Асқар Жұмаділдаев: Ағайындарға араша сұраймын!

Әлемдік ақпарат құралдары соңғы кездері Түркиядағы саяси жағдайлардың тым күрделеніп бара жатқанын жиі жазуда. Түбі бір түркі елдері үшін кейбір мәселелерде оның кері әсері де болмай қалып жатқан жоқ. Осы орайда, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, халықаралық әл-Хорезми сыйлығының лауреаты, белгілі қоғам қайраткері Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ еліміздегі бұрынғы қазақ-түрік лицейлері, бүгінгі «Білім» инновациялық мектептері мен халықаралық қазақ-түрік университеттерінде еңбек етіп жүрген түрік ұстаздарының болашақ тағдырына алаңдаушылық білдіруде. Себебі, 20-25 жылдан бері Қазақ топырағында тұрып, білім беріп келе жатқан ұстаздар мәжбүрлі түрде еліне қайтару қарсаңында тұр. Ал ол мамандардың еліне оралғанда, алдынан не күтіп тұрғанын ойласаңыз, құйқа теріңіз шымырлайды.

– Асқар аға, қазақ-түрік ли­цей­л­ері жайлы пікіріңізді білеміз. Қа­зақ­станда екі мектеп болса, соның бірі – қазақ-түрік лицейлері деп баға­ла­ған едіңіз. Осы лицейлердің мұға­лім­деріне қатысты соңғы кездері алып-қашпа әңгімелер көп. Дәл қа­зіргі уақытта Қазақстан тарапы осы жағдайға байланысты қандай әрекет етуі керек?

– Біздің отырған жеріміз Сү­лей­мен Демирел университеті деп ата­лады. Бұл – 1996 жылы ашыл­ған. Мен университетке 2005 жылдары кел­дім. Сол кезде елуден астам тү­рік ұстазы болатын. Қазір осы­лар­дың 20-30-ы ғана қалды. Қал­ғанының барлығы саяси жағ­дайға бай­ланысты жан-жаққа кетіп қал­ды. Бұл менің жүрегімді ауыртады. Менің түрік ағайын­дармен жұмыс істегеніме талай жыл болды. Олар­дан бір жаман­шылық көр­генім жоқ, жаман пи­ғылын да сезгенім жоқ. Біз сөйлес­кенде мұғалімдердің барлығымен математика, физика жайлы сөйлестік. Бір рет болсын не дін жайында, не саясат жайлы сөй­лескеніміз жоқ. Мен бұлардан тек қана пайда көрдім. Ақылды, па­расатты, еңбекқор жігіттер. Соң­ғы кезде бұларды «гүленші» деп айтып жүр. Сосын мен Гүлен де­ген кім екен деп, интернетті қа­рап көрдім. Сонда мынаны байқа­дым. Күні кеше елімізде Ислам ын­тымақ­тастығы ұйымының ғы­лым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті. Бүкіл ислам әле­мінің бірінші басшылығы Қа­зақстанға келіп, оны Елбасы қа­был­дап, арнайы сөз сөйледі. Елба­сы өз сөзінде ислам әлемін ғылым мен технологияны терең игеруге, озық елдер қатарына ұмтылуға шақырды. Міне, мен осы бағытты қос қолдап қолдаймын. Әлгі Гүлен ақ­сақалдың пікірі де осыған саяды. Ол не дейді? «Исламның өркениет­ке қосқан үлесі зор. Ол белгілі. Ал­­­гебра, медицина, оптика ислам әле­мінен шықты. Мұның бәрі қан­ша жыл бұрын болған. Неге осы күні мұсылманның баласы тех­нологиялық жаңалық аша ал­майды? Неге жаратылыстану са­ла­сында жетістікке жете алмайды? Біз діни схоластикадан бойымызды аулақ ұстап, физиканы, матема­ти­каны оқытуымыз керек». Осы пі­кір­лерден қазаққа, біздің білім алып жатқан ұрпаққа тиер зиянын көріп тұрсыз ба? Бұл туралы мәсе­ле­ні кеше Елбасының өзі де, Өз­бек­стан Президенті Мирзиёев те айтты.

Осында жүрген түрік жігіттерге ке­летін болсақ, мен олардан тек қа­на жақсы әңгіме, жақсы ұмты­лыс, жақсы көмек көрдім. Әсіресе, біз­дің балаларға арналған.

«Қазақстанда екі мықты мек­теп болатын болса, оның бірі – физ­мат, екіншісі – қазақ-түрік ли­цейі» деген пікірді бүгін де қай­талап айтамын. Жыл сайын дү­ние­жүзілік олимпиадалар өтеді. Фи­зика, математика, химия, био­­ло­гия, бағдарламалау саласы бойынша жыл сайын әр мемлекеттен 5-6 адам­­нан қатысады. Әлемдік дең­гей­дегі халықаралық олимпиада ол өте жоғары деңгей. Мен он бес жыл болды, сол олимпиаданың тө­рағасы болып келем. Сонда ме­нің байқағаным, негізінен жыл сайын КТЛ мен физмат оқушы­ла­ры жеңімпаз болады. Негізінен, ұта­тын осы екі мектеп. ТМД ел­де­рін алып қарасақ, олимпиададан бі­рінші орында орыстар, екінші орын­да украин, содан соң Қазақ­стан. Түркі тілдес мемлекеттер ішін­де Қазақстан бірінші орында. Бір таңданарлығы, кейде Түркия біз­ден кейін қалып тұрады.

– Бұл қызық дерек екен. Неге деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, түрік аға­йын­­дар біздің елде жақсы жетіс­тік­ке жетеді. Өйткені, ол біздің бауыр­малшылдығымыздың көрі­нісі. Біздің балалардың ақыл­ды­лы­ғы. Екіншіден, түріктің біздің ба­лаларға деген көзқарасының дұрыстығы. Түріктің менеджменті мен іскерлігі ұнайды. Көп адам бұ­лар­ды саудада жүрді деп айтады. Он­дайлар да бар, бірақ оларда не­гізінен ғалымдар мықты. Көбі шет­те жүр. Мұғалімдері, педаго­ги­касы мықты. Бір риза болатыным, көп­теген қазақтың ғалым жігіт­терінің жұмыс істеуіне жағдай жа­сады. Тағы екі-үш жігітті мы­сал­ға келтірейін, Астанада Муамер Гүл деген жігіт бар. Бұрын Ақтө­беде істеген. Жүрген жерінде ылғи жеңімпаздар шығарып жүрді. Гар­вардқа түскен бірінші қазақ – осы Муамер Гүлдің оқушысы. Бүкіл ғылыми байқауларда ұтқандар осы Муамер Гүлдің балалары. Мен ке­зінде айтып едім, егер Ақтөбенің әкі­мі «Құрметті азамат» атағын бере­тін болса, бірінші осы Муамер Гүл­ге беру керек. Өйткені, оның Ақ­төбе өңіріне сіңірген еңбегі ере­сен.

Тағы да Байрам Кенже дейтін био­лог азамат бар. Ол да қазір мәж­бүрліктен шетелге кетіпті. Био­логиядан шыққан жеңімпаз­дар­дың барлығын сол дайындады. Ал Фатих Шахин деген математик қаншама жеңімпаздар шығарды. Исмайл Гезен деген информатика пәнінің мықты мұғалімі бар. Сонда ойлап қарасаңыз, бұлардың бар­лығы математик, физик, биолог, программист мамандар. Осы жігіттер Қазақстанға 90 жылдары келді. 20-23 жастағы жас жігіттер ғой. Айтпақшы, осылардың жар­тысы Қазақстанда оқыған. 1993-95 жылдары Түркиядан көп сту­дент­тер келген осында. Солардың бі­разы Қазақстанда оқыды. Кейбірі елде қалды, кейбірі қайтып кетті. Мен білетін 23 жігіттің, Құдай бі­ле­ді, жартысы Қазақстанда оқы­ған. Қазақшасы керемет. Бұлардың құжаты бөлек демесеңіз, қазаққа сіңіп кеткен. Олардың бала-ша­ғасы да осында, қазақша жақсы сөй­лейді. Кезінде Қазақстанға не­містер, гректер, шешендер, ук­раиндер, кәрістер, ұйғырлар түрлі жағдайлармен жер ауып келді ғой. Соның бәрін қазақтар бауырына басты. Ал енді қазір айналдырған 20-30 түрік бауырымыз бар екен, не­ге соған қазақ арашашы бола ал­майды?.. Жалпы, адами тұрғы­дан да келгенде де біздің толық құқы­мыз бар. Түрік өкіметінің өтінішіне Елбасы өте көрегендік танытты. Қай­сыбір елдер секілді лицейлер­дің тамырына балта шапсақ, елді­гі­мізге сын болар еді. Енді сол ли­цей­лерде білім беріп жүрген түрік бауырларға араша болмасақ, еліне оралған соң олардың болашақ тағдыры қалай болады? Босқындар келсе, «үй бер, квота бер» деп сұ­рай­ды ғой. Бұлар ештеңе сұрап отыр­ған жоқ. Тек қана визасын ұзар­туға созуға қолұшын берсек… Олар­дың Қазақстанда тұрғанына 20-25 жыл болды. Жыл сайын ұзар­тылатын визаны биылдан бас­тап тоқта­тыпты. Еліне барса, түр­меге қа­май­ды. Менің білетінім – бұлар­дың саясатқа, дінге қатысы жоқ. Керісінше, өз ішіміздегі түрлі діни секталарды тыйып алсақ та жетер еді.

– Кешегі жиында Ердоған ғы­лым­ға, білімге көңіл бөлуіміз керек деп сөз сөйледі. Бүгінгі Түркиядағы жағ­дай, оның ішінде мұғалімдердің сот­талуы, ұстаздық ету лицензия­сынан айырылуы, жүздеген жара­ты­лыстану бағытындағы лицейлер­дің, ЖОО жабылуы, сонымен қатар Түркияда ғана емес, шетелдерде, со­ның ішінде ислам елдеріндегі тү­рік мектептерінің жабылуын қалай түсінуге болады? Сөз бен істің қай­шылығының көрінісі емес пе?

– Қарама-қайшылық бар, бі­рақ мен бұл тақырыпты қозғағым келіп тұрған жоқ. Өйткені, мен Ер­доған мырзаны құрметтеймін. Біз­дің бауырлас елдің басшысы. Екі елдің экономикалық өсуіне ол кісінің бірталай еңбегі сіңді. Бірақ Фетхуллах Гүлен мен Ердоғанның ара­сындағы кикілжің – түріктердің өз арасындағы мәселе. Саясат­кер­лердің арасында ондай кикілжіңдер болады. «Мәңгілік достық» деген жоқ, мүдделер ғана болады. Тарих­та Ербақан деген кісі болған. Ер­бақан алғаш Қазақстанға келгенде қар­сы алғандардың ішінде мен де болғам. Сол кезде 30-40 адаммен осын­да келіп, банк ашайық, биз­нес жасайық деді. Сол кездері Ер­доған Ербақанның жанында жүр­ді, сол кісінің шәкірті екен. Ал қа­зір ше? Саясаткерлер біресе араз­дасады, біресе татуласады. Одан қарапайым халық жапа шек­пеу керек қой.

Түркияның талай президен­ті­мен қол алыстым, бірақ табақтас бол­дым деп айта алмаймын. Тұр­ғыт Өзал келді, Сүлеймен Демирел кел­ді. Елдік мәселеде тәуір әңгі­ме­лер айтатын. Демирелдің есімін осы университетке беруде үлкен қол­дау жасаған – Перзидент Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мен түріктің саясаты туралы әң­гіме айтқым келмейді, оның маған кере­гі жоқ. Қазақ топырағында кім жүр­ген жоқ, америкалық та, фран­цуз да, неміс те, қытай да, шүршіт те жүр. Неге осылай қызмет қыл­май­ды? Қазір студенттер арасында ең танымалы — СДУ. Неге біз осы­ны мойындамаймыз?

Барлық жағынан да, адами тұр­ғыдан да біз түрік бауырларға ара­ша түсуіміз керек. Әсіресе, ме­нің Елбасыға айтар өтінішім бар. Елбасының сарабдал саясаткер, үлкен дипломат, маманданған сая­саттың гроссмейстері екендігін жұрт­тың бәрі мойындайды. Талай қыр­қысқан Ердоған мен Путинді де татуластырды. Сондықтан елі­міз­дегі білім ордаларында қызмет етіп жүрген оқытушылардың тағ­ды­рына сәуле түсіретін жалғыз тұлға – Елбасы!

Бұл мұғалімдердің бәрі мықты ма­мандар. Меніңше, прагма­ти­ка­лық тұрғыдан келетін болсаңыз да, олардың жүргені бізге пайдалы. Кезінде ойдан-қырдан қашқанның бәрі осында келді ғой. Жөйт те, кә­ріс те, соның бәріне біздің ел па­на болды. Ортасында қанша жыл­дан бері жүрмін, түрік мұға­лімдер ешкімге «таза тақуа бол, дін ұстан» деп жатқан жоқ. Ал сол мұ­ғалімдерді біз жіберсек, олар өзге шетелге барып босқын болады, өз елі түрмеге қамайды. Қазақ зиялы­ларын «жапон тыңшысы» деп қу­да­лады ғой. Олардың біреуі жа­понды көрмеуі мүмкін. Олардың айы­бы – жапонды үлгі тұтуға болады деп мақтаған. Бұлардың тірлігі со­ған ұқсас. О заман келмеске кет­ті ғой, ал осындай заманда ағар­тушыны, ұстазды қудалау деген миыма сияр емес. Қаншама ғы­лыми жоба жарысы жүзеге асуда, ал ұстазынан көз жазған шәкірттің күйі не болады? Еліміздегі үштіл­ділік жобасының жемісі де сол лицейлер.

– «Қазақ Елі өз Тәуелсіздігін жа­риялағанда, бір сағатқа жетпей ал­ғаш дербестігімізді мойындаған – Түркия» деп жиі айтамыз. Ол рас та. Бірақ Түркия басшысының ли­цейлерге байланысты біздің билік баспалдақтарына айтқан өтініштері дөрекілеу көрінбей ме?

– Мәселе сонда. Оған біздің Ел­­­басымыз асқан парасаттылық та­нытты. Мектептер қалды, бірақ мамандардың да тағдырына нем­құрайды қарамауымыз керек қой. «Дүние – кезек» дейді. Кезінде Қа­зақстан алғаш Тәуелсіздігін жария­лағанда, Түркия бізге үлкен кө­мек көрсетті. 93 жылдардағы жылуы мен жарығы жоқ Қазақ­стан­ды білетін шығарсыз. Қиын-қыс­тау кезеңде келіп, бұлар қазақ балаларына білім бере бастады. Ен­ді түрік бауырлардың басына күн туып тұр. Адамгершілік пен туыс­қандыққа салсақ кезек – Қа­зақтікі…

— Сұхбатыңызға рахмет!

 

Бауыржан СЕРІКҰЛЫ. Қазақ әдебиеті

One thought on “Асқар Жұмаділдаев: Ағайындарға араша сұраймын!

  • 01.10.2017 at 17:11
    Permalink

    Әлі шешімін таппай жатырма не? Президент айтып еді ғой өткенде?

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған