Ата-енесімен тұрғысы келмейтін келіндер қара шаңырақтан неге қашады?

Қыздар көбіне болашақ отбасылық өмірін елестеткенде алдына жан салмайды. Өйткені бәрі де бақытты өмірді, керемет тұрмысты қалайды. Бірақ әйел адамның қалауы ешқашан шегіне жетпейді. Бүгінгі таңда қыздардың көп бөлігі әкесі мен шешесінің қолында қалатын ұлға тұрмысқа шығудан бас тартып жатады. Жалғыз себеп – қара шаңырақтың келіні болғысы келмейді. Ата-енесімен тұрғысы келмейтін қыздардың ойынша, мұның қандай жаман жақтары бар екен?

«Өзіңмен-өзің бола алмайсың». Заман өткен сайын адамдар еркіндік пен тәуелсіздікті қалайды. Ұйықтаймын десем де, қыдырамын десем де өзім білсем, ол үшін күйеуімнен өзге адамға есеп бермесем деп армандайды. Олардың ойынша, ата-енемен бірге тұрудың жауапкершілігі көп. Оған әр қадамың мен іс-әркетіңді айтып отыруың керек деп біледі.

«Ортақ тіл табу қиын». Ене мен келін дауы ежелден бар. Бір үйде екі әйел болған соң, сол үйдің тұрмыстық мәселесі екеуін де толғандырады. Келіні келмей жатып барлық іске жауапты болып жүрген ене келіні келген соң оның ісіне сын айтып жатады. Ойындағысы болмай жатқан соң білек сыбана өзі кіріседі. Ас үйде «өзім де білемін ғой, неге араласа береді» деп бұртиып келін жүреді.

«Баласын жөнсіз қызғанады». Көбіне тұңғыш немесе кенже ұлын үйлендірген аналар оларды өз келінінен қызғанып жатады. Анасына көрсетпеген мейірімін әйеліне көрсетіп жатса, іштей қызғанады. Кейде оны сыртына шығарып жатады. Есейген анасы бала кезіндегідей анасының етегіне жармасып, құшағында отырудан енді ұялады емес пе? «Өзі сүйіп қосылған балаларының анасына махаббатын білдіріп, құрмет көрсетіп жатса, оның несі айып?» деп шамданады келіндер қауымы.

«Немерелердің ортасына түсе береді». Бала тәрбиесінде ата-әже мен әке-шешенің маңызы зор. Бірақ екі жақ екі түрлі тәрбие үйретсе, бала қайсысына бойын үйретерін білмей шатасып жатады. Әке-шешесі қабақпен тәрбиелеп отырған баланы ата-әжесі еркіне жіберіп, шектен тыс еркелетіп жібереді. Баланың қорғаны болып, анасы тәрбиелеп жатқанда жөнсіз орталарына түседі. Мұның бала тәрбиесіне кері әсері барын білетін келіндер ата-енесімен тұрудан мүлде бас тартады.

«Төркінге жібермейді». Кейбір қыздар төркініне бару үшін енесімен келісімге келе алмай қиналып жатады. Өйткені енелердің қатарында келінін төркініне баруына қатаң түрде тыйым салатындары да бар. Сондықтан қыздардың ойынша, енесімен бірге тұратын келіндер төркініне жылдап баратындай көрінеді.

«Табысыңа ортақтасады». Бәрі бір отбасы болған соң қажеттіліктерді бірге өтеп, керек дүниелерді бірге сатып алғанды жөн көреді. Ата-енесімен тұратын жастардың көбі табыстарының ортақ болғанын қаламайды. Мұндайда жұмыссыз отырған немесе зейетақысы аз ата-енелер сүйкімсіз көрінеді. Ал, қыздар, сіздер болашақ жарыңыздың әке-шешесімен бірге тұратын ұл болғанын қалайсыздар ба? Осындай жағдайлардан қалай шығар едіңіздер? Ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтін бойжеткендерге қандай кеңес айтасыздар? Көзқарас сайтында жарияланды.

Дереккөз: Массагет сайты

Сурет: Нұр.кз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған