«Астана Операдағы» әсерлі кеш

Өткен аптаның сенбі күні жұмыстан қолы босап, миын тынықтырам деген елордалықтар үшін тамаша күн болды. Сөзімізге дәулеті тасқан бас қаланың сәулеті келіскен «Астана Опера» опера және балет театрында өткен классикалық музыканың әсерлі кеші дәлел бола алады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дарынды музыкант Ернар Мыңтаев жетекшілік ететін Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартеті зәулім өнер ордасының камералық залында керемет концерт беріп, көрермен әрі тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастады.

      Классикалық музыканың құнды мұралары орындалған кешке куә болу бақыты біздің де маңдайға бұйырып, қос скрипка, альт пен виолончель пернелерінен күй боп төгілген саф әуенді сілтідей тынған көпшілікпен бірге тыңдадық. Сырттай қарағанда ел сахналарын былай қойып, классикалық музыканың державасы саналатын Австрия, Швейцарияның, мұхит асып, Американың камералық концерт залдарында өнер көрсетіп жүрген әйгілі квартет үшін екі сағатқа жуық уақыт тапжылмай отырып тыңдарманға тамаша әсер сыйлау қарапайым ғана іс болуы мүмкін. Бірақ, әуелгі қарапайымдылығынан айнымаған азаматтар әр концертіне, тіпті, 3-4 минуттық шығарманың өзіне асқан жауапкершілікпен қарайтыны көзге ұрып тұр. Классикалық музыканың «әкесі» саналатын атақты Вольфганг Амадей Моцарттың,  америкалық Самюэль Барбер және өз ұлтымыздың әйгілі композиторы, жүрегі секілді туындылары да жанға жылы тиетін жұмсақ Ғазиза Жұбанованың симфониялық шығармаларын орындау барысында өнерпаздардың маңдайынан тердің бұрқ ете қалуы тегін емес. Тіпті, алдындағы алып виолончелі малмаңдай су болған Е.Мыңтаевтың музыкаға берілгені соншалық, өзін ұмытып кеткен шығар деп те ойладық. Ізінен ерген скрипкашылар Айдар Тоқталиев, Алексей Лебедев және альттің тізгінін ұстаған Бекзат Тойлыбайұлы інілері де одан қалыс қалар емес. Төртеуі де бейне бір сахнада емес, қайықтың ескегін берік ұстаған күйі толқыны қатты теңізде жүргендей. Халыққа ұсынып отырған шығармалары да өзен секілді, бірде ағысы қатты болып, толқындатса, енді бірде Тынық мұхитының лебі сезіледі. Оларды ұйып тыңдап отырған көрерменнің халін сұрамай-ақ та қойыңыз.

Бір жарым сағат уақыттың қалай сырғып өткенін квартеттің халыққа ілтипат көрсетіп, иілгенде барып бір-ақ білдік. Компьютермен өңделген музыкаға әбден құлағы мен көзі үйренген елордалықтар өнер иелерін сахнадан жібергісі келмеді. Тек ара-арасында орындалатын туындылар жайында хабар беріп тұрған жүргізуші арудың: «Келесі концерт 18 Наурызда дәл осы сахнада өтеді. Кезекті кеште неміс музыкасын тыңдайтын боласыздар. Бір айдан кейін жүздескенше!» деген нәзік сөзінен кейін қошемет білдірген халықтың у-шуы бәсеңдей түсті. Камералық залда шымылдық жоқ. Әйтпесе, симфонияға беріліп кеткен көрермен шымылдықты жапқызбас па еді, кім білсін?..

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған