Атырау облысында “7-20-25” мемлекеттік бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй алуға 89 өтініш мақұлданды

“7-20-25” мемлекеттік ипотекалық тұрғын үй несие бағдарламасы бойынша жергілікті тұрғындардан 131 өтінім қабылданды.
12 қараша күні Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Өңір басшысы “Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылдың 9 айындағы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары” тақырыбында сөз сөйледі.
– “7-20-25” ипотекалық тұрғын үй несиелеудің мемлекеттік бағдарламасы халықтың қалың жігі үшін тұрғын үй сатып алуға жаңа мүмкіндіктер береді. Қазіргі таңда 1553 млн. теңгеге 131 өтінім қабылданды. 1084 млн. теңгеге 89 өтінім мақұлданды. 62 өтініш беруші тұрғын үй сатып алуға 783 млн.теңге көлемінде қаражат алды, – деді Атырау облысының әкімі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырау облысында тұрғын үй секторын дамыту үшін 3892 пәтерлік 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 2164 пәтерлік 34 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, пәтерлері “7-20-25” және “Нұрлы жер”ипотекалық несиелеу бағдарламалары бойынша сатылатын 19 коммерциялық көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы қатар жүргізілуде. 2019 жылы 4368 пәтерлік 50 тұрғын үй салу жоспарлануда.
Өңірде тұрғын үй құрылысымен қатар жол инфрақұрылымын құру белсенді қарқынмен жүріп жатыр. Атап айтқанда, “Нұрлы жол” инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде автомобиль жолдарын дамыту 432 шақырым автожол құрылысын салуды көздейді.
– Жұмыс екі бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – ұзындығы 155 шақырым Атырау-Ақтөбе трассасы. Бүгінгі күні ұзындығы 10 шақырым учаскеде жұмыстар аяқталды, ұзындығы 17 шақырым учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 128 шақырым жолдың құрылысы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Екінші бағыт-жалпы ұзындығы 277 шақырымдық Атырау-Астрахан трассасы. Бұл жерде 60 шақырым жолдың құрылысы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. 217 шақырым республикалық маңызы бар автотрассаның құрылысын қаржыландыру Азия банкімен жоспарлануда. Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына жолдауында өңірлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атырау облысында 260 шақырым автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде, ол 317 көшені қамтиды. Оның 60 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар 18 елді мекенде 48 көшеде салынуда, – деп нақтылады өңір басшысы.
Атырауда бұл жұмыстар қала маңындағы алты елді мекенде жүргізілуде, мұнда облыс орталығының 268 көшесін қамтитын 200 шақырым жол төсемін салу жоспарлануда.

Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған