Атажұртының тілін қорғаған Огуз Доған батырым-ай!

Біз өзі қандай ұлтпыз? Неге соншама намыссыз болдық десеңші! Өз қанаңды жарып шыққан өз ана тіліңді қазақ емес, некен-саяқ болса да, өзге ұлт өкілдері қорғайтын болды. Бұл масқара емес пе? «Эйр Астана» әуе компаниясының «Астана – Алматы бағытының рейсімен ұшып бара жатқанда бортсеріктен қазақ тілінде сөйлеуін талап етемін деп, басы бәлеге қалған Огуз Доғанның мұнысы нағыз ерлік, нағыз жанашырлық дер едім. Осы компанияда мұндай оқиға осымен екінші рет болып отыр. Белгілі жорналшы Жарылқап Қалыбай да осы Огуздың кебін киген. Оны да осылай абақтыға қамап, үш күннен соң босатқан. Онда да осылай шулап-шулап қойғанбыз. Тіліңді қорғасаң, осылай қорқытады, айыппұл салады. «Қазақ тілінде қызмет алғысы келгені үшін» полицияға қамап, Огуз Доғанға 6800 теңге айыппұл салыпты. Бұл керісінше болу керектігін белгілі адвокат Абзал Құспан заңдық жолмен дәлелдеп берді. («Дат» газетінен) «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 56-бабы, 6-бөлімінде былай делініпті: «ҚР-ның азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті». Яғни компанияның қызметкері заңды өрескел бұзып отыр. Бұл аз болса, заңда қызмет көрсетуші қазақ және орыс тілінде қызмет ету қажеттігі қадап айтылыпты. Абзал бауырымыз «Талап ету керек!» дейді. Егер ол орындалмаса, заң орындарына батыл түрде шығуымыз керек екен. Сонда қай алпауыт компания болса да, аяғын тартады.

Огуз Доғанның мына сөзі сол заңның аясында айтылып тұр: «Егер бұл ұлттық компания болса, Қазақстан азаматы орыс па, қазақ па, маған бәрібір. Мемлекеттік тілді қорлағаны үшін орыс қызын (орыс тілінде ескерту жасаған бортсерік) жауапқа тартып, шара қолдану керек». Және ол айтады: «Ол менен емес, қазақ халқынан кешірім сұрасын».

Иә, біз қазақ тілі үшін шырылдаған тек Огуз Доғанды ғана емес, атажұртына келіп, толағай істер істеген басқа да түрік бауырларымызды да, жағдайы мүшкіл ана тілімізді де қорғай алмай отырмыз-ау…

Ертай Айғалиұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған