Атамның “апасы”

…Атамның ақкөңілділігі туралы әңгімені көп естідік. Соның бірі төмендегідей өріледі.
Жаздың кезі дейді. Жапан далада екі үй қойшы. Әкей алатаңнан қой жайып кетеді. Ал, атамыз таң намазынан кейін-ақ, қыр басына шығып, айнала төңіректі шолып жүреді. Ол кезде жаздай тұзға түсіп емделетіндер көп болады екен. Солардың қарасы көрінсе болды атам дереу ат арбасын жегіп солай қарай тартады дейді. Барып орныққандардың хал-жағдайларын біледі, су-отын сияқты қажеттері болса жеткізіп береді. Ал, түнемелдері қолайсыздарды қоярда-қоймай үйге шақырып, кете-кеткенше шыжыған ыстықта әлгі кісілерді күнде тұзға апарып-әкелуден жалықпайды екен. Киіз үйдің төрі солардікі, әжем екеуі сырттағы шошалада түнейді.
Бірде тапа-тал түсте тағы да арбасын жегіп «Біреулер келген екен, шәйларыңды қайната беріңдер» деп тұра жөнеледі. Әлден уақытта екі кемпірді арбаға салып алып келеді. Бірі ірі денелі, ызбарлы жүзді, бұйырып сөйлейтін, екіншісі орта бойлы, әлгі бәйбішенің қабағын бағып үндемейтін, өңі жылы жастау кісі. Олар шәй ішіп болғанша бір қойды жарқыратып сойып тастайды. Ондайда атамыз көңілденіп, қолды-аяққа тұрмай кетеді екен.

Әжемізге де, келініне де «анау үлкені менің апам екен, жақсылап қараңдар» деп қояды. Ілуде-бір болса да аумалы-төкпелі кезде адасып қалған туыстардың табылып тұратын кезі ғой. Бұл кісілер шын көріп, жатып кеп жаны қалмай күтеді. Содан сол күні кеште дауыл тұрып, нөсер құйып, күн бұзылады. Қонақтар үйден шықпайды. Тұзға түсу жоқ. Әжем мен анам екі кемпірдің қабағына қараумен зыр жүгіреді. Апта бойы күн ашылмайды. Атамның апасының да қабағы түнерулі. Әңгіме айтпайды, жөн сұраспайды. Аузын ашса тек бұйрық шығады. «Сабынымды бөлек қой! Суды жылытып әкел! Маған төсекті ақтан сал! Таңертең төсегімді бөлек жина! Ыдысың таза ма? Кесемді ауыстырып жіберме! Кебісімді бері әкел!» деп ызбарланады да отырады.

«Жәкеңнің апасы келді» деп көрші Әлімқұл ата да бір қойын арнайы сойып, күнде бір мезгіл дәмге шақырып, жалпылдап күтіп жатады. Не керек, «атамның апасынан» екі үйдегі үш әйелдің әбден ығыры шыққанда барып күн ашылып, бір жігіт мотоциклмен келіп қос кемпірді әй-шайға қаратпай алып кетеді.

Содан бірталай уақыт өтеді. Бір күні Әлімқұл ата бар, әжем бар шай үстінде атамнан баяғы апасының қайда тұратынын білгісі келіп, жөнін сұрайды ғой. Сонда атам: «Е, олар бір тілеуі дұрыс адамдар екен. Ұлдары мәтесекілмен әкеп тастап «Кешке келем» деп кеткен ғой. Мен барғанда тұздың жағасында екеуден екеу шошайып отыр екен. «Жүріңіздер» деп үйге шақырғанымда келісе кеткеніне қуандым ғой. Әйтпесе, тұзға келген қай кемпірдің ата-тегін, тұрағын сұрап жүрем. Жасы үлкен болған соң менің апам емей кім? Қайда тұратынын қайдан білейін. Егер мен көрмей қалып, әлгі кісілер дауылдың астында қалса не болар еді. Бізді тауып келе алар ма еді? Көрдіңдер ғой, әйтеуір тілеуі дұрыс адамдар. Құдай айдап кездестірді, сауап үшін күтіп жібердік. Оның несін сұрайсыңдар?» деп кеңк-кеңк күледі дейді.

Атамыз жарықтық жапан даладан сөйтіп «апа» тауып жүретін, қонақ десе есі кете қуанатын осындай кісі болыпты ғой…

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

elanasy.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған