін қатаң тексеріңіз.

– Мәселен, үй сатушы сатып алушыға анықтаманы көрсетіп, өзінің алдындағы үйдің иесінің меншіктік құқының сот күшімен жойылғаны туралы ашық айтуы керек. Ол анықтамада шектеулердің қай уақытта салынғандығы, қай уақытта алынғандығы нақты көрсетіліп тұрады,– дейді заңгер Сырымбет Қасенов.

Айтуынша,бұл өте маңызды анықтама. Кейін қандай да бір даулы мәселелер туындап қалса,керек болады. Сатып алу кезінде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтап, барлық құжаттардың заңдылығын нақты тексерген болсаңыз, соңғы әрі заңды сатып алушы ретінде,шешім яғни сіздің пайдаңызға шешіледі. Тіпті, ауылдан аңқылдап келіп, құжатсыз үйге де ұрынып қалып жататындар бар. Құжатқа аса мән беру керек.

Ондай оқиға өткен жылы Қосшы ауылында тіркелген. Үш мыңға жуық адам жер телімдерінен айырылып қалатын болдық, деп шулады.

Жер телімі құжатының да қитұрқы тұстары көп

Сонымен қатар, сізге көрсетіп отырған жер телімі мен мемлекеттік Акт сәйкес келуі керек. Жер телімінің ауданын, оның дәл осы мекен жай бойынша тіркелгенін мұқият тексеріңіз. Ондай ақпаратты РМҚК “Жылжымайтын мүлік орталығынан” аласыз.

Есіңізде болсын, сіз үйді ғана емес, үй тұрған жерді де алып отырсыз, сондықтан сату-салып алу туралы бірден екі келісім-шарт рәсімделуі тиіс.

Өйткені, сатып алған үйіңіз тұрған жер өзге бір адамға қайта сатылып кеткен болуы мүмкін. Ондай жағдайда сату-сатып алу шарты жарамсыз болып, алған үйіңізден айырылып қаласыз.

Тіпті үй тұрған жердің меншікке қалай рәсімделгеніне де зер салыңыз, Себебі өз бетімен қалаған жеріне тұрғызылған үй болуы мүмкін. Егер құжат бойынша көрсетілген телім көлемі нақты болмаса, шындыққа жанаспаса, күмәнді саудадан бас тартқаныңыз жөн.

Жақсы жердегі жаман үй ме әлде жаман жердегі жақсы үй ме?

Негізі жеке үй алатын адам алдымен артықшылықтарын ғана емес, кемшін тұстарын да саралап алғаны дұрыс. Себебі үй ғана емес, айналасындағы жер де күтімді қажет етеді.

Ал үйді қай маңнан алу ең бірінші, көңіліңіздің қалауына емес, қалтаңыздың қалыңдығына байланысты. Үйдің орналасқан жеріне талабыңыз көбейген сайын бағасы арта түсетінін ұмытпаңыз. Тіпті екі бөлек аумақта орналасқан бірдей екі үйдің бағалары әртүрлі болып келеді.

Жақсылары миллиардтан асады…

Қаланың қақ ортасындағы Тұран даңғылы бойында орналасқан Комсомол элиталы шағын ауданынан бір миллиард екі жүз миллион теңгеге хан сарайындай сегіз бөлмелі, ауданы 850 шаршы метр үйді эксклюзивті итальяндық жиһаздарымен қоса бере салады. Бұл аудан барлық орталық коммуникациялармен қамтылған. Хан шатыр, Опера және Балет театры, “Сарыарқа” ойын сауық орталығы, “Алаша”, “Багратиони” мейрамханалары да тиіп тұр.

Ал қаладағы қарбалас қозғалыстан демалғысы келгендерге Family village коттедж қалашығы қолайлы. 4,7 соттық жердегі 112 шаршы метр екі қабат үйді қожайыны 41 миллионға бағалап отыр. Бірақ жеке тұрған үй емес, қабырғалас көршілеріңіз бар.

Қалашықтағы үйлер орталық коммуникацияларға қосылған. Өз мектептері, балабақшалары, спорттық және балаларға арналған алаңдар, саябақтар, дүкендер мен кафелері бар. Аймақ жарықтандырылған, күндіз-түні күзеті бар. Баламен серуендеймін, жүгіремін, спортпен шұғылданам дейсіз бе, ерік өзіңізде. “Алау” стадионы, ипподром, “Астана-Арена” стадионы, EXPO қалашықтан алыс емес. Сонымен қатар Астананың “Жасыл аймақ” белдеуімен қоршалған. Үйдің бағасы 40 миллионнан жоғары.

Үркерде қазір “Сасықкөл” аталған Талдыкөлдің ауасы шошытпайды

Есіл ауданына қарасты Үркер шағын ауданында 10 сотық жердегі төрт-бес бөлмелі, шамамен 130 шаршы метр екі қабат үй 25 миллион теңгеден жоғары тұрады. Аудан орталық коммуникацияға қосылған. 10 минут ішінде Keruen City (бұрынгы Mega) ойын сауық орталығының тұсынан шығасыз. Ол жерден оң жағалау да алыс емес.

Бұрындары Үркерге беттегенде Талдыкөл көлшігінің сасық иісі мүңкіп тұратын. Бірақ қаланың ортасынан баспаналы бола алмайтынын сезген жұртшылыққа ол иіс кедергі болған жоқ. Адамдар жер алып, үйлерін тұрғызып алды. Тек осыдан екі жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен әкімдік иіспен күресе бастады. Мәселені былтыр жазда түрік компаниясы шешіп берді. Бүгінде ол жерден сасық иіс шықпайды.

Қараөткелде үй 10 миллион теңге айналасында

Қаладан 10 шақырым қашықтықта Қорғалжын тас жолы бойында орналасқан Қараөткел елді мекенінде 10 сотық жердегі төрт бөлмелі үйді иесі 10 миллион тенгеге бағалайды. Үйдің ауданы 100 шаршы метр. Суы мен жарығы бар, бірақ орталық коммуникацияға қосылмаған. Үйдің бағасы бұл жерлерде әр түрлі, ең арзаны қаңқасы ғана тұрғызылған 10 сотық жердегі 135 шаршы метр үйді алты миллионға бағаласа, 25 сотық жері мен 200 шаршы метр үш қабат үй үшін шамамен 94 миллион сұрайды.

Қаражар елді мекені қаладан 27 шақырым қашықтықта Қорғалжын тас жолы бойында, Қараөткелге қарама қарсы орналасқан. (Қараөткел оң жақта, Қаражар сол жақта) Он соттық жердегі алты бөлмелі үйдің құны 15 жарым миллион теңге. Бұл елді мекен бойынша ең қымбат үй. Ауылға үй енді салынып жатыр, әзірге коммуникация жағы толық қарастырылмаған.

Қосшыдағы үйдің арзаны 14 миллион теңге

Қосшы қаладан 20 шақырым алыс. Елді мекен Қабанбай батыр ауылы тас жолында Елорданың оңтүстің тұсында орналасқан. Ауылда алты бөлмелі, ауданы 300 шаршы метр, коммуникациясы жүргізілген, құрылыс жұмыстарының 70% аяқталған үй 14 миллион теңге тұрады. Ал ең қымбаты 120 миллион теңгеге дейін барады. Үйдің аумағы 850 шаршы метр, 15 соттық жер телімінде. Екі отбасыға арналған.

Қосшыдан қаланың сол жағалауына 15 минутта жетіп келесіз. Елді мекенде халық саны 50 мыңға жуықтады. Өкінішке қарай орталық коммуникацияға барлық үйлер қосылмаған.

Қосшының іргесінде Тайтөбе ауылы бар. Ол жердегі үйлердің бағасы да 11 миллионнан түспейді, ең қымбаты 36 миллион.

Жібек жолында үй қымбат

Жібек жолы ауылы Аршалы ауданына қарасты. Алайда қаладан 12 шақырым алыс. Ауыл Қарағанды тас жолының бойында. Ең қымбат үйдің бағасы 120 миллионға дейін барады. Ал көпшілікке қолжетімдісінің орташа бағасы 25 миллионның үстінде. Ауыл үйлерінің орталық коммуникацияға қосылыуна жағдай бар.

Қоянды да үй арзан емес

Қоянды ауылы қаладан 15 шақырым жырақта. Астана Павлодар тас жолы бойында.

Ауылдағы сатылымда тұрған үйдің ең қымбаты шамамен 26 миллион теңге. Үйдің ауданы 107 шаршы метрді құрайды. 10 соттық жері бар. Орталықтандырылған су беру жүйесіне қосылған.

Ең арзаны, бес бөлмелі, ауданы 110 шаршы метрді құрайтын үйді иесі 8,5 миллионға шұғыл сатамын деген. Үйде жарық бар, аулада құдық қазылған. Үй 90% дайын.

Бұл жерде үйдің бағасы салыстырмалы түрде арзан. Арзанның жілігі татымайды деп бекер айтпаған. Ауылға кіретін басты жолдан басқасы асфальттан жұрдай. Ретсіз салынған үйлер, орталық коммуникация атауымен жоқ.

Талапкерден талаптылар ғана үй алады

Талапкер ауылы Астанадан 30 шақырым қашықтықта, Астрахан трассасы бойында. Биылғы жылдың жетінші ақпанындағы Елбасы өкімімен ауылдың жартысы қала аумағына енген. Төрт бөлмелі 96 шаршы метр, еуро жөндеуден өткен орталық коммуникацияға қосылмаған үйді 12 миллионға сатып ала аласыз.

10 сотық жердегі барлық жағдайы жасалған ауданы, 340 шаршы метр екі қабат үйді 65 миллион теңгеге аласыз.

Астана айналасында су баспайтын ауыл жоқ

Астанада жертөлесі суға толған үйлерде гидроизоляция жұмыстарымен айналысып жүрген Жаңалық Бригад, үй сатып аларда не болмаса үй салуға бел буғандарға геологиялық тексеруден ақша үнемдемеуге кеңес береді.

Айтуынша, қала ішіндегі және маңындағы жер үй болсын, көп қабатты үйлер болсын басты проблема осы.

– Астанада су баспайтын жер жоқ. Қала батпақтың үстінде тұр. Қай бағытын алып қарасаңызда осы. Үй сатып аларда мән бермегендер соңынан миллиондап ақшаларын жұмсайды, – дейді ол.

Биыл көктемде Астанада үш мыңға жуық үйді су алуы мүмкін деген ескерту болған

Биыл көктемде Астанада үш мыңға жуық үйді су басу қаупі болды / Фото informburo.kz

Үй сатып алу оңай емес, жүйкеңізді тоздырары белгілі, бірақ әркімнің бұрышын паналап, ай сайын пәтерақы төлегеннен гөрі тірнектеп жинаған тиын-тебеніңізді жылжымайтын мүлікке салу – капиталды ұзақ мерзімді тиімді жұмсау болып саналады. Бүгін болмаса да болашақта жемісін көреріңіз сөзсіз. Біз атап өткен сатылардан сүрінбей өтіп, үйлі болып жатсаңыз, қонысыңыз жайлы болсын!

http://informburo.kz