Атырауда атқарылған және атқарылатын істер

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың Атырау облысының 2016 жылғы әлеуметтікэкономикалық дамуы туралы есебі 2 000 орынға арналған «Жайық» спорт кешенінде өтті.

Баяндамашы 2016 жылы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында айтарлықтай жұмыстардың жүзеге асырылғанын, соның ішінде «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» бойынша жалпы құны 2,8 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаның іске қосылғанын айтты. Ауыл шаруашылығында жақсы өркендеу жүруде. Соңғы үш жылда жалпы құны 18,3 млрд. теңге болатын 17 ауыл шаруашылығы жобасы жүзеге асырылуда. Оларда 643 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 32 жылыжай облыс тұрғындарын маусымдық уақыттарда көкөніс өнімдерімен қамтиды. Облыс және аудан орталықтарында жергілікті өнімдерді арзан бағалармен сататын 316 жәрмеңке өткізілді.

Жеке кәсіпкерлікті дамытуға зор мән берілуде. 2017 жылдың 1 қаңтары есебімен облыста 44 217 субъект жұмыс жасауда. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,5 млрд. теңгеден астам қаржы игерілген. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ұлттық қор есебінен үш траншпен екінші деңгейдегі банктер арқылы 8,4 млрд. теңгеге 53 жоба қаржыландырылып, 200-ден аса жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік туды. Атырау облысы инвестиция тартуда республиканың жалпы көлемінде 26,4 пайызға ие. Құрылыс жұмыстары бойынша 2016 жылы жұмсалған қаржы көлемі 573,6 млрд. теңгеге жетіп, 558,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда облыс тұрғындары көгілдір отынмен 96,6 пайызға қамтылған. Ендігі мәселе қалған елді мекендерді газдандыру. Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандарының алыстағы шағын елді мекендеріне газ жеткізу үшін жобалау сметалық құжаттамалар дайын тұр. Ауызсудың жағдайы «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде шешілуде. Биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасы 9 нысанды іске қосу жобасымен жалғастырылады.

2

Ал енді көлік инфрақұрылымында жұмыс көлемі баршылық. Аймақ бойынша облыстық және аудандық маңыздағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 2 061,6 шақырым. Өткен жылы 167,5 шақырым жол жөнделді. Облыстық маңыздағы Индер — Қарабау — Миялы — Сағыз автокөлік жолының Қарабау — Миялы аралығын жаңғырту жүргізілуде. Махамбет ауданының Махамбет селосындағы Жайық өзені арқылы өтетін ұзындығы 660 метр көпірі, бұйыртса, биыл пайдалануға тапсырылмақ. Махамбет ауданының Махамбет ауылындағы ауылішілік жол, Индер ауданының 4 ауылындағы (Индербор, Құрылыс, Жарсуат, Бөдене) кірме және ауылішілік жолдар, Мақат ауданының Доссор кентіндегі кентішілік жол, Құрманғазы ауданының Жұмекен ауылындағы, Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылындағы кірме жолдарды күрделі жөндеу аяқталды. Елді мекендердің жолын күрделі жөндеу биыл да жалғаса береді, — деді облыс басшысы. 2016 жылы Атырау облысында 18 102 жұмыс орны құрылған, оның 11 500-і тұрақты қызметтер. Бұл жылдағы орташа айлық еңбекақы 267 340 теңге болды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды көрсетуде.

Денсаулық сақтау саласында жағдайлар жасалып, біршама ілгерілеушілік болғанымен, артқа тартқан жәйттердің бар екендігін өңір басшысы жасырмады. Соның бірі ана мен бала өліміне қатысты мәселелерге маңызбен қарау керектігін айтып өтті. Сондай-ақ білім беру, мәдениет, спорт тақырыптарында, қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта жаңғырту, жастар саясаты, діни ахуал, құқық қорғау саласы бойынша да біршама жұмыстарды саралады.

Облыс әкімінің есеп беру жиналысына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов және ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

Светлана Муньянова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған