Ата-енеге сәлем салу міндет па?

Сәлеметсіз бе! Ата-енеге таңертен иіліп сәлем салу міндет па? 

Сәлеметсіз бе! Келіннің сәлем салуы қазақтың тәлім-тәрбиесінен туындаған дүние. Ата-енеге деген құрметтілікті білдіреді. Шариғат міндеттемегенімен, оған қайшы емес. Пайғамбарымыз: «Шынында мен әдептің көркемдігін толықтыру үшін жіберілдім»[1], – деген. Сондықтан да, жергілікті түсінікте әлгіндей әрекет әдептіліктің, сый-құрметтің нышаны ретінде қаралатындықтан, әрі, шариғатқа да теріс келер тұсы болмағандықтан сәлем салудың еш күнәсі жоқ. Тіпті, әдептілікті толықтырушы рөлі бар, әрі үлкенге деген құрметтің көрінісі болғандықтан, ол әрекетіңізге сауап та жазылады деген ойдамын.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ене мен келін арасында түсініспеушіліктер мен ұрыс-жанжалдар жиі туындап жатады. Ондай нәрсе көбінесе арадағы сый-құрметтің жоқтығынан пайда болады. Ал, аталмыш үрдістер ата-ене мен келін арасында құрмет пен кішіпейілдікті тудыратын факторлар. Егер, келін ата-енесінің алдында орамал тағып,  жылы шыраймен таңертен иіліп, сәлем салып тұратын болса,  ата-ененің де көңілі жабырқап, батасын жаудырып, риза болып жатады. Оны қызындай көріп, оған деген сүйіспеншіліктері арта түседі. Ондай келін жарына да сыйлы.

Ендеше, дінде жоқ екен деп, қазақи салт-дәстүрде қалыптасқан дінге қайшы тарапы жоқ, әрі, тәлім-тәрбиелік мәні бар үрдістерді шетке ысырып қоймай, керісінше, пайдаға асыру керек.

Осыған орай, айта кетелік: аздап иіліп сәлем салу – Исламға кереғар келмейді. Кітаптарда келтірілген мәліметтерге қарағанда, Әзіреті Омар Сирия өңіріне барғанда жергілікті өзге дін өкілдері оған иіліп сәлем берген екен. Ардақты сахаба олардың әлгіндей сәлем беруінен тыймаған. Осы дерекке сүйеніп: «кеудесін аздап иіп сәлемдесу харам емес» дейтін ғұламалар өткен тарихта[2].

Алла баршамызға жар болсын!

[1] Әл-Бухари: Әдәбуль Муфрад.
[2] Әл-мақдиси: әл-Әдәбуш Шәрғия.

Абдусамат Қасым

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған