Аузында өнегесі жоқ қарияны несіне төрге шығарып, құрмет көрсетеміз?

Жасы елуді еңсерген көршім әкесіне деген ренішін маған келіп жеткізді. «Осы папам-ақ мені әбден шаршатты. Биыл жетпістің жетеуіне келді. Аузында әлі баяғы жастықтың әңгімесі. Жиналған жерде ақсақал деп төрге отырғызса, қария болып өнегелі сөз айтудың орнына анекдотты бірінен кейін бірін соғып, өз қадірін өзі қашырып отырғаны. Қарт кісінің ыржаң-ыржаң, қарқ-қарқ күлкісі қандай жарасымсыз! Үйде болса, теледидарға тесіліп отырады. Көретіні кілең сериал. Қыдырыстай қалса, суретке түсуге құмар-ақ. Осы қылықтарын өзіне айтсам, жатып кеп шамданады. Ау, сонда бұл кісі қашан үлкейеді? Ұлына, немересіне жөн-жосық үйретер ақсақал бізден ескерту алып жүр. Мен кішкентайымда атамның тәрбиесінде болған баламын ғой. Шіркін, атам марқұм қандай еді?!» — деп, көршім менің де ақсақалдарды аңсаған сағынышымның қоламтасын көсеп- көсеп жібергені.
Иә, көршімнің айтқаны әңгіменің бер жағы ғой. Ғайбат айтып неғылайық, қарияға лайық қылығы жоқ кісілерді өзіміз де жиі көріп жүрміз. Көршім секілді, мен де атамның бауырында болған ұлмын. Көшелі ақсақалдардың ортасында өстік. Сондықтан шығар, осы күні сол ақсақалдарды жиі аңсайтын болдық. Ақсақалдарым-ақ еді ғой біздің ауыл қарттары. Нағыз қазақтың соңғы сарқыншақтары. Аштық көрген, айдау көрген, соғыс көрген. Сонда да кеуделері басылмай, қазақы болмыс-бітімін өле-өлгенше жоғалтпай өтті. Елі бодандықта, жері талауда кетіп, қалың орыстың қыспағында қалды. Бірақ, қолдарынан келгенше дінсіздікке деген ішкі қарсылықтарын үнсіз жасай берді. Бес уақыт намаздарын үзбеді. Жыл айналып келетін құрбан айтта құрбандықтарын шалып, оразаларын тұтты. Ораза тұтып, шілденің шіліңгір ыстығында қолшалғымен шөп шауып жүретіні есімде. Түнделетіп тарауық намазын оқитын. Жаздың қысқа түнінде термостың шәйін ішіп, тәтті құймақ жеу үшін атаммен бірге сәресіде ұйқылы-ояу ауыз бекітіп отырған шақтарды қалай ұмытармын.
Қариялар кәстөм-шалбардың өзіне осқыра қарады. Үстерінен қазақы шапан, бөрік-тымақтарын, кебіс-мәсілерін тастамады. Қайратты шағында ұрпағының жат қылығын ақырып тыя білді. Әлі есімде, атам үйге арақ-шарап кіргізу былай тұрсын, «колбаса», тұздалған қиярды «орыстың қаңсығы» деп, дастарқанға жолаттырмайтын.

   
Жетпісінші жылдардың ортасында қарттардың қатары әлі қалың еді ғой. Содан шығар бәлкім, бала шағымда маған намаз оқымайтын, сақал-мұрт қоймайтын қария болмайтын сияқты көрінетін. Ал сол ақсақалдардың жиналған жерде бір-біріне көрсеткен құрметтерін, тереңнен тартып айтар әңгімелерін, бала көрсе айналып-толғана қалар мейірімділігін сөз етсем, тым ұзаққа кетер түрім бар.
Көршімнің «әкем суретке түсуге құмар» дегенінен шығады ғой, атам қатарлы ақсақалдардың көпшілігі, ілуде бір болмаса, суретке түсуді де жақтырмайтын. Ал суретке түспесе, ол кезеңде «паспорт» мүлде берілмейді. Сонда ол кісілер: «Қартайған бізге сол «пашпырттың» керегі бар ма? Алланың есебінде барымыз анық. Сәбеттің санағына кірмей-ақ қойдық», — деп қасарысып, ақыры сол жаңа құжатты алмай қойып еді. Ал
қазіргі шалдардың қылығы анау…

Төлеген Жәкітайұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған